Арменияда журналиске күш қолданған министр отставкаға кетті

31 наурызда Арменияның жоғары технологиялық индустрия министрі Акоп Аршакян отставкаға кететінін мәлімдеді. Министр бұл туралы Facebook парақшасында жазды.

«Құрметті отандастар. Бүгін менің жоғары технологиялық индустрия министрі ретіндегі соңғы жұмыс күнім. Мен Армения Республикасының азаматы ретінде шенеуніктің кез-келген азаматқа күш қолдануын жол берілмеуі керек деп санаймын. Біз зорлық-зомбылықсыз қоғам құруымыз керек », – деп жазды Аршакян Facebook парақшасында.

Министр Арменияны халықаралық аренада танытатын жоғары лауазымды шенеунік болғасын қоғамға үлгі болуға міндетті екенін айтты.

18 наурызда журналист Пайлак Фаградян министр Аршакянды шабуыл жасады деп айыптады. Оның айтуынша, бұл оқиға Ереван кафелерінің бірінде болған. БАҚ өкілінің сөзінше, Аршакян журналиске жұмыс уақытында мекемеде отырғаны үшін ашуланған. Фаградянның айтуынша, министр оған шабуыл жасап, компьютерін бұзған. Бас прокуратура шабуыл туралы арызды арнайы тергеу қызметіне жіберді.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz