F.A.Q.

Үкімдерді қалай қоямыз?

Үкімдер тізімі 2021 жылдың 1 қарашасында жаңартылды: «Сатиралық жаңалықтар» үкімі қосылып, «Техникалық қате» және «Фейк» үкімдері толық түсіндірілді; «Жалған» және «Манипуляция» үкімдеріне нақты сипаттама берілді; «Жартылай шындық» үкімі «Шындыққа жақын» деп өзгертіліп, нақтыланды. 2021 жылдың 1 қарашасына дейінгі мәтіндерде «Жартылай шындық» үкімі «Шындыққа жақынға», «Үкім жоқ» «Дәлелденбеген» үкіміне сәйкес келеді.

«Шындық» – егер фактчекиң объектісі (мәлімдеме, оқиғаға қатысты пікір, жаңалық, келтірілген деректер, дәйексөз, сурет, түсірілім немесе құжат) дәлелді фактілер мен ашық дереккөздер арқылы расталып, толығымен сенімді дерек деп қабылданса, осы үкім қойылады.

«Шындыққа жақын» – фактчекиң объектісінің кей бөлігі ашық деректермен расталады, бірақ мәлімдеменің анық емес тұстары болса, сандар дөңгелектеніп берілсе, деректер ескірген, бірақ қазіргіге жақын болып, жалпы мәлімдеме ақпаратты бұрмаламайтын болса, осы үкім қойылады (27.10.2021 дейін үкім «Жартылай шындық» деп аталды).

«Техникалық қате» – мәлімдемедегі деректер қарама-қайшы емес екені көрініп тұрса және дереккөздермен расталса, бірақ спикер/автор нақты бір санды/фактіні келтіру кезінде қате жіберсе, спикердің сөзі оқиғаның жалпы мазмұнын бұрмаламаса, осы үкім қойылады.

«Жалған» – бұл үкім: мынадай жағдайларда қойылады:

  • деректер сенімді, ашық не ғылыми дереккөздермен расталмаса және сол уақытта жарияланған ғылыми мәліметтер мен бақылаулар оны жоққа шығарса;
  • мәлімдемеде ақпарат дұрыс жеткізілмесе (орын, уақыт, сандар, қатысушылар, оқиғаның өрбуі), спикер ескірген деректерді негізге алып, ол деректер қазіргі сенімді мәліметтерден мүлдем басқаша болса;
  • мәлімдеме өмірде жоқ және/не ойдан құрастырылған деректер негізінде жасалса.
ДИСКЛЕЙМЕР:

«Жалған» үкімі спикердің өзіне қатысты емес, оның пікіріне қатысты қойылады: біз спикердің эфирге біле тұра не білместікпен жалған ақпарат айтқанына үкім қоймаймыз. «Жалған» үкімі спикер айтқан ақпараттың шындыққа сай еместігін көрсетеді. Тек жүйелі түрде дезинформация тарататын топтар мен тұлғалар бұл қатарға жатпайды. Олардың жалған мәлімдемелерді тарату арқылы қаржылық /әлеуметтік/саяси мүдделері бар («Құжаттама» айдарын көріңіз).

«Манипуляция» үкімі мынадай жағдайларда қойылады:

  • спикер/автор бұрмаланған ақпаратты не мәтіннен алынған үзіндіні келтіреді, деректер асыра сілтеніп немесе кішірейтіліп айтылып, қоғам пікіріне әсер етеді, көпшілік алдында жүрген адамдар мен оқиғалардың дәрежесін көтеру немесе түсіруді мақсат етеді, ақпаратқа қол жеткізуді шектеп, жағдайдың шын мәнінде қалай екенін жасырады;
  • шындыққа сай келетін фактілер мен деректер жалған, бұрмаланған, ойдан шығарылған ақпаратпен араласады;
  • маңызды деректер еленбей, екінші кезектегі ақпараттар келтіріліп, соның салдарынан сол тақырып бойынша қоғам пікіріне әсер ете алатындай бұрмалау пайда болады;
  • болжамды/тексерілмеген/нақты емес деректер (мәселен, ғылыми зерттеулердің алдын ала нәтижесі) сенімді/дәлелді мәлімет ретінде келтіріледі;
  • материалдың/жариялымның тақырыбы кликбейт болады (кликбейт дегеннің не екенін «Фактчекер сөздігінен» оқи аласыз).

«Фейк» — трафикті арттыру не қоғамдық қозғалыстың, тұлғаның, саяси науқанның және т.б. беделін түсіру мақсатында интернетте жаппай ақпарат тарату. Олар көбіне қоғамдық маңызы бар тақырыптарды қамтиды. Оның «Жалғаннан» айырмашылығы (кейбірінің болмаса) көбіне авторы кім екенін және/не түбі қайдан шыққанын анықтау мүмкін емес, бірақ оны таратушылар мен тарау ауқымын білуге болады.

«Сатиралық жаңалық» алғаш сатиралық, әзіл-оспақ және ойдан шығарылған хабарламаларды жариялайтын жоба бетінде жарық көреді. Бұл туралы сайттың сипаттамасында не әлеуметтік желідегі парақшасының сипаттамасында жазылып, аудиторияға ескертіледі. Сатиралық жаңалықтарды басқа медиалар мен пайдаланушылар дисклеймерсіз жарияласа ақпарат танымал болып, фейкке айналуы мүмкін.

«Алаяқтық» – тексеру объектісі пайдаланушының дербес және/не банктік деректерін ашуға, дәлелденбеген түкке тұрғысыз құралдарын я препараттарын сатып алуға немесе пайдаланушыға материалдық, физикалық залал келтіруі мүмкін өзге де іс-әрекеттер жасауына ықпал ететін жаңылыстыратын жарияланымды білдіреді; осы үкіммен белгіленген объектілер құқық қорғау органдарының заңнаманы бұзу тұрғысынан назарында болуы немесе сот шешімімен заңнамаға қайшы деп танылуға тиіс (мұндай жағдайларда прецеденттер мен сот шешімдеріне сілтемелер беріледі).

«Дәлелденбеген» – егер фактчекиң объектісіне қатысты зерттеу бар, бірақ қазіргі уақытта олар бір жүйеге келтірілмеген, әдіснаманың белгісіздігіне байланысты тексеру мүмкін емес болса не зерттеулерді жүргізу тәсілдері бір-бірінен айтарлықтай өзгеше болса, ашық деректер жоқ я олар жеткіліксіз болғандықтан олардың көмегімен мәлімдемені сенімді түрде растау не жоққа шығару яки оның қандай дерекке негізделгенін анықтау мүмкін болмаса осы үкім қойылады.

Жекелеген жағдайларда редакция үкімді шығаратын немесе нақтылайтын тәуелсіз сарапшылардың (редакция қызметкерлерінен бөлек) жұмыс тобын құра алады. Үкім өзгерген жағдайда бұл ақпарат Өзгерістер мен толықтырулар енгізу қағидаларына сәйкес жарияланымда көрсетіледі.

Тексеруге арналған материалдарды таңдау критерийлері

Фактчек

Форматтың нысаны: медиа материалы немесе белгілі тұлғалардың ел алдындағы сөзі, ал факті журналистикасында әдетте болған оқиға материалдың нысаны бола алады.

Материалдың құрылымы: авторы көрсетілген фактологиялық тұжырым (factual claim) – ашық деректерге негізделген тұжырымның растығын тексеру – тұжырымның рас-өтірігіне үкім тағайындау. Ал тұжырымның рас-өтірігіне қатысты үкім түрлері әр фактчекерлік ұйымда әртүрлі болуы мүмкін, дегенмен олардың көпшілігі бір-біріне ұқсас – “шындық” пен “жалған” негізгі нұсқа, олардың арасында “жартылай шындық”, “негізінен шындық”, “негізінен жалған” (‘mostly true’ и ‘mostly false’ у PolitiFact), “манипуляция” және редакцияның ішкі саясатына қарай басқа да нұсқалар болуы мүмкін. Фактчектің міндетті формат қалыптастырушы бөлігі ретінде тұжырымды тексеру барысының егжей-тегжейлі сипатталуы жатады, сонымен бірге фактчекер жұмысының тәсілдері мен қорытынды шығару барысы да анық көрсетіледі.

Жұмыс принципі: факті журналистикасынан ерекшелігі – фактчекте аноним дереккөзге сүйенуге мүлдем болмайды, тіпті журналист толыққанды сенім артса да. Фактчекер жұмыс істейтін дерек көздерінің барлығы да ашықтық критерийіне жауап беруі тиіс. Сонымен бірге, фактчек редакциясы жұмысының принциптері мен методологиясы аудиторияның танысуы үшін міндетті түрде ашық болуы керек.

Іріктеу критерийі: тұжырымның тексерілетін болуы аса маңызды  (тұжырымның фактологиялық және нақты болуы, салыстырылып отырған жағдаймен байланысты болуы, сонымен қатар, екінші жағынан, журналистің тек қана ашық дерек көздерін пайдалана отырып тұжырымды тексеретін мүмкіндігінің болуы және соған сай ресурстардың болуы); қоғамдық маңызы болуы керек (тұжырымның қоғам үшін маңыздылығы, айтылған фактінің қоғам өмірі мен жекелеген адамдарға ықпалының болуы); ретрансляция деңгейі  (медиаға сілтеме және дәйексөз келтіру көлемі).  Уақыт (жарамдылық уақыты) негізгі критерий емес екенін атап айтқан жөн, өйткені бұрын бұрмаланған ақпараттың салдары біраз уақыт өткеннен кейін шығып, осы шақ үшін өзекті болуы мүмкін (мысал ретінде ресейлік саясаткердің шведтің Готланд аралына қатысты мәлімдемесін айтуға болады, швед журналисі ақпаратты тексеріп жатпай эфирге беріп жіберіп, соның нәтижесінде бүкіл әлем бұған сеніп қалды).

Дебанкинг (Аңыздар мен стереотиптерді сейілту)

Форматтың нысаны: қоғамда қалыптасқан, тұрақты айтылатын нарратив. Мұндай нарратив әлеуметтік топқа, шынайы жағдайға, даулы тарихи фактілерге қатысты пікірлерге, түсіндіру қиынға соғатын шынайы жағдайларға, жергілікті мифологемаға, т.б. байланысты болуы мүмкін.

Материалдың құрылымы: нарративті сипаттау (егер нарратив бірнеше құрамдас бөліктен тұрса, олардың әрқайсысы жеке сипатталып, түсіндіріледі, мысалы, белгілі бір діни немесе этникалық топтарға қатысты болса, ондаған компонент болуы мүмкін) – нарративтің және оның құрамдас бөліктерінің рас-өтірігін ашық деректер негізінде тексеру – нарративтің және оның құрамдас бөліктерінің шындыққа сай немесе сай емес болуына орай редакция бекіткен стандарт бойынша үкім шығару, үкімнің бір жағы “шындық” болса, екінші жағы “жалған” болады.

Жұмыс принципі: дебанкингте аноним дереккөзге сілтеме жасауға үзілді-кесілді тыйым салынады. Журналистің жұмысы барысындағы барлық дерек көздері ашық болуы басты критерий қатарында. Редакцияның жұмыс принциптері мен методологиясы аудиторияға қолжетімді болуы міндетті. Ғылыми дерек көздерін пайдалануға да болады, қажет болған жағдайда техникалық эксперимент құралдарын пайдалана отырып, құжатқа экспертиза жасалады.

Іріктеу критерийі: ретрансляция деңгейі, қоғамдық маңызы, тексерілетін болуы (кей жағдайларда эксперимент жасау арқылы тексеріледі).

Уәдені қадағалау

Форматтың нысаны: белгілі адамдардың берген уәдесі. Танымал тұлғаның атқарып отырған қызметі шеңберінде тікелей ықпал ете алатын, болашақта болатын жағдайлар да осыған кіреді, нақты көрсеткіштер мен мәліметтер келтірілген уәде көпшілікке қолжетімді болуы керек. Сонымен бірге, мерзім деген қосымша көрсеткіш бар, егер танымал тұлға уәдесінің нақты орындалу мерзімін айтпаған болса, қызметінен кеткен күніне дейінгі орындалуы тексеріледі.

Материалдың құрылымы: журналист белгілі тұлғаның берген уәделерін жинақтап, жүйелейді – уәдені орындайтын мерзім жеткен кезде оның орындалу деңгейі мен сапасына анализ жасалып, үкім шығарылады.

Жұмыс принципі: уәдені қадағалау форматында аноним дереккөзге сілтеме жасауға тыйым салынады. Журналистің жұмысы барысындағы барлық дерек көздері ашық болуы басты критерий қатарында. Форматтың ішкі жұмысында бұрмалаушылық болмас үшін уәдені қорытындысын бағалау жүйесі нақты белгіленіп, ашық жариялануы тиіс, мысалы PolitiFact “әлі бағаланған жоқ”, “жұмыс жүріп жатыр”, “кейінгі қалдырылды”, “жартылай орындалды”, “орындалды”, “орындалған жоқ” (‘Not yet rated’, ‘In the works’,  ‘Stalled’, ‘Compromise’, ‘Promise kept’, ‘Promise broken’) деп береді. Бұл форматтың басқа жобаларын бағалау жүйесі сәл басқаша болуы мүмкін, бірақ ол ашық және көпшілікке қолжетімді болуы тиіс. Редакцияның бейтарап позициясына қол жеткізу үшін орындалуға қажетті ресурстарға қарамастан,берілген уәденің барлығы теңдей бағаланады. .

Іріктеу критерийі: тексерілетін болуы, қоғамдық маңызы. Уәдені қадағалауда ретрансляция деңгейі маңызды емес, танымал адамның уәдесі үшін оның айтылуы мен жазылуынан гөрі орындалуы маңызды.

