Профессор Воробьев және «Спутник V» туралы жалған ақпарат

Әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде ресейлік ғалым, профессор Павел Воробьев «Спутник V» вакцинасының тиімділігін сынаған видео белсенді түрде тарап жатыр.

Оның айтуынша, бұл вакцина ауруды төмендетпейді, «Спутник V» – керісінше генетикалық түрлендірілген вирус, ол «жасушаға түсіп, сонда көбейе бастайды». Сонымен қатар, профессор вакцина бірқатар ауыр асқыну тудыруы және тіпті дененің генетикалық құрылымын өзгертуі мүмкін екенін айтты.

Ол 2 ақпанда «Бүкілресейлік вакцинация немесе ұлттық қауіпсіздікке қатер» тақырыбында дөңгелек үстел аясында сөз сөйледі. Онда ғалымдар мен қоғам қайраткерлері COVID-19 таралу проблемалары мен вакциналар қаупін талқылау үшін жиналған еді.

Мұнда не дұрыс емес екенін талдап көрейік. (Материалды дайындауға көмектескен Medsupport тобына алғыс білдіреміз.)

Қысқаша қорытынды

  1. Профессор Павел Воробьевтің барлық дерлік мәлімдемесі жалған мәліметтер мен манипуляцияларға негізделген.
  2. Ресейлік ғылыми қоғамдастықтағы беделіне қарамастан, ол вирустың нақты қаупін, вакциналардың тиімділігін және тіпті пандемияны жоққа шығарды. Оның мәлімдемелерін Ресей мен әлемдік ғылыми қоғамдастықтар бірнеше рет жоққа шығарды.
  3. Біздің алдымызда «авторитет әсерінің» классикалық жағдайы тұр – ақпаратты танымал ғалым таратып отырғандықтан, ол сенімді сияқты болып көрінеді. Дегенмен Воробьев вирусология, вакцинология немесе эпидемиология салаларының маманы емес. Содан болар, адастыратын, кейде тіпті жалған ақпаратты тарата салататынын айтып өткен жөн. Атап айтқанда, ол вакциналар жасаудың векторлық технологиясын РНҚ технологиясымен және аденовирус қасиеттерін ретровирустыкімен шатастырады.
  4. Бүгінгі күні вакцинация COVID-19-бен күресудің ең тиімді әдісі болып отыр, ал ресейлік вакцина өзінің тиімділігін дәлелдеді.

Толығырақ

Бастапқыда бұл дөңгелек үстел 3 сағатқа жуық уақыт ішінде пандемияның жоқ екенін, вакцинация адамзатқа қауіп төндіретінін, сондай-ақ коронавирусты қолдан жасау туралы және басқа да қастандық теорияларын талқылайтын ковид-диссиденттер жиыны болды. Бұл кездесуге ғалымдар мен дәрігерлерден басқа полиция қызметкерлері, тарихшылар, заңгерлер, тіпті Ресей мемлекеттік думасы депутаты қатысты.

Дөңгелек үстел бастамашысы актриса Мария Шукшина болды, ол чиптер, химтрейлдер және коронавирус дегеннің бәрі Ресей Федерациясына соғыс жариялау әрекеті екені туралы көптеген фейк тарату арқылы көпшілік есінде.

Профессор Воробьевтің өзі ресейлік ғылыми қоғамдастықтағы беделіне қарамастан, COVID-19 тарала бастаған кезден бері пандемияны жоққа шығаруымен ерекшеленді, ол коронавирус әлемдік масштабта жалған, ал жеке қорғаныс құралдары қажет емес, өйткені қауіпті ауру мүлдем жоқ деп санайды. Сонымен қатар, ол Эбола, атипті пневмония және Таяу Шығыс тұмауы сияқты қауіпті аурулар – ойдан шығарылған аурулар және олар ешқандай эпидемия тудырмады деп мәлімдеді.

Әрине, сонымен бірге ол COVID-19-ға қарсы вакцинацияға белсенді түрде қарсы тұрады, сондықтан біз оның видеодағы бірқатар мәлімдемесін егжей-тегжейлі талдадық.

