Украина деген ел жоқ па? Жауап береміз

Украинадағы соғыс фонында әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Украина мемлекеті «1991 жылдан бері шекараны тіркеуге өтініш бермегендіктен» бұл ел жоқ деген ақпарат кеңінен таралып жатыр. Бұл туралы басқа емес, 2014 жылы БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мун айтыпты-мыс. Хабарлама мәтінінің авторы Украина аумағы Ресейге тиесілі деген қорытындыға келеді. Хабарламаның толық мәтіні төмендегі суретте берілген.

Украина деген ел жоқ па? Жауап береміз
Telegram-дағы хабарлама мысалы

Мәтінді «Орталық жаңалықтардағы» Александр Панин деген біреу жазды делінген. Оған қоса, хабарлама авторсыз да таратылып жатыр. Бұл хабарлама ағылшын тілінде сөйлейтін, тіпті интернеттің французтілді сегменттерінде де таралып жатыр, олардың арасында Александр Панин қол қойған нұсқасы да жүр.

Хабарлама қазақстандық сегментте 2022 жылғы ақпан айында өте танымал болды. Оқырмандардың сұрауы бойынша біз оны тексеруді жөн көрдік.

Үкім: Фейк

Біз бұл фейктің шыққанына 8 жыл болғанын анықтадық. Хабарлама мәтініндегі ақпарат шындыққа жанаспайды. Украина мемлекеті бар, оның өз шекарасы бар және ел халықаралық қоғамдастықтың мойындалған мүшесі болып саналады.

Әрі қарай хабарламадағы кебйір мәлімдемені тексеріп, жағдайдың шын мәнінде қалай екенін түсіндіреміз. Сондай-ақ, жалған ақпараттың қалай пайда болғанын және тарағанын айтамыз.

Хабарламадағы мәлімдеменің негізсіз екенін түсінсеңіз, соңғының алдындағы блокқа өтіп, осы фейктің пайда болу және таралу тарихымен танысыңыз. Бір жағы, фейк жарияланған сайтта хабарлама жойылған болса, деректерді қалай іздеу керек екенін еске түсіріңіз.

Пан Ги Мунның «мәлімдемесі»

Мәлімдеме: БҰҰ Бас хатшысы Украинаның 1991 жылдан бері шекараны тіркеуге өтініш бермегенін мәлімдеді, сондықтан Украина мемлекеті деген жоқ….Ал біз бұл туралы білмейміз! 07.04.2014 БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун украиндық БАҚ пен интернетте таратуға тыйым салынған таңғаларлық мәлімдеме жасады. Екі ел арасындағы кикілжің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысында талқыланды.

Хабарлама мәтінінен

Бұл мәлімдемені «украиндық БАҚ пен интернетте таратуға тыйым салынған» деген үзіндіге бірден назар аударайық. Бұл мәтінде ешқандай дәлелдің жоқ екенін ақтау әрекеті сияқты көрінеді. Мұндай «тыйым салуға» қарамастан, хабарламаның интернетте еркін таратылуы таң қалдырады. Бірақ автор өзіне қауіп төндіріп, тыйым салынған контентті жариялады десек те, мәтін мазмұны фактілерге қайшы келеді.

Украинаның БҰҰ-ға мүше 193 мемлекеттің бірі екенінен бастау керек, осының өзі легитимділікке жеткілікті. Оның үстіне, елдің ұйымға мүшелігі 1945 жылғы 24 қазанда басталды. Сол кезде КСРО-ның атынан бірден үш одақтас мемлекет ұсынылды, олардың бірі Украина КСР еді. Оның заңды мұрагері Украина 1991 жылғы 24 тамызда тәуелсіздік алды. Бұл ретте елдің БҰҰ-ға мүшелігі үзілген жоқ және күні бүгінге дейін жалғасып жатыр.

Украина мойындалмаған немесе жартылай мойындалған елге жатпайды. Соңғыларының арасында, мысалы, Луганск Халық Республикасы мен Донецк Халық Республикасы бар – оларды қазіргі уақытта бес мемлекет (өзара мойындауды есептегенде) мойындады. Украина дипломатиялық тану шектеулі елдердің тізімінде де жоқ, олардың арасында, мысалы, Израиль, Солтүстік Корея, Қытай, Оңтүстік Корея және т.б. бар.

БҰҰ Бас хатшысының «мәлімдемесі» туралы ақпаратқа келер болсақ, ашық дереккөздер Пан Ги Мунның Украина мемлекетінің жоқ екені туралы әйтеуір бір айтқанын көрсетпейді. Кілтсөзді іздеу фейктің өзіне сілтеме шығарады. Нақты бір датасы бар уақыт сүзгісі арқылы іздеу Пан Ги Мунның Руандадағы геноцидтің 20 жылдығында сөйлеген сөзі туралы жаңалықтарды шығарады. 2014 жылғы 7 сәуірде таңертең БҰҰ Бас хатшысы Руанда астанасы Кигалиде өткен еске алу рәсіміне қатысты.

Сонымен қатар, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2014 жылғы отырыстар тізімінде 7 сәуірге арналған жазба жоқ. Демек бұл күні жиналыс мүлдем болмаған.

Шекараларды «бекіту».

Мәлімдеме: Украина шекарасын 25.12.1991 жылдан бері тіркемеген. Украинаның шекарасы БҰҰ-да егеменді мемлекет ретінде тіркелген жоқ. Сондықтан Ресей Украинаға қарсы ешқандай заң бұзып жатқан жоқ деп болжауға болады. ТМД шарты бойынша Украина аумағы КСРО-ның әкімшілік бірлігі болып саналады. Сондықтан ешкімді сепаратизм мен Украина шекарасын күштеп өзгертті деп айыптауға болмайды. Халықаралық құқыққа сәйкес, елдің ресми түрде танылған шекарасы жоқ. Бұл мәселені шешу үшін Украина көрші елдермен шекарасын демаркациялауды аяқтап, көршілес елдердің, соның ішінде Ресейдің ортақ шекарасында келісімін алуы керек. Барлығын құжаттап, барлық көрші елмен келісімге отыруы керек.

Хабарлама мәтінінен

Біріншіден, елдердің «шекарасын тіркеу» БҰҰ-ның міндеті емес екенін айтып өтейік.

Автордың Украина аумағы «КСРО-ның әкімшілік бірлігі саналады» дегенінде қай «ТМД шарты» екені нақты түсініксіз. ТМД аббревиатурасының өзі, өздеріңіз білетіндей, «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы» дегенді білдіреді. ТМД-ның құрылғанын жариялаған Беловеж келісіміне қол қойылған кезде 1991 жылғы 8 желтоқсанда Украина бірнеше айдан бері тәуелсіз мемлекет еді. Келісімнің өзі мынадай сөздермен басталады:

«Біз, Беларусь Республикасы, Ресей Федерациясы (РСФСР), Украина 1922 жылғы Одақтық шартқа қол қойған КСР Одағының негізін қалаушы мемлекеттер ретінде бұдан әрі Жоғары Уағдаласушы Тараптар деп аталатын, КСРО халықаралық құқық субъектісі және геосаяси шындық ретінде өмір сүруін тоқтататынын белгілейміз».

Украина деген ел жоқ па? Жауап береміз
Беловеж келісіміне қол қою. 1991 жылғы 8 желтоқсан. Үстелде отырғандар: сол жақта – Витольд Фокин мен Леонид Кравчук (Украина), ортада – Станислав Шушкевич пен Вячеслав Кебич (Беларусь Республикасы), оң жақта – Борис Ельцин мен Геннадий Бурбулис (Ресей Федерациясы) // RIA Novosti archive, image #848095 / U. Ivanov / CC-BY-SA 3.0

КСРО өмір сүруінің тоқтауы тағы да 11 мемлекет, соның ішінде Украина да қол қойған «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құруға байланысты Декларацияда» жарияланды: «… Республикалардың Жоғарғы Кеңесі КСРО Кеңесі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы құрылуымен Одақтық КСР мемлекет және халықаралық құқық субъектісі ретінде өмір сүруін тоқтатады деп мәлімдейді».

Шекара мәселесіне келсек, бұл процесс оңай емес, бұрынғы одақтас республикаларды алсақ, көбіне бірнеше жылға созылып кеткен. Дегенмен Украина мен Ресей мемлекеттері Ресей-Украина шекарасы туралы келісімге 2003 жылғы 28 қаңтарда, КСРО ыдырағаннан кейін 11 жыл өткен соң Киевте қол қойды. Шартқа Украина тарапынан президент Леонид Кучма, ал Ресей тарапынан президент Владимир Путин қол қойды. Келісімшарт Украинаның 2004 жылғы 20 сәуірдегі №1681-IV Заңы арқылы, 2004 жылғы 22 сәуірдегі – Ресей Федерациясының № 24-ФЗ Федералдық заңы арқылы ратификацияланды. Украинаның басқа көрші елдермен шекаралары да жақсы анықталған.

Бұл жерде делимитация және демаркация ұғымдарының аражігін ажырату қажет, өйткені автор соңғысын айтып тұр. Шекараны делимитациялау – жері топографиялық картада графикалық түрде бейнеленген, келісімнің ажырамас бөлігі немесе оған қосымша болуы мүмкін тиісті сипаттамасы бар шектес мемлекеттер арасындағы мемлекеттік шекара сызығын шарт арқылы құқықтық ресімдеу. Демаркация – жергілікті жерде демаркациялық құжаттарын жасай отырып, шектес мемлекеттер арасындағы мемлекеттік шекараны шекаралық белгілермен белгілеу. Демаркация делимитация туралы құжаттар негізінде жүзеге асырылады. Демаркациялау делимитациялау құжаттары негізінде жүзеге асырылады.

Украина мен Ресей арасындағы шекараны демаркациялау әлі аяқталмағаны бұл Украина шекарасы танылмайды дегенді білдірмейді. Екі мемлекет арасында Ресей-Украина шекарасы делимитацияланды және бұл бірінші кезектегі болып саналады. Бұл жағдайда фейк авторы қазір бар мәселені алып, оған жалған болжам жасайды.

Сонымен қатар, демаркация – екі жақты процесс, яғни Ресей де Украинамен шекарасын демаркациялаған жоқ.

Ресей, Украина және КСРО-ға қатысты мұрагерлік

Мәлімдеме: Ресей КСРО-ның заңды мұрагері болғандықтан (мұны бұрынғы КСРО және шет елдер арасындағы мүліктік даулар бойынша халықаралық соттардың шешімі растайды), Украина, Беларусь және Новороссия орналасқан аумақтар Ресейге жатады және Ресейдің келісімінсіз осы аумаққа билік етуге ешкімнің құқы жоқ. Шындығында, қазір Ресейге бұл аумақтың ресейдікі екенін және бұл аумақта болып жатқанның бәрі Ресейдің ішкі ісі екенін жариялау керек.

Хабарлама мәтінінен

КСРО-ның мұрагері ретінде тек Ресейді немесе Одақтың құрамында болған барлық басқа мемлекетті санауға бола ма деген пікірталас бүгінде жалғасып жатқанымен, оның қазіргі мәселеге қатысы жоқ. Ресей мен Украина шекаралары делимитацияланған, келісімге қол қойылды. Одақ ыдырағаннан кейін тәуелсіздік алған елдердің барлығын халықаралық қауымдастық егеменді мемлекеттер ретінде таныды, оның ішінде Ресей де болды. Осылайша, Украина мен Беларусь және басқа да бұрынғы КСРО республикаларының аумағы Ресейге жатпайды.

Мәлімдеме: Будапешт меморандумына және басқа келісімдерге сәйкес, Украинаның шекарасы жоқ. Украина мемлекеті жоқ (және ешқашан болған емес!).

Хабарлама мәтінінен

Будапешт меморандумының шекараға мүлдем қатысты емес. 1994 жылғы 5 желтоқсанда Будапештің өзінде қол қойылған меморандум Украинаның Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылуына байланысты қауіпсіздік кепілдіктерін қарастырады. Айтпақшы, меморандумның бірінші тармағында «Ресей Федерациясы, Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігі және Америка Құрама Штаттары Украинаға ЕҚЫҰ-ның Қорытынды актісінің қағидаттарына сәйкес Украинаның тәуелсіздігін, егемендігін және қазіргі шекараларын құрметтеу міндеттемесін растайды» делінген.

Жалған мәтіннің дереккөзін қалай іздеп таптық?

Кілт сөздермен іздеу бізді zerkalov.kiev.ua сайтында Александр Панин қол қойған осыған ұқсас жарияланымға әкелді. Тараған хабарламадан айырмашылығы, қолтаңбаның астында автордың novorus.info сайтына сілтемесі бар Новороссия Орталық ақпарат агенттігінде жұмыс істейтіні көрсетілген. Дегенмен мекенжай жолағына novorus.info деп терсеңіз, womaninstinct.ru сайтына қайта бағытталасыз. Агенттіктің сайты енді белсенді емес.

Zerkalov.kiev.ua сайтында мақаланың жарияланған күні жоқ. Біз оны Wayback machine арқылы тексеріп, қызық нәтиже алдық. Бұл бет алғаш рет 2014 жылғы 15 тамызда архивтелген. Ал біз бұл мақаланың көшірмесі ғана екенін білеміз. Түпнұсқаны табу үшін қазір жұмыс істемейтін novorus.info сайтын тексеру керек.

«Новороссияның орталық ақпарат агенттігі» деген сөздерді іздегенде, соңғы рет 2014 жылғы тамызда бір нәрсе жариялаған novorus.info Twitter аккаунты шығады. Twitter-дегі кеңейтілген іздеуді пайдалана отырып, біз сол жазбаға сілтемесі бар туиттерді таба алдық.