Үгіт-насихат (пропаганда) деконструкциясы

Форматтың нысаны: медиадағы және қоғамдық дискурстағы үгіт-насихат нарративтері, белгілі тұлғалардың мәлімдемелері. Егер үгіт-насихат бағытындағы идеясы болса, цифрлық үлгідегі фейктер мен әзіл-қалжың да нысанаға ілінуі мүмкін. Бұл форматтың мақсаты мәліметтердің растығын тексеру немесе үгіт-насихат бағытындағы нарративтің бар/жоғын тексеру емес, мақсат – қоғамдық санаға ықпалын түсіндіру. Яғни, фейк бастапқыда фактчектің нысаны болуы мүмкін, оның жалған екені дәлелденгеннен кейін сол фейк үгіт-насихат деконструкциясының нысаны бола алады. Әлбетте, журналист материалының мақсаты оның жұмыс істеу принципі мен қоғамдық санаға ықпалын түсіндіру болса.

Материалдың құрылымы: үгіт-насихат нарративін сипаттау, материалда пайдаланылған манипуляцияның жекелеген техникасын талдау және осы техниканың қоғамдық санаға қалай ықпал ететінін түсіндіру. Техниканы талдау кезінде верификация және фактчектің басқа да жұмыс тәсілі пайдаланылуы мүмкін, бірақ тұжырымды тексеру логикасын сипаттау, фактчекер жұмысының әдістері мен оның қорытындысын сипаттау қажетті формат қалыптастырушы белгіге жатпайды.

Жұмыс принципі: аноним дереккөзге сілтеме жасауға тыйым салынады. Журналистің жұмысы барысындағы барлық дерек көздері ашық болуы басты критерий қатарында. Редакцияның жұмыс принциптері мен методологиясы аудиторияға қолжетімді болуы міндетті. Нарративтерді түсіндіру және интерпретациялау үшін қоғамдық сананы манипуляциялық технологиясына қатысы бар ғылыми әдебиетке сілтеме жасайды.

Іріктеу критерийі: нарративтің ретрансляция деңгейі, қоғамдық маңызы. Үгіт-насихат деконструкциясында міндетті түрде тексерілетін болуы маңызды емес, өйткені үгіт-насихат деконструкциясы форматында журналистік материал дайындаудың мақсаты нақтылығын анықтау емес, насихаттың қоғамға әсер-ықпалын түсіндіру.

Фактчек форматы туралы толығырақ білгіңіз келсе, П. Банников пен Т. Соколованың “Журналистиканың форматы ретіндегі фактчектің теориялық негіздемесі” мақаласын оқысаңыздар болады.

Factcheck.kz сайтында жарияланған мәтіндерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу ережесі

Айтарлықтай өзгерістер енгізілсе

Фактчекинг материалдарға төмендегідей өзгерістер енгізілген жағдайда: 

  • Нақтылайтын ақпаратқа өзгерістер мен толықтырулар енгізілсе және оның нәтижесінде ақпаратты қабылдауға әсер етсе; 
  • Бір немесе бірнеше үкім өзгертілсе; 
  • Дереккөз жоғалған жағдайда өзгертулер енгізілсе; 
  • Жаңартылған деректер немесе статистика бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілсе; 

редакция келесі әрекеттерді жасауға міндеттеледі: 

  • Материалдың бастапқы бөлігіне, әлеуметтік желілер мен каналдардағы републикациясына материалдың жаңартылғаны туралы және оның қысқаша сипаттамасын жазуға; 
  • редакциядан қате кеткен жағдайда (сенімсіз немесе қате дереккөз), техникалық қателерде (мысалы, сомаларды миллиондар орнына миллиардтар деп көрсетсе) – материалды әлеуметтік желілер мен каналарда жариялап, оған енгізілген өзгерістер мен түзетулерді көрсете отырып оқырмандардан кешірім сұрауға; үкім ауысқан жағдайда – оқырмандардан және мәлімдеме авторынан кешірім сұрауға міндетті.

Байқалмайтын өзгерістер енгізілсе  

Мәтіндерге төмендегідей байқалмайтын өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайда: 

  • орфографиялық және грамматикалық қателер мен басылып кеткен әріптерді өзгерткенде; 
  • үкім мен ақпаратты қабылдауға әсер етпейтіндей өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенде (дерекөздегі жаңартылған нақты ақпарат, автордың өз мәлімдемесін өшіруі, БАҚ-тың мәлімдемені немесе мақаланы өшіруі, үкімді қосымша сипаттау және т.б. )

әлеуметтік желілер мен каналдарда материалды жариялау және жаңартылғаны туралы хабарлау шешімін өз еркіне қалдырады. 

Бұл ережелер сайтта жарияланған фактчекинг материалдары мен жаңалықтардың барлығына арналған, алайда түрлі сала бойынша сарапшылардың пікірлері мен материалдары жарияланатын айдарларды қамтымайды. Десе де, ашық деректерде сарапшының пікірін жоққа шығаратын дәлел табылса, редакция “Айтарлықтай өзгерістер енгізу” ережесі бойынша әрекет етуге міндеттеледі.

Бөлісу
Factcheck.kz