Апталық шолу: Тоқаев Алматыға келген туристер туралы, медициналық маска, ПТР тест және басқалары

Осы аптада Factcheck.kz Қазақстанның желі қолданушылары мен басқа да елде тараған ақпараттарды тексерді. Жарияланған материалдарды бірге еске түсірейік.

Фейк | Медициналық маскалардан құрттар (нанобөлшектер) табылды

Әлеуметтік желі мен мессенджерлерде белгісіз бір әйелдің (видеодан оның тек дауысы естіліп, қолы көрінеді) «медициналық масканың бетінде кішкентай қара құрттар қозғалып жүр» деген видеосы тарады. Сөзі дәлелді болу үшін ол масканы ыстық су құйылған стақанның үстіне қойып, телефонмен видеоға түсіре бастайды. Біраз уақыттан кейін «құрттар» көрінеді. Factcheck.kz бұл ақпараттың рас өтірігін тексерді.

Видеоға түскен заттың бәрі рас, алайда «құрттар» туралы мәлімдеме қате, себебі мұны түсірген әйел физиканың кейбір заңдылықтарын білмейтін сияқты. Ал шындығында, камераға ыстық судан шыққан будың әсерінен (немесе түсіріп тұрған әйелдің демінен) масканың жеңіл мата талшықтары (мысалы жүннен жасалған жерлері) «қозғалып жатқаны» түсіп қалған. Үкімі фейк. Толығырақ мына сілтемеде.

Фейк | ПТР-тесттер қатерлі ісік тудырады

Әлеуметтік желі мен мессенджерлерде белгісіз бір ер адамның (болжам бойынша Ұлыбритания азаматы) «коронавирусты анықтау үшін қолданылатын ПТР жағындылары этилен тотығымен, яғни қатерлі ісікке әкелетін қауіпті химикатпен зарарсыздандырылады. Бұл дегеніңіз – ПТР-тесттердің өзі де қауіпті» деген видеосы тарап жатыр. Factcheck.kz бұл ақпараттың қаншалықты шындыққа жанасатынын тексерді.

«Адамдар, дәл қазір ояну керек. Бұл нағыз соғыс. Олар бізді, ал біз бір-бірімізді өлтіріп жатырмыз. Балаларыңыз мидың қатерлі ісігінен, лейкемиядан, лимфомадан және басқа да аурулардан аман болсын десеңіз, ояну қажет… Олар оны жағындыға жағып, миыңызға енгізеді», дейді видео авторы.

Видеодағы ер адамның мәлімдемесі.

Этилен тотығы, расымен, медициналық жабдықтарды зарарсыздандыру үшін қолданылады және ол канцерогенді зат болып есептеледі. Алайда зарарсыздандырылған құрал, яғни ПТР-тест «қатерлі ісікке әкеледі және өлтіреді» деп айту дұрыс емес. Зарарсыздандыру ісінің маңызды құрамдас бөлігі – медициналық құралдар этилен тотығының қалдықтарынан барынша, яғни адамға қауіпсіз деңгейге дейін тазартылады. Бұл дегеніңіз медициналық құралдар адам ағзасына еш зиян келтірмейді. Ал үкімі фейк және манипуляция. Толығырақ мына сілтемеде.

Google Еуроодақтың фейкке қарсы жаңа қорына 25 миллион еуро аударады

Google фейк ақпаратпен күресу үшін жаңадан құрылған Еуропалық медиа және ақпарат қорына 25 миллион еуро аударады. Бұл туралы компанияның фейкке қарсы шарасына сын көбейген тұста Reuters агенттігі хабарлады.

Google компаниясының Еуропа, Таяу Шығыс және Африка елдеріндегі бизнес және операциялар бөлімі басшысы Мэтт Бриттиннің айтуынша, ойдан шығарылған ақпарат пен дәлелді айыра білу өте маңызды.

Бұл қорды өткен аптада Калуст Гулбенкян қоры мен Еуропалық университеттер институты құрды. Оның қызметі фактчекерлерді, коммерциялық емес және басқа ұйымдарды фейк ақпаратпен және қоғамдық мүдде үшін күресетін зерттеушілерді тартуға бағытталған.

Фактчек | Тоқаев: Алматыға келетін туристер саны артты

17 наурызда Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласын одан әрі дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Бұл туралы inform.kz сайты жазды. Оңтүстік астананы дамытудың маңызды бағыттарының бірі туризм екенін айтқан Президент бірнеше мәлімдеме жасаған болатын. Әдеттегідей рас-өтірігін тексеріп көрдік.

Соңғы 10 жылда Алматыға өзге елден келушілердің саны үш есеге артқан.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Президент мәлімдемесінде айтқанындай, соңғы он жылдың, яғни 2010-2020 жылдар аралығындағы ресми дерекке назар аударамыз. ҚР Ұлттық Статистика бюросының мәліметінше, 2010 жылы Алматыға өзге елден 144 014 турист келген болса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 112 281-ге азайған. Бірақ, Президент 2009 жылдан 2019 жылға дейінгі аралықты айтқан болуы әбден мүмкін. Себебі 2009 жылы Алматыға 138 618 турист келген болса, 2019 жылы бұл көрсеткіш – 435 699-ға жеткен. Яғни, осы он жыл аралығында сырттан келген туристер саны үш есе артқан. Мәлімдеменің үкімі жоқ.

Оқуға кеңес береміз

  • Коронавирусқа қарсы вакцинация туралы сұрақтарға жауап
  • Арменияда журналиске күш қолданған министр отставкаға кетті
  • Бекшиннің Британ штамы туралы айтқаны рас па?
  • Нұр-Сұлтанда 20 шақты әйел жәрдемақыны өсіруді, баспана мәселесін шешуді талап етті
  • Навальный колонияда аштық жариялады
  • Ақтөбе облысының полицейлері мандариннен қайтыс болған балалар жайлы ақпаратты жоққа шығарды
  • Бразилия президенті журналистің “абыройына нұқсан келтіргені үшін” өтемақы төлейді

Біздің әлеуметтік желідегі инстаграм, телеграм және фэйсбук парақшамызға жазылуды ұмытпаңыз. Егер Қазақстанның және басқа да медиада жарияланған материалға күмән келтірсеңіз, редакциямызға хабарлассаңыз болады. Шындыққа әркімнің-ақ бар таласы.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz