COVID-19-ға қарсы вакцина | Нобель лауреаты неден қателесті?

Француз вирусологы, Нобель сыйлығы лауреаты Люк Монтанье сұхбатында COVID-19-ға қарсы вакцинация үлкен қате екенін айтқан видео әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таралып жатыр.


Монтанье 2 минуттан астам уақытқа созылатын роликте вакцинацияға қарсы қызық дәлелдер келтіреді, оны вакцинаға қарсы қауымдастықтар мен коронавирус туралы қастандық теориясы жақтаушылары іліп әкетті.

Видео желіде, әсіресе Telegram мессенджерінде кеңінен таралды. Мысалы, оны ресейлік киноактриса және тележүргізуші Мария Шукшина өзінің мыңдаған жазылушысына бөлісті. Ол пандемия кезінде бірнеше рет дезинформация таратып, дезинформацияны таратуға көмектесті. Бұрын бұл видео бірнеше француз, ағылшын және орыс тілдеріндегі Telegram-каналдарда жарияланған (мысалы: мына жерде, мұнда, осы жерде, мына жерде).

COVID-19-ға қарсы вакцина | Нобель лауреаты неден қателесті?
Шукшинаның Telegram-каналындағы посттың скриншоты

Нобель сыйлығы лауреаты, адамның иммун тапшылығы вирусын (АИТВ) тапқан ғалымдардың бірінің вакцинаның қауіпті екенін мәлімдеуі – ақпарат таратушылар пікірінше, вакцинацияның шынымен де қауіпті екенінің дәлелі.

Factcheck.kz қорытынды жасауға асықпауды және Люк Монтанье мәлімдемесін және мәлімдемелер жасалған контекстті тексеруді оқуды ұсынады.

Толығырақ

Тексеруге көшпес бұрын, видеоға тіркелген мәтіннің видеоның өзіне онша қатысы жоқ екенін ескертеміз. Интернеттен тапқан сұхбаттың ұзағырақ нұсқасында да Монтанье вакцинаны алған адам «2 жыл ішінде өледі» және олардың «денесін кремациялауға» дайын болу керек деп айтпайды. Бұл қосымша мәтін адамдар бір-біріне жібергенде пайда болған және ол қастандық теоретигі Долорес Кэхилл мәлімдемесіне сүйенеді. Осының өзі бүкіл ақпаратты манипулятив етеді. Дегенмен таралған видеода біз талдайтын басқа да қызық мәлімдемелер бар.

Мәлімдеме: Вакцина «қытай вирусына» қарсы антиденелер жасағанда, вирус не істейді? Ол өле ме, әлде жаңа шешім таба ма? Вирустың жаңа нұсқалары – вакцинация өнімі және нәтижесі.

Л.Монтанье

Үкім: Жалған және манипуляция

Жалғаны мынау: вирустың жаңа нұсқалары вакциналар мен вакцинация басталғанға дейін де пайда болды. Әңгіме бұқаралық ақпарат құралдарында жиі жазылатын «сенсациялық» нұсқалар туралы ғана емес. Вирустар үнемі мутацияға ұшырайтынын және SARS-CoV-2-нің біз білмейтін көптеген нұсқасы бар екенін ұмытпаған жөн, өйткені мутация тұрғысынан олар алаңдаушылық тудырмайды.

Мұны түсіну үшін коронавирус мутациясын көрсететін мына филогенетикалық ағашты қарауға болады. Деректер туралы көбірек ақпарат алу үшін сілтемені басыңыз.

COVID-19-ға қарсы вакцина | Нобель лауреаты неден қателесті?
Дереккөз: gisaid.org

Бұған дейін біз биолог және ғылымды насихаттаушы Әсел Мұсабекова коронавирус мутациясын қалай бақылау керек екенін түсіндірген шағын инфографика жариялаған едік.

Манипуляциясы мынау: вирустар үнемі мутацияға ұшырайды. Вакцинация жаңа нұсқалар жасамайды, нұсқалар параллель пайда болады. Сонымен қатар, ғалымдар вакцинация мутацияға жанама әсер ететінін айтады: иммундау жаңа мутациялардың таралуы мен пайда болуын шектейді, бірақ вирусқа іріктеу жағынан қысым көрсетіп, ең мықты варианттарға орын қалдырады. Бұл екі қарама-қарсы күш ескерілуі керек.

Париждегі Сорбонна университеті вирусология профессоры Винсент Маршал La Chaîne Info уеб-сайтына берген комментариінде халық иммундауды бастаған кезде вирустың ең қолайлы нұсқалары міндетті түрде ең жылдам таралатындар емес, иммун жауабынан аулақ бола алатындар екенін айтты.

Профессор бұл нұсқалар иммун жауабынан қашып кетсе де, олар вакцинация нәтижесінде пайда болмайтынын айтып өтті. Олардың дамуына кедергі келтіретін және оған қарсы бейімделетін иммунитет, әрине вакцинация нәтижесі болуы мүмкін, бірақ бұл табиғи жолмен, адамда инфекциядан кейін антиденелер пайда болған кезде де болуы мүмкін.

COVID-19 комиссиясының Бельгиядағы өкілі Ив Ван Латэн RTBF сайтына берген сұхбатында «вирустың вакцинациясыз және басқа шектеулерсіз қарқынды дамуы әлемнің кейбір бөлігінде болатыны сияқты, вирустың кездейсоқ мутациялануына мүмкіндік беред». Мұның шешімі – вакциналар арқылы кездейсоқ мутацияларды шектеу.

Ван Латэеннің айтуынша, мутацияға ұшырап, иммун жауабынан құтылып кетіп, «машинаны қайта қосу» қаупін тудыратын «кішкентай данышпандар» қалып қояды деген қорытындыға келеміз. Бірақ бұл вакцинация әсерімен (оң әсерімен – Ред.) салыстырғанда көп емес.

«Болашақта вакцинация немесе табиғи инфекциядан туындаған иммунитетке қарсы тұратын нұсқалар болатын-болмайтынын білмейміз, бірақ сол себепті де біз осы вирустың көбеюі мен бақылаусыз таралуынан аулақ болуымыз керек»,дейді Лувен католик университетінің иммунологы Софи Лукас.

Мәлімдеме: Вакцинация толқыны өлім толқынымен қатар жүреді. Сіз мұны әр елден көріп жатырсыз.

Л.Монтанье

Үкім: Жалған

Мәлімдемеде ешқандай дерек айтылмайды. Керісінше, вакцинация науқаны белсенді жүргізіліп жатқан көптеген елде COVID-19 инфекциясы мен өлім саны едәуір төмендеді.

Төменде вакцинация толқыны «әр елде» өлім толқынымен қатар жүрмейтінін көрсететін мысалдарды қараңыз (датаға назар аударыңыз).

Вакцинация өлім толқынымен қатар жүреді деген тұжырымның көптеген жақтаушысы Үндістанды мысалға алады. Дегенмен бұлай етудің дұрыс емес екенінің бірнеше себебі бар. Иммундау жүретін көптеген елдің бірінде жаңа толқынның болуы вакцинацияға байланысты дегенді білдірмейді, әйтпесе өлім-жітім басқа елдерде де өсіп кетер еді. Жоғарыда айтылғандай, деректер мұны растамайды.

Сонымен қатар, коронавирустың екінші толқыны басталған кезде Үндістанда толық вакцинацияланған (яғни екі доза алғандар) азаматтар саны жалпы халықтың 1%-тен азына тең болды. Осы уақытқа дейін Үндістанда екі дозаны халықтың шамамен 3%-і алды. Сонымен, корреляция міндетті түрде себепті байланысты білдірмейді. Вакцинация науқаны Үндістандағы екінші толқын басталғанға сәйкестеу келді, бірақ бұл ол жағдайдың тікелей себебі болды дегенді білдірмейді.

Мәлімдеме: Пандемия кезінде вакцина алу басқа сыймайды. Вакцина өндіретін антиденелер инфекцияны күшейтуге мүмкіндік береді. Мұны «антиденеге тәуелдікті күшейту» деп атаймыз.

Л.Монтанье

Үкім: Манипуляция

Антиденеге тәуелдікті күшейту – бұл шын құбылыс. Дегенмен бұл өте сирек кездеседі. COVID-19 жағдайында аурудың өзі немесе оған қарсы вакциналар антиденеге тәуелдікті күшейтуді тудыру жағдайы сирек кездеседі. Бүкіл әлемде 400 миллионға жуық адам вакцинацияланғанына қарамастан, жануарлар мен адамдарға жасалатын клиникалық сынақтар және әртүрлі елдегі бірнеше айлық вакцина антиденеге тәуелдікті күшейту жағдайларын әлі көрсеткен жоқ.

Люк Монтаньеге не болды?

Factcheck.kz редакциясы медицина немесе ғылыми қоғамдастық өкілі вакцина мен коронавирус туралы жалған ақпарат таратқанын бірінші рет көріп отырған жоқ. Соған қарамастан, біз вирусологияға тікелей қатысы бар Монтанье сынды ғалымның вакцинаға қарсылығын көріп таңғалдық.

Дегенмен Брюссельдегі еркін университеті биологы және иммунологы Эрик Мюрайль бұдан таңғаларлық ештеңе байқамаған: «Көпшілік Нобель сыйлығы тек көрнекті жұмысы үшін беделді сыйлық екенін түсінуі керек. Бұл марапат иегері абсолют шындықтың қайнар көзі дегенді білдірмейді. Ғылымда шындық авторлар мен үлкен сандар арқылы емес, ұтымдылық арқылы, теорияның бұрыннан белгілі нәрселермен сәйкестігімен және әсіресе эмпирикалық мәліметтер, тексерілетін бақылаулардың теорияға сай келуімен өлшенеді. Монтанье мәлімдемесін ешнәрсе қолдамайды».

Монтанье өмірбаянын толығырақ зерттесек, әйгілі ғалым біраздан бері жалған ғылыми тұжырымдамаларға қызығып жүргені белгілі болады. Солардың ішінде ол «су жады» гомеопатиялық идеясын қолдады, тамақтану және тағамдық қоспалар АИТВ-мен күресе алатынын мәлімдеді; ауру қоздырғыштарының ДНҚ тізбегі ауруларды диагностикалауда қолдануға болатын электромагнит толқындарды шығарады деді; және аутизмді бактериялар тудырады және оларды антибиотиктермен емдеу керек деді. Осы пікірлерге толығырақ шолу мен сынды ғалым және ғылымды насихаттаушы Дэвид Горски блогынан оқуға болады.

2020 жылдың сәуірінде Монтанье коронавирустың зертханада жасалғанын мәлімдеді. Еске салайық, біз осыған ұқсас мәлімдемелерді басқа ақпарат көздерінен бірнеше рет тексердік (мына жерде, мұнда және осы жерде).

Контекст: оқуға ұсынамыз

Бақытымызға орай, Нобель сыйлығы лауреаттарының бәрі бірдей зейнетке шыққаннан кейін күмәнді идеяларды қолдаушыларға айнала бермейді. Мысалы, Әсел Мұсабекова Франциядан шыққан тағы бір Нобель сыйлығы лауреаты, иммунолог Жюль Хоффманмен сұхбаттасты, ол COVID-19-ға қарсы вакцинацияны толық қолдады.

Factcheck.kz