Күн ысып, температура көтерілгелі бері әлеуметтік желілерде “жұмыс орны ыстық болса жұмыс беруші айыппұл төлейді” деген сарында ақпарат көбейіп кетті (1,2,3,4). Тақырып Қазақстанға қатысы бар сияқты болғанымен мәтінде Жапонияда екені жазылған. Ақпаратқа қарасақ арнайы заң 2024 жылы қабылданған екен. Оқырманның сұрауы бойынша Factcheck.kz аталған деректі тексеріп көрді.

Үкім: Шындық
Жапония Денсаулық сақтау, еңбек және әл-ауқат министрлігі 2025 жылы 15 сәуірде жұмыс орындарындағы ауа температурасына байланысты №57 бұйрықты жариялады. Бұйрыққа сәйкес, жұмыс берушілер күннің ыстығына байланысты төтенше жағдайлар кезінде қызметкерлерін қорғауда сақтық шараларын қолдану керек. Компаниялар енді күннің ыстығына байланысты зардап шеккен не ықтималдығы басым қызметкерлерді анықтап, оларға алғақшы көмек көрсетуі және қажет болған жағдайда ауруханаға апаруы міндетті. Бұйрық 2025 жылдың 1 маусымынан бастап күшіне енді.
Бұндай өткір шешімдерге не түрткі болды?
Бұндай шешімге түрткі болған негізгі мәселе – 2024 жылы жұмыс орындарда күн қатты ысығанның кесірінен 30 өлім мен 1200-ге жуық жарақат тіркелген. Зардап шеккендердің көбі құрылыста және өндірістік орындарда болған. Осыдан кейін Денсаулық сақтау, еңбек және әл-ауқат министрлігі қызметкерлердің өміріне алаңдаушылық білдіріп, бұйрық шығарды. 2025 жылдың 1 маусымынан бастап жұмыс беруші компаниялар мына негізгі шарттарды орындау керек:
- Күннің ыстығына байланысты жұмыс барысында қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
- Күннің ыстығына байланысты зардап шеккен жұмысшыларды анықтауда арнайы мамандардың болуы және алғашқы көмек көрсетуі керек;
- Зардап шеккен адам тіркелген жағдайда дереу жұмыс орнын босатуы әрі дәрігерге қаралуы керек;
- Жұмыс орындарында шұғыл жағдайда пайдаланатын байланыс нөмірі мен көліктің болуы қажет.
Егер де қандай да бір заң бұзушылық байқалса не адам өлімі тіркелген жағдайда жұмыс берушіге 500 мың иенге дейін айыппұл салынады және 6 айға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
ДДСҰ ақпараты бойынша, күннің ыстық температурасы денсаулыққа қауіп тудыратын маңызды факторлардың бірі. Күннің ысуына байланысты туындаға стресс өлімнің негізгі себептерінің бірі әрі жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті, психикалық және астма сияқты аурулары бар адамдарға айтарлықтай зиян болуы мүмкін. Климаттың өзгеруіне байланысты 65 жастан асқан адамдар арасында күннің ысуына байланысты өлім-жітім шамамен 85%-ке дейін өскен. Ал 2000-2019 жылдар аралығында әлемде жыл сайын шамамен 489 мыңға жуық өлім (күннің ысуына байланысты) тіркелген, оның 45%-і Азияда, 36%-і Еуропада қалғаны басқа материкке тиесілі. Тек 2022 жылдың өзінде Еуропада 62 мыңға жуық адам қайтыс болған. Сол үшін де ДДСҰ төмендегідей кеңес береді:
- Күн ыстық кезде сыртқа шығу әрі физикалық жаттығу жасаудан аулақ болу;
- Көп жағдайда көлеңкеде болу керек, күн сәулесіндегі температура ауа температурасын көрсететін бағдарламалардан 10-15 C-тан жоғары болуы мүмкін;
- Күнде кем дегенде 2-3 сағатты салқын әрі көлеңкелі жерде өткізу;
- Дене температурасын сақтау;
- Күннің ыстығына байланысты ескертулерге құлақ түру керек.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.