Украина деген ел жоқ па? Жауап береміз
Novorus.info аккаунтынан алынған туит скриншоты (архив)

Сілтеме, әрине, мақаланың өзіне әкелмейді, өйткені сайт ендігі жоқ. Біз қайтадан womaninstinct.ru сайтына тап боламыз. Wayback machine-ді қайта пайдаланбас бұрын, бастапқы сілтеменің қандай болғанын көру үшін bit.ly сілтемесін декодтау керек. Оны адрес жолағына қойып, «+» белгісін қосамыз. Біз мынадай нәтиже аламыз.

Украина деген ел жоқ па? Жауап береміз
Novorus.info сайтындағы сілтеме сұр түспен жазылған

Адресті Wayback machine-ге енгізгенде бет 2014 жылғы 2 маусымда архивтелгенін білеміз. Мақаланың өзі 2014 жылғы 30 мамырда жарияланғаны белгілі болды.

Украина деген ел жоқ па? Жауап береміз
Novorus.info сайтындағы фейк архивінің скриншоты

Александр Панин есімін іздеу ешқандай нәтиже бермейді. Мәтінге бүркеншік атпен қол қойылған болуы ықтимал.

Дегенмен бұл мақаланың өзі негізгі дереккөз емес. Кілт сөздердің әртүрлі комбинациясын қолданып көру арқылы біз ескі жазбаларды таптық. Атап айтқанда, 2014 жылғы 9 сәуірде nakanune.ru ақпараттық қызметінің сайтында «БАҚ: БҰҰ Бас хатшысы Украинаның ресми шекарасы жоқ екенін айтты» деген тақырыппен жаңалық жарияланған. Мәтінде ақпарат көзі ретінде Харьковтегі «Украин таңдауы» қоғамдық қозғалысының жетекшісі Ирина Хижняк көрсетілген. Осыған ұқсас жаңалық 10 сәуірде business-gazeta.ru сайтында жарияланды, онда да Хижняк есімі аталды.

Ендігі аты көрсетілген әрі қарайғы іздеу бізді Stopfake.org сайтындағы әріптестеріміздің  фактчегіне әкелді. Онда бізге қажет сілтеме берілген, бұл «Украина таңдауы» сайтына апарады. Онда Хижняктың мақаласы жоқ, «404 қате» деп шығады. Wayback machine-ға қайта жүгінсек, 2014 жылғы 8 сәуірде жарияланған материалдың архивтелген нұсқасына қол жеткізе алдық.

Украина деген ел жоқ па? Жауап береміз
Ирина Хижняктың архивтелген материалынан үзіндінің скриншоты

Хижняктың мәтіні біз осы материалда талдаған фейк мәтінінен ерекшеленеді. Дегенмен мәні мен жалпы хабары өзгеріссіз қалды: БҰҰ эксперттері (Пан Ги Мун да айтылады) Украина «өз шекарасын мемлекет ретінде демаркациялауды БҰҰ-да жүргізбеген және тіркемеген» деген қорытындыға келді. Сондықтан КСРО-ның әкімшілік округі болып қалады-мыс.

Хижняк өз кезегінде парламентте Пан Ги Мунның Украинаға қатысты мәлімдемесі айтылған талқылауды көрсеткен «ТемзаТВ ағылшын арнасына» сілтеме жасайды. Дегенмен ТемзаТВ  атауын іздестіру оның телеарна емес, The X Factor және Britain’s Got Talent сияқты шоуларды шығаратын продакшн-студия екенін көрсетті. Сондай-ақ, бұрын 1992 жылдың аяғында хабар таратуды тоқтатқан Темза Телевизиясы болған, әңгіме ол телеарна туралы емес екені анық. Осылайша, біз ТемзаТВ арнасынан сюжетті ғана емес, телеарнаның өзін де таппадық. Қалай болғанда да, хабарлама – жалған ақпарат.

Қорытынды

  • Желіде кеңінен таралған Украина мемлекетінің жоқ екені туралы хабарлама – алғаш рет 2014 жылғы сәуірде жарияланған фейк. Оның қайта танымал болуы қазіргі Ресей-Украина қақтығысымен байланысты болса керек.
  • Автор өз мәлімдемесін растайтын дәлелдер ретінде бірқатар жалған және манипуляциялық мәлімдемені келтіреді. Украина мемлекеті бар және халықаралық қауымдастықтың мүшесі екені сөзсіз.
  • Фейктің бастапқы дереккөзі Ирина Хижняктың 2014 жылғы 8 сәуірде жарияланған жазбасы болса керек.
Factcheck.kz