Тоқаевтың ғылымға бөлінген қаржы туралы сөзі рас па?

25.04.2024 Upd: Материал сайтында жарияланған мәтіндерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу ережесіне сай өзгертілді. Министрліктің ресми жауабына сәйкес докторантурға бөлінген гранттар саны туралы деректер қосылды.

12 сәуірде өткен ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңесте президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр ғылымға үш жылдың ішінде 625 миллиард теңге қаржы бөлу туралы шешім қабылданғаны жөнінде дерек келтірді. Президенттің сөзінше ғылыммен айналысып жүрген жастардың саны өсіп келеді. Мемлекет басшысы айтқан осы және өзге де деректерді Factcