Солтүстік Кореяда су тасқынына байланысты шенеуніктерді өлім жазасына кесті ме?

Telegram арнасында «Солтүстік Кореяда 30-ға жуық шенеунік су тасқынының алдын ала алмағаны үшін өлім жазасына кесілді» деген ақпарат тарады. Factchecknet.uz-дағы әріптестеріміз жаңалықтың рас-өтірігін тексерді.

Солтүстік Корея президенті Ким Чен Ын су тасқынынан зардап шеккен аймақтарды аралап шықты.

The Guardian басылымының дерегі бойынша, Солтүстік Кореяның солтүстік-батыс провинциясында жойқын су тасқыны болды. Ауа райының қолайсыздығынан мыңдаған тұрғын баспанасыз қалды. Бес мыңға жуық адам эвакуацияланды. Жарты күн ішінде әскерилер  10 ұшақ арқылы 20 рет ұшып, адамдарды құтқарды.  Ким Чен Ын 5 мың адамның өмірін сақтап қалған әскерилердің әрекетін жоғары бағалады. Дегенмен жауын-шашын мен су тасқыны салдарынан болған шығынның алдын алу үшін жеткілікті шара қолданбаған жауаптыларды да айыптады.

Chosun TV хабары бойынша, Чаганг провинциясындағы су тасқыны мен көшкіннің салдарынан төрт мыңға жуық адам қаза тапқан. Өткен айда жауған нөсер кесірінен Солтүстік-батыстағы Синуйджу қаласы мен көршілес Уиджу қаласындағы 4100 үйді, 7410 гектар егіс алқапты, жолдар мен теміржолдарды су басқан, көптеген қоғамдық ғимаратты қиратқан.

Содан кейін Ким Чен Ын биліктен «жол беруге болмайтын құрбандарға» әкелетін табиғи апаттардың алдын алмағандарды, жауапкершілікті елемейтіндерді қатаң жазалауды сұрады. Солтүстік Кореяның ресми өкілдері: «Тамыз айының соңында су басқан аймақта бір уақытта 20-30 шенеунік өлім жазасына кесілді. Чаганг провинциясының жұмыстан босатылған партия хатшысы Канг Бонг Хун қамауға алынды» деді.

«20-30-ға жуық басшыға сыбайлас жемқорлыққа жол берді және өз міндеттерін орындамады деген айып тағылды. Олар өлім жазасына кесілді», – деп келтіреді Chosun TV. Дегенмен билік ақпаратты растап хабар таратпады.

Factcheck.kz