5-ке толдық! | Factcheck.kz сайтында көп оқылған 10 материал

Бүгін, 11 мамырда Орталық Азиядағы тұңғыш фактчекиң ресурсы — Factcheck.kz сайты іске қосылғанға 5 жыл болды. Фейк, манипуляция және пропагандамен күресіп келе жатқан сайт осы уақыт аралығында жүздеген жалған деректі әшкереледі. Осы тұста сайтымызда ең көп оқылған материалдарға шолу жасауды жөн көрдік.

2017 жылдан бері аудиториямыз күн сайын артып келеді: 2019 жылы 4 есеге, ал әлемді пандемия жаулап, Covid-19-ға қатысты фейк әрі қастандық теориясы көбейген тұста 20 есеге көбейді.

Коронавирус пандемиясы кезінде сайтымыздың жалған ақпаратпен күресте бірден бір таптырмас ресурс екені байқалды. Себебі инфодемия сәт сайын еселеніп жатқан еді.

Ендеше көп оқылған материалдарды көрсетпес бұрын сайт аудиториясы тек Қазақстанмен шектелмейтінін, яғни, өзге елдерде де тұрақты аудиториясы бар екенін айтқымыз келеді.

10. Украина деген ел жоқ па? Жауап береміз

Ресей Украинаға соғыс ашқан тұста әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Украина мемлекеті «1991 жылдан бері шекараны тіркеуге өтініш бермегендіктен» бұл ел жоқ деген ақпарат кеңінен тараған. Бұл туралы 2014 жылы БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мун айтыпты-мыс. Хабарлама мәтінінің авторы Украина аумағы Ресейге тиесілі деген қорытындыға келеді. Біз бұл туралы толығырақ жаздық.

9. 42500 теңге үшінші рет берілетіні рас па?

Төтенше жағдай кезінде табысынан айырылған азаматтарға арналған мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін қаржылай көмек үшінші рет беріледі деген фейк ақпаратқа сенгендер аз емес. Пандемия өршіп тұрған тұста 42500 үшінші рет берілмейтіні жайлы толыққанды жазғанбыз.

8. Амбулаториялық жағдайда Covid-19 табылған науқастарды емдеу туралы хаттама

2020 жылы әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде «амбулаториялық жағдайда Covid-19 табылған науқастарды емдеу туралы хаттама» тараған. Мұны Мәскеу облысының дәрігерлері алыпты-мыс. Сол кезде құжаттың фейк екенін нақты көрсеттік.

7. Коронавирусты содамен «емдеу»: профессор Юдин таратқан фейк

Тағы да 2020 жыл, тағы да WhatsApp желісі мен медиада фейк. Бұл жолы «медицина ғылымдарының докторы, трансплантология профессоры, КСРО-ның еңбек сіңірген өнертапқышы» Геннадий Юдин мәлімдемесі тараған. Ол «Коронавирусты бастапқы кезінде, жоғары температура арқылы (+ 60 °, + 80 °, + 90 °) мұрын қуысында жоятынын» ойлап тапқанын айтқан. Юдин мәлімдемесі фейк екенін, әрі қалай дәлелдегеніміз туралы мына сілтемеге өтіп, оқуға болады.

6. Коронавирусты аспиринмен емдейтіні рас па?

Пандемия кезінде әлеуметтік желі мен медиада Италияда коронавирусқа қарсы вакцина табылғаны туралы ақпарат тараған. Хабарламада коронавирустың пневмонияға емес, тромбозға себеп болатыны айтылып, оны антибиотик пен аспирин арқылы емделетіні жазылған. Factcheck.kz хабарламаның ақ-қарасын ажыратты.

5. Профессор Воробьев және «Спутник V» туралы жалған ақпарат

Былтыр әлеуметтік желіде және мессенджерлерде ресейлік ғалым, профессор Павел Воробьев «Спутник V» вакцинасының тиімділігін сынаған видео жиі тараған. Оның айтуынша, вакцина ауруды төмендетпейді. Біз профессор мәлімдемесінің ақ-қарасын ажыраттық.

4. Жак Аттали әлемде тәртіп орнату үшін пандемия қажет екенін айтты ма?

Былтыр әлеуметтік желіде Франция президентінің бұрынғы кеңесшісі Жак Атталидің атынан тағы бір бірнеше мәлімдеме тарады. Желіде тараған ақпаратқа сай, Аттали “Әлемде жаңа тәртіп орнату үшін бізге үлкен пандемия қажет” екенін айтқан-мыс. Factcheck.kz бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын дәлелдеді.

3. COVID-19-ға қарсы вакцина | Нобель лауреаты неден қателесті?

Былтыр француз вирусологы, Нобель сыйлығы лауреаты Люк Монтанье сұхбатында COVID-19-ға қарсы вакцинация үлкен қате екенін айтқан видео әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тараған. Монтанье 2 минуттан астам уақытқа созылатын роликте вакцинацияға қарсы қызық дәлелдер келтіреді, оны вакцинаға қарсы қауымдастықтар мен коронавирус туралы қастандық теориясы жақтаушылары іліп әкетті. Ең көп оқылған материалдардың бірін мына сілтемеге өтіп, оқи аласыз.

2. Ақпараттық сандырақ | «Коронавирус 2020» операциясы, адренохром және педофил-сатанистер

Әлемде ресми түрде пандемия жарияланған соң коронавирусқа сенбейтіндер, оның қолдан жасалғанын дәлелдеуге тырысып, қастандық теориясына сенушілер көбейді. Сол кезде көпшіліктің сұрауымен «педофилдердің голливудтық сектасы», коронавирус және адренохромға байланысты қастандық теориясын талдадық. Сонымен қатар, Билл Гейтске қатысты тараған жазбаның ақ-қарасын ажыраттық.

1. Дәрігер Редько Спутник V және вакцина егуге қатысты қандай ақпаратты бұрмалады?

Factcheck.kz редакциясы ресейлік профессор Александр Редьконың мәлімдемелерін бірнеше рет тексерген. Бірақ солардың арасынан вакцина егуге қатысты айтқан мәлімдемесі сайт тарихында ең көп оқылым жинаған материал болды. Оның айтуынша, адам вакцина салдырған соң инфекция тасымалдаушысы болады-мыс. Сондықтан, ол міндетті түрде маска киюі тиіс. Factcheck.kz професор мәлімдемесі жалған әрі манипуляция екенін толыққанды жазды.

Қадірлі оқырмандар!
5 жыл бойы бізді оқып, ақпаратымызбен бөлісіп, басымызға күн туғанда бізді қолдап, жақтағандарыңыз үшін рахмет! Біз сіздермен мақтанамыз, Сіздер бізбен мақтанарлықтай еңбек етуге тырысамыз! Бәріміз жалған ақпаратқа, фейкке, манипуляцияға, қастандық теориясына қарсы тұрайық!

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz