Агрессияны бақылау: Астана қаласының Коммуникациялар қызметі медиа-мониториңге 16 млн теңге бөлді

Factcheck.kz мемлекеттік сатып алулар сайтынан Астана қаласы Коммуникациялар қызметі жасаған қызықты келісімді байқап қалды. Бұл ведомство 55 мыңнан астам дереккөзді – ірі ақпарат құралдарынан бастап әлеуметтік желілердегі пікірлерге дейін бақылауға тапсырыс берген. Оның ішінде билікке қарсы агрессиялық пікірлерді анықтауға және жарияланым авторлары туралы деректерді жүйелеуге ерекше назар аударылған. 

Мониторингке 16 миллион теңге

31 наурызда Астана қаласының Коммуникациялар қызметі жалпы сомасы 15 959 000 теңгеге БАҚ пен әлеуметтік желілерге мониториң қызметін сатып алуға келісімшарт жасаған. Бұл жағдай тендер нәтижесінде бастапқы жоспарланған сома – 15 959 821 теңгеден небәрі 821 теңгеге ғана азайып, келісімшарт сомасы өзгеріссіз қалған ерекше мысал ретінде көзге түседі. Тендерге алты қатысушы ұсыныс беріп, жеңімпаз ретінде «Кудайбергенов М.С.» есімді жеке кәсіпкер танылған.

Техникалық сипаттамаға сәйкес, бұл сатып алу тәулік бойы 55 мыңнан астам ақпарат көзін бақылауға бағытталған. Олардың қатарында дәстүрлі медиа да, цифрлық платформалар да бар:

  • әлеуметтік желілер: Facebook, Instagram, Twitter, ВКонтакте, Одноклассники, YouTube, Telegram, сондай-ақ сирек қолданылатын MyCircle мен GooglePlus;
  • интернет-БАҚ: қазақстандық және шетелдік ақпарат агенттіктері, жаңалық тарататын компаниялардың сайттары;
  • блогтар, форумдар, шағым мен пікір жазуға арналған сайттар;
  • баспа басылымдары – олардың цифрлық мұрағаттарына RSS арқылы қол жеткізіледі.

Мониториң жүйесі нақты уақыт режимінде жарияланымдар легіне қол жеткізуге мүмкіндік беруге тиіс. Жүйеде дереккөз түрі, географиясы, автордың жынысы мен жасы және басқа параметрлер бойынша сүзгіден өткізу мүмкіндігі қарастырылған. Жиналған ақпарат мұрағатталып, метадеректермен (аудитория көлемі, лайк, пікір, репост саны және т.б.) бірге сақталып, автоматты түрде талданады.

Мұндай жазбалар арнайы белгілермен таңбаланып, ай сайынғы есептерге енгізіледі. Бұл тәсіл медиакеңістіктегі жалпы ахуалды бақылап қана қоймай, сонымен қатар агрессивті риторика таратып жүрген нақты авторларды, пабликтерді, аккаунттарды немесе платформаларды анықтауға мүмкіндік береді. Мәселен, мердігер тапсырыс берушіге келесі деректерді ұсынуға міндетті: автордың жынысы, жасы, өңірі, аудиториясының белсенділігі –қанша жазылушысы бар, кімдер оқиды, қаншалықты жиі репост жасалады.

Техникалық сипаттамада әлеуметтік желілердегі суреттерден мәтінді тану технологиясын қолдану да көрсетілген. Бұл құрал арқылы мынадай контенттерді бақылауға болады: жасырын тараған жалған ақпараттар, ішкі құжаттар мен мәліметтердің сыртқа шығуы, жарнама материалдары, мемдер, смартфонмен түсірілген суреттердегі қосымша ақпарат.

Сондай-ақ, құжатта «корпоративтік дағдарыс детекторының» болуы талап етілген. Бұл – жүйе ішінде автоматты түрде талдау жасап, медиа мен желідегі қандай да бір тақырыптың жиі айтылуын бақылап отыратын құрал. Ол пікірталас қоғамда резонанс тудырмай тұрып-ақ, оның дағдарысқа айналу ықтималдығын болжай алады. Мысалы, әлеуметтік желілер мен БАҚ-та талқыланған шағымдар легі, даулы жағдай немесе PR дағдарыстар.

Жиналған ақпараттың барлығы жүйеленіп, ай сайын есеп түрінде Астана қаласының Коммуникациялар қызметіне жолданады, қажет жағдайда түзетіледі. Осылайша, бұл келісім қоғамдық пікірді жүйелі бақылау механизмін орнатуға бағытталған. Бұл жерде мердігердің басты міндеті тек ақпарат беріп отыру емес, сонымен бірге билікті сынап жүрген тұлғаларды бақылап отыру.

Коммуникациялар қызметі немен айналысады?

Астана қаласының Коммуникациялар қызметі – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің (ОКҚ) астаналық бөлімшесі. Бұл құрылым билік пен қоғам, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы байланысқа жауапты.

Орталық коммуникациялар қызметінің негізгі міндеті –  пресс-конференциялар, брифингтер мен өзге де ашық іс-шараларды ұйымдастыру. Онда билік өкілдері қоғамға маңызды шешімдер, бастамалар мен оқиғалар туралы ресми ақпарат береді. Сонымен қатар қызмет ақпараттық саясатқа қатысты медиажоспарлар, сараптама материалдары, ұсынымдар әзірлеумен айналысады және ақпараттық дағдарыс кезінде жедел әрекет етуді қамтамасыз етеді.

ОКҚ Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне бағынады, әрі Президент пен Үкіметтің тапсырмаларын орындайды. Ол министрлікке қарасты өзге де ұйымдар сияқты мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылады

Астана қаласының Коммуникациялар қызметі бұған дейін де ақпараттық мониториңге қатысты бірнеше рет мемлекеттік сатып алу жариялағанын да айта кету керек. Мысалы, 2024 жылы ведомство БАҚ пен әлеуметтік желілердегі өзіне қатысты сындарды бақылау үшін 4 998 000 теңгеге келісімшарт жасасты. Бұған бастапқыда 10 миллионнан аса қаржы жоспарланған.

Ал одан бір жыл бұрынғы тендер бар-жоғы 1 188 000 теңгені құраған. Ол кездегі техникалық сипаттама да пікірлерді «агрессия» және «қатты агрессия» деп бөлу талабын қамтыған.

Мемлекеттік органдар негатив пен сынды қалай бақылайды?

Қазақстанда мемлекеттік органдар жыл сайын желіде өздеріне қатысты айтылған сын мен теріс пікірлерді бақылауға миллиардтаған бюджет қаржысын жұмсайды.

Мұндай тәжірибеге мысал көп. Алматы қаласы әкімдігінің 2023 жылғы сатып алуы – соның айқын көрінісі. Сол жылы қала билігі сол кездегі әкім Ерболат Досаевқа қатысты әлеуметтік желі мен БАҚ-тағы пікірлерді бақылау қызметіне 4,6 миллион теңге бөлді. Мониторинг нәтижесінде барлық жазбалар оң, бейтарап және теріс деп үш санатқа бөлінуі керек болған.

Тағы бір мысал –  Ұлттық экономика министрлігі. 2025 жылдың басында, елде қосылған құн салығының (ҚҚС) көтерілуі қызу талқыланып жатқанда, ведомство Қазақстан, Ресей, ТМД елдері және әлеуметтік желілердегі өзіне қатысты жарияланымдарды күн сайын бақылау үшін шамамен 2,4 миллион теңгеге келісімшарт жасады. Бұл мониторингте негативке ерекше назар аударылып, мұндай материалдар тез арада жауапты тұлғаларға жолдануға тиіс болды. Министрлік мұндай сатып алуды жыл сайын тұрақты негізде жүргізіп отыратынын да айта кету керек. Көбіне оның сомасы 2–6 млн теңге аралығында болады.

Өңір билігі де бұл бағыттан шет қалмаған. Мысалы, Абай облысы әкімдігі 2024 жылдың қыркүйегінде Twitter, Facebook, Instagram, Telegram секілді әлеуметтік желілерді тәулік бойы бақылауға 4 миллион теңгеден астам қаржы бөлген. Мұнда тек сын-пікірлерді анықтау ғана емес, биліктің жағымды бейнесін қалыптастыру үшін позитивті контент (пост, видео, инфографика) жасау да талап етілген.

Шығыс Қазақстан облысында да осындай жағдай тіркелді. Бір аудан әкімдігі 3,1 миллион теңге көлемінде ұқсас қызметке тапсырыс берген. Бұл жерде де басты міндет теріс пікірлерді анықтап, позитивті ақпараттық фон қалыптастыру болған.

Осылайша, мемлекеттік органдардың айналасындағы ақпараттық кеңістікті бақылауға және басқаруға миллиондаған теңге жұмсалады. Алайда мұндай тәжірибе арқылы цензура мен сынға қысым жасалуы мүмкін бе деген сұрақ туындатады.

Родился в городе Алматы. Окончил факультет журналистики в КазНУ им. Аль-Фараби. С 2017 года работал корреспондентом в нескольких казахстанских изданиях.

Factcheck.kz