Пікір: «Спутник V» вакцинасы – бұл генетикалық түрлендірілген вирус, ол жасушаға енгізіледі, сонда көбейеді, ковидті бөлшектер бөледі, содан кейін антиденелер пайда болады. Бүгінде әлем мұндай препаратты білмейді және біз оның әсері туралы ештеңе білмейміз».

Павел Воробьев

Үкім: Жалған және манипуляция

Бұл тезисті «Новая газета» авторының сұрауы бойынша ғаламдық вирусологиялық желі орталығының директоры және Джордж Вашингтон университетінің доценті Константин Чумаков талдап, ресейлік профессордың мәлімдемесінен бірқатар қате тапты. Негізі, вирус адам жасушасында көбейе алмайды, өйткені ол вакцинада қолдану үшін арнайы өңделген. Бұл технология қазірдің өзінде өте жақсы зерттелген, басқа бірқатар вакцинада қолданылады және денедегі инфекцияланған жасушалармен араласуына байланысты антиденелердің пайда болуы – бұл толықтай табиғи процесс. Сонымен қатар, вакцинаны жасау үшін мРНҚ немесе ДНҚ платформалары қолданылмаған.

Еске сала кетейік, «Спутник V» вакцинасы векторлық технологияны қолдана отырып жасалған, SARS-CoV-2 вирусының генетикалық материалын (тікенді ақуыз) адам жасушаларына жеткізу үшін аденовирустар тұқымдасынан шыққан басқа вирустың қабығы қолданылады. Жасушалар ақуыз шығарады, нәтижесінде иммун реакциясы пайда болады және организм вируспен күресуді үйренеді.

Негізі, аденовирус векторы организмде көбеймейді, өйткені ол репликатив ақаулы бар вектор. Бұл – организмде көбеюге мүмкіндік беретін гені жойылған вирус. Ол реакторда тек осы ген экспрессияланған арнайы жасушаларда көбейе алады. Ал біздің организмде көбеюі мүмкін емес.

Сонымен қатар, қалыпты ауру немесе вакцинация кезінде антиденелердің пайда болуы дәл геномды қайта құру арқылы жүреді және онда тұрған ештеңе жоқ. Организм ылғи да осылай әрекет етеді. Айырмашылығы сол, вирус бөтен антиген жұқтырған кезде, онымен қандайда бір жолмен байланыса алатын антиденелер шығаратын жасушалар көбейе бастайды. Көптеген мутация пайда болады және антигенмен жақсырақ әрекеттесетін антиденелер жасайтын жасушалар іріктеледі.

Иммун реакциясы кезінде организм жақсы антидене шығаруға үйретілгенге дейін геном үнемі өзгеріп отырады. Сондықтан вакциналар көбінесе бірнеше дозада беріледі: әуелі организм өрескел антидене жасайды, содан кейін оны жұмыс істейтін нұсқаға жеткізеді. Айта кету керек, вакцинаның вирусқа қарағанда беретін жүктемесі аз, ал векторлық және м-РНҚ-вакциналар жағдайында олар ең тиімді антиденелер шығаруға бейімделген. Осылармен вакцинацияланғаннан кейінгі антиденелер тірі вируспен байланысқаннан кейінгі антиденелерге қарағанда тиімдірек деген тұжырымдар дәл осыған негізделген.

Бүгінгі күні ғалымдар вакцина жасаудың векторлық технологиясы туралы көп біледі және ол сәтті қолданылып келеді. Мысалы, оны Оксфорд университетінде және AstraZeneca компаниясында вакцина жасаушылар пайдаланады. «Спутниктен» екіншісінен айырмасы мынада: ресейлік вакцинаны жасаушылар қабықшада адамның аденовирусын, ал Оксфорд ғалымдары шимпанзе аденовирусын пайдаланады. Бұл технология аденовирус векторын қолданатын CanSino Biologics өндіретін қытайлық Ad5-nCoV вакцинасында қолданылады.

