Алматыда белсенділердің үстінен қылмыстық іс қозғалды

Алматыда және Алматы облысында 12 белсендінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Азаттық Радиосы хабарлады.

Басылымның ақпараты бойынша, белсенділердің үстінен “Қылмысқа дайындалу және оқталу”, “Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру” баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған. Кейбірінің үйін тінтіген.  

Құқық қорғаушы Ринат Рафкаттың айтуынша, Айдар Мүбараков, Нұрлан Темірғалиев, Фазылжан Сыдықов, Жанат Қазақбай, Нұргүл Жексембиева, Ақмарал Шатемірқызы, Галина Аккузова, Жеңіс Мақсұтов, Рақыш Тоқманбетов, Азат Төлеухан, Ерболат Әубәкіров, Нұрлан Жаулыбай ұсталған.

Қазір оның төртеуі – Айдар Мүбараков, Фазылжан Сыдықов, Жанат Қазақбай, Нұрлан Темірғалиев қазір қамауда отыр. Қалғанын босатқан, бірақ ешқайда кетпейтіні туралы қолхат жаздырып алған.

Ұсталған белсенділер өздеріне тағылған айыппен келіспейтінін айтып отыр.

Азаттықтың мәліметі бойынша, қоғам белсендісі Рысбек Сәрсенбай белсенділер үстінен қозғалған істі Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша 6 қазанда өткелі отырған референдуммен байланыстырады.

Еске сала кетсек, бұған дейін Алматыда және Алматы облысында белсенділердің ұсталғанын хабарлап жазған едік.

Factcheck.kz