Фейк | ПТР-тесттер қатерлі ісік тудырады

Әлеуметтік желі мен мессенджерлерде белгісіз бір ер адамның (болжам бойынша Ұлыбритания азаматы) «коронавирусты анықтау үшін қолданылатын ПТР жағындылары этилен тотығымен, яғни қатерлі ісікке әкелетін қауіпті химикатпен зарарсыздандырылады. Бұл дегеніңіз – ПТР-тесттердің өзі де қауіпті» деген видеосы тарап жатыр. Ол өз сөзін дәлелдеу үшін ПТР-тесттің қаптамасындағы STERILE EO деген жазуды көрсетеді.

Ер адам ойын қорытындылай келе, «олар (нақты кім екені белгісіз) бізді өлтіріп жатыр» дейді.

«Адамдар, дәл қазір ояну керек. Бұл нағыз соғыс. Олар бізді, ал біз бір-бірімізді өлтіріп жатырмыз. Балаларыңыз мидың қатерлі ісігінен, лейкемиядан, лимфомадан және басқа да аурулардан аман болсын десеңіз, ояну қажет… Олар оны жағындыға жағып, миыңызға енгізеді», дейді видео авторы.

Үкім: Манипуляция және фейк

Этилен тотығы, расымен, медициналық жабдықтарды зарарсыздандыру үшін қолданылады және ол канцерогенді зат болып есептеледі. Алайда зарарсыздандырылған құрал, яғни ПТР-тест «қатерлі ісікке әкеледі және өлтіреді» деп айту дұрыс емес. Зарарсыздандыру ісінің маңызды құрамдас бөлігі – медициналық құралдар этилен тотығының қалдықтарынан барынша, яғни адамға қауіпсіз деңгейге дейін тазартылады. Бұл дегеніңіз медициналық құралдар адам ағзасына еш зиян келтірмейді.

Осыған ұқсас хабарламаларды бұған дейін Reuters агенттігінің фактчекинг тобы және Ұлыбританияның Денсаулық сақтау министрлігі жоққа шығарды. Мұндай ақпарат әлеуметтік желіде бұл видео пайда болмай тұрып та тараған еді.

Осыған қоса айта кететін жайт, аңқа мен ми тікелей байланыспайды, сондықтан тестті тура миға енгізу мүмкін емес. Біз былтыр «коронавирус тестін жасаған кезде мақта таяқшасымен адамның миы мен мұрны арасындағы қабық тесіледі» деген жалған мәлімдемені талдаған едік.

Толығырақ тоқталайық

Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын санитариялық бақылау басқармасының (бұдан әрі – FDA) мәліметі бойынша, АҚШ-тағы барлық зарарсыздандырылған медициналық жабдықтардың 50 пайызға жуығы этилен тотығымен зарарсыздандырылған. Негізі зарарсыздандырудың жоғары температура, радиация және т.б. деген де түрлері бар. Алайда көптеген медициналық құралды зақымдап алмау үшін тек этилен тотығымен зарарсыздандыру әдісін пайдалануға тура келеді. Белгілі бір полимерлерден (пластмасса немесе шайырдан), металдардан немесе шыныдан жасалған, сондай-ақ бірнеше қабаттан тұратын немесе қиын жерлерге қойылатын құрылғылар (мысалы, катетерлер), әдетте, этилен тотығымен зарарсыздандырылады.

Қалыпты жағдайдағы этилен тотығы дегеніміз – өзіне тән тәтті иісі бар, түссіз, тез жанғыш газ. Газ адамға қатты әсер етсе, тыныс жолдарының тітіркенуіне, өкпенің зақымдануына, бас ауруына, жүрек айнуына, құсуға, диареяға, ентігуге және цианозға әкелуі мүмкін. Ұзақ уақыт әсер ету қатерлі ісіктің пайда болуымен, репродуктивті әсерлермен, мутациялық өзгерістермен, нейротоксикалыққа және сенсибилизацияға байланысты. Мәселен АҚШ-тың Ұлттық онкология институты этилен тотығын канцерогендерге жатқызады.

Әрине, этилен тотығы қаншалықты қауіпті екенін ескере отырып, медициналық жабдықтар өндіретін компаниялар, оның ішінде ПТР-тесттерін өндірушілер қалыптасқан халықаралық стандарттарды ұстануы қажет.

FDA сайтында ерікті түрде келісілген екі стандарт ұсынылған, олар – ANSI AAMI ISO 11135: 2014 және ANSI AAMI ISO 10993-7: 2008 (R) 2012. Бұл стандарттар медициналық мақсаттағы жабдықтарға арналған этилен тотығын зарарсыздандыру процестерін қалай жобалауға, тексеруге және бақылауға болатынын сипаттайды. Бұл стандарттар өнімдегі химиялық заттардың деңгейі қауіпсіз шекте болуын қамтамасыз етуге көмектеседі.

Этилен тотығымен зарарсыздандырудың негізгі циклі 5 кезеңнен тұрады, олар: алдын ала кондициялау, ылғалдандыру, газбен өңдеу, газсыздандыру және ауамен өңдеу. Осының бәріне 2,5 сағат (аэрация уақытын есептемегенде) кетеді. Аэрация зарарсыздандыру кезінде көптеген материалмен сіңетін этилен тотығының улы қалдықтарын кетіреді. Аэрация уақыты зарарсыздандыру техникасына байланысты әртүрлі болады.

Мысалы, этилен тотығымен көбіне медициналық шприцтерді зарарсыздандырады. Жоғарыдағы видео авторының логикасына сүйенсек, осындай шприцпен екпе алған адам қатерлі ісікке шалдығады. Сіз мұндайға тап болып көрдіңіз бе?

Негізі қандай да бір қауіп медициналық жабдықты пайдаланушылардан гөрі осы жабдықтарды зарарсыздандырумен айналысатын адамдарға көбірек төнеді. Сондықтан олар үшін сақтық шаралары және химиялық затпен жұмыс істеудің қатаң ережелері қарастырылған.

Сондай-ақ этилен тотығы өндірісінде химиялық заттарды қолданатын және өндіріс қалдықтарын бақыламайтын өнеркәсіптік зауыттардың маңында тұратын адамдарға кері әсер етуі мүмкін.

Қорытынды

  • Медициналық жабдықтарды этилен тотығымен зарарсыздандыру ондаған жыл бойы қолданылып келеді, сондай-ақ барлық стандарттар сақталса, бұл қауіпсіз әдіс.
  • ПТР-тесттер қатерлі ісікке әкеледі немесе адамдар этилен тотығымен зарарсыздандырылған ПТР-тесттерден қайтыс болады дегенге ешқандай дәлел жоқ.
  • Мақаланың басындағы видеоға қайта оралсақ. Ондағы ер азаматтың айтуынша, адамдар миға қан кетуден және түрлі қатерлі ісіктерден қайтыс болған. Алайда бұл бір-бірімен еш үйлеспейтін оқиғалардың себебі мен салдарын байланыстыруға тырысқан адамның сандырағы деп айтуға болады.
Медет Есимханов
Главный редактор русскоязычной версии Factcheck.kz. Изучал международные отношения и государственную политику.