Аденовирус векторлары – қатерлі ісікті емдеу үшін ең жиі қолданылатын векторлар. Олар гендік терапия үшін және бөтен антигендерді экспрессиялауға арналған вакциналар ретінде қолданылады. Бөтен ДНҚ-ны жасушаларға жіберу үшін аденовирустарды қолдануды сипаттайтын 2002 жылғы ғылыми мақалада кем дегенде жалпы қолданудың төрт түрі бар, ал кейінгі жылдары осындай тәжірибелерді сипаттайтын жүздеген есеп болды.

2012 жылға қарай аденовирустың адам векторлары арқылы 400-ден астам гендік терапия сынақтары жүргізілді. Бұл векторлық жүйе қатерлі ісік ауруын емдеудің нақты перспективасын көрсетті. Гендік терапияның алғашқы лицензияланған өнімі қатерлі ісік ауруын емдеуге арналған аденовирус – Гендицин.

Аденовирусқа негізделген гендік терапия организмнің ДНҚ-сын өзгертуді қарастырмайтынын айтып өткен жөн, өйткені аденовирус жасуша ДНҚ-сына ене алмайды. Гендік терапия қатерлі ісік жасушаларымен күресуге жауап беретін ақуыз функциясын қалпына келтіру үшін геннің қалыпты көшірмесін енгізе алады.

Пікір: «Адамдар инфекцияны жұқтырып қана қоймай, инфекцияны одан әрі таратады, өйткені олар ауырмайтынына сенімді. Бұл вакцина ауруды азайтады деген жалған ақпаратқа негізделген, ол азаймайды ».

Павел Воробьев

Үкім: Манипуляция

Вакцинация COVID-19 инфекциясынан 100 процент қорғауға  кепілдік бермейтініне қарамастан, әлем сарапшылары денсаулығына байланысты салдыруға болмайтын адамдардан басқа ересек халықтың көп бөлігіне вакцинациялануды ұсынады. Бүгінгі таңда вакцинаны қолдану пандемияның таралуына қарсы тұрудың және инфекция қаупін жоюдың ең тиімді әдісі болып отыр. Біз мұны 20 ғасырда жаппай вакцинация арқылы таралуы шектелген көптеген ауру мысалынан көреміз. Ең бастысы, вакцинация аурудың ауыр ағымынан 100 процент қорғайды.

ДДСҰ вакциналар COVID-19-ға қарсы күрестің маңызды жаңа құралы екенін және көптеген сәтті кандидат вакцинаның пайда болуы үміт беретінін бірнеше рет мәлімдеді. Әлемдік ғылыми қоғамдастық өкілдері пандемия нәтижесіне тиімді және қауіпсіз вакцина жасау әсер ететініне сенімді.

Мамандардың айтуынша, вакцинация коронавирус таралуын тоқтату үшін қажет. Вакцина әрекеті организмнің қорғаныс қабілетін, яғни оның иммун жүйесін, белгілі бір вирустар мен бактериялардан болатын шабуылдарды тануға және тойтаруға дайындауға арналған. Кейіннен, осындай ауру қоздырғыштары организмге түскен кезде ағза оларды жою үшін дереу күш жұмылдырады және сол арқылы аурудың алдын алады. Осылайша, адам вирустың қауіпті таратушысы болмайды, ал таралу тізбегі ұжымдық иммунитет қалыптасуы арқылы үзіледі.

ДДСҰ таралу тізбегі үзілу үшін адамдардың 65-70%-інде иммунитет болуы керек деп санайды. Миллиардтаған адамға вакцинация жүргізу COVID-19-ды қоздыратын вирустың таралуын бәсеңдетуге және вирусқа қарсы тұруы қиын адамдарды қорғауға көмектеседі.

Дегенмен вакцина жасау вирусты толық жеңу деген сөз емес. Көптеген ғалым мен денсаулық сақтау маманы вакцина салып алған соң да жақын арада әдеттегі өмір салтымызға оралу екіталай екенін ескертеді: олардың бастапқы қоры өте шектеулі және олар негізінен халықтың осал топтары мен коронавируспен күресіп жүрген алдыңғы шептегі медицина қызметкерлеріне бағытталған.

Пікір: «Бұл геномға ену. Біз РНҚ енгіземіз, бізде РНҚ оқып, оны ДНҚ-ға айналдыратын кері транскриптаза механизмі бар. Осылайша, адам геномының құрылымы өзгереді, біз бұл туралы ештеңе білмейміз ».

Павел Воробьев

Үкім: Жалған

Біз бұған дейін мұндай мәлімдемені әртүрлі фактчекинг және медициналық ресурс бірнеше рет жоққа шығарғанын жаздық. Адам организміне қалыптамалық немесе ақпараты бар РНҚ-ны енгізу оның ДНҚ-сына ешқандай әсер етпейді. Тағы да еске салайық, вакцина жасау кезінде мРНҚ немесе ДНҚ платформалары қолданылмаған.

CDC веб-сайтында түсіндірілгендей, мРНҚ вакциналары біздің жасушаларымызға (mRNA) COVID-19 қоздырғышын тудыратын, вирус бетінде болатын «тікенекті ақуыз» құру нұсқаулығын береді. Нұсқаулық иммун жасушаларына жеткенде, жасушалар оны ақуыз жасау үшін пайдаланады. Ақуыз пайда болғаннан кейін жасушалар мРНҚ-ны ыдыратып, одан құтылады.

Содан кейін жасуша бетінде ақуыздың бір бөлігі көрінеді. Біздің иммун жүйеміз ақуыздың бөтен екенін түсінеді де табиғи COVID-19 инфекциясындағыдай иммун реакцияны беріп, антиденелер шығара бастайды.

Сонымен қатар, Константин Чумаков кері транскриптаза ретровирустарда бар екенін айтады. Бұл – көбею кезінде ДНҚ сатысынан өтетін эрэнк вирустары. Аденовирус та, коронавирус та ретровирустар емес.

Адам жасушасының ДНҚ-сына енетін вирустар шынымен бар. Бұл – мысалы, папиллома немесе герпес вирустары. Бұл – олардың қалыпты өмір циклі. Бірақ коронавирус та, аденовирустар та жасуша ДНҚ-сына енбейді, өйткені ДНҚ жасуша ядросында орналасқан, ал аденовирус цитоплазмада көбейеді.

Корнелл университеті ғылыми альянсының ғылыми қызметкері Марк Линас ДНҚ вакцинасы ағзаны генетикалық тұрғыда өзгерте алады деген пікірді жоққа шығарды. Вакциналар иммун жүйесін организмге жұқтыруға тырысқанда қоздырғышты тануға үйретеді. Бұл антиденелер шығару арқылы иммун реакцияны ынталандыратын вирустық антигендерді немесе әлсіреген тірі вирустарды енгізу арқылы жүзеге асады. Генетикалық түрлендіру адам жасушасының ядросына бөтен ДНҚ-ны әдейі енгізу арқылы жасалады, ал вакциналар мұны жасамайды.

Сонымен қатар, ДНҚ вакциналары туралы айтатын болсақ, бөтен ДНҚ жасуша ядросына енбейді, сондықтан бұл генетикалық түрлену емес. Жасушалар бөлінсе, олар тек адамның табиғи жасуша құрылымын қамтиды.

Айова университетінің Педиатрия, микробиология және ішкі медицина профессоры, доктор Пол МакКрей коронавирус вакциналарының қалай жұмыс істейтінін түсіндірді.

Иммун жүйені нығайту үшін қолданылатын негізгі ақуыз – тікенді вирус. Бұл әртүрлі формада бола алатын вакцина: инактивацияланған (өлі) вирус түрінде, экспрессияланған ақуыз түрінде, жасушалардың осы ақуызды өндіруіне себеп болатын ДНҚ немесе РНҚ векторын түрінде. Осылайша, ағзадағы жалғыз өзгеріс – бұл антиденелер мен Т жасушаларын өндіруге ынталандыру, олар вирус жұғуының алдын алады немесе аурудың ауырлығын төмендету үшін немесе алдын алу үшін кез келген жұқтырған жасушаны өлтіреді.

Дәл осы ақпаратты Вакциналар мен иммундау жөніндегі жаһандық альянс (GAVI) растады. Олар вакциналар жасау үшін қолданылған ақпараттық РНҚ (мРНҚ) адам организмінің бастапқы геномына әсер етпейтінін түсіндіретін кең көлемдегі ғылыми мақала жариялады.

Пікір: «Вице-премьер Голикова вакцинацияланғандардың 10%-інде ауыр асқынулар бар екенін айтты, мен оның тілін тартқан жоқпын. Бұл – өте үлкен цифр».

Үкім: Манипуляция

Біз Ресей Премьер-министрінің орынбасары Татьяна Голикованың «Спутник V» вакцинациясынан кейінгі асқынулар туралы айтқанын және ауыр асқынулар туралы статистиканы ұсынатын мәлімдемелерін таба алмадық. Ашық мәліметтер бойынша, ресейлік шенеуніктер мен сарапшылардың ешқайсы  10%-тік ауыр асқынулар туралы ештеңе айтпаған. Керісінше, олар іс жүзінде мүлдем тіркелмеген деп хабарлайды. Асқынулар туралы не белгілі екенін жазайық.

Вакцина салғызғаннан кейін жанама әсердің болуы бірнеше факторға байланысты: организмнің жеке ерекшеліктеріне, иммундау процедурасы кезіндегі денсаулық жағдайына, препаратты тасымалдау және сақтау ережелеріне сәйкестігі.

The Lancet журналында жарияланған «Спутник V» вакцинасын сынаудың үшінші кезеңінің алдын ала нәтижесі бойынша, аурухана жағдайында емдеуді қажет ететін ауыр жанама әсерлер вакцина алған топтағы (14 964 адам) 45 адамда және плацебо алған топтағы (4902 адам) 23 адамда анықталды. Бұл көрсеткіштер сирек болып саналады, осы жағдайлардың ешқайсында асқынулар мен вакцинаны қабылдау арасындағы байланысты анықтау мүмкін болмады.

Сонымен қатар, жаппай вакцинация басталғаннан кейін ресейлік медицина сарапшылары вакцинациядан кейін ауыр асқынулар әлі тіркелмегенін бірнеше рет мәлімдеді. Бұл, әрине, ондай мүлдем болмады дегенді білдірмейді, бірақ елеулі жанама әсерлер туралы және оған тап болған пациенттердің саны туралы ақпарат болған жоқ.

Көбінесе пациенттер вакцинациядан кейін тұмауға ұқсас белгілерге тап болады: әлсіздік, бұлшықет ауруы, ұйқышылдық, жүрек айну немесе температураның қысқамерзімді өзгеруі. «Спутник V»  қолданғаннан кейін өлім жағдайлары тіркелмеді.

Қорытынды:

  • Профессор Воробьев сөз сөйлеген «Бүкілресейлік вакцинация немесе ұлттық қауіпсіздікке қатер» атты дөңгелек үстел – жалған ақпарат тарататын және пандемияның болуын жоққа шығаратын диссиденттер жиналысы.
  • Профессор Павел Воробьев коронавирусты ойдан шығарылған ауру деп санайтынын бірнеше рет мәлімдеді және оның бүкіл әлемге таралу қарқынын жоққа шығарды.
  • Ресейлік профессордың «Спутник V» вакцинасы туралы айтқандарының бәрі дерлік — дәрінің пайдалы қасиеттері беделін түсіру үшін мүмкін емес және манипуляциялық ақпарат жиынтығы. Оның кейбір мәлімдемесін басқа ғалымдар бірнеше рет жоққа шығарды.
  • «Спутник V» вакцинаны сынаудың үшінші кезеңі нәтижелерін қажет көлемде жариялау арқылы тиімділігін дәлелдеді. Медициналық ғылыми қоғамдастық өкілдері ресейлік вакцинация тиімді және қолдануға қауіпсіз деген қорытындыға келді.
  • Вакцинация вирусты жеңудің абсолют кепілі бола алмайтынына қарамастан, оны қысқа мерзімде жасау қазіргі медицина үшін үлкен жетістік болып отыр. Бірқатар сарапшылар жаппай вакцинациялау ғана вирустың таралу тізбегін үзіп, пандемияға қарсы тұруға көмектеседі деп санайды.
Factcheck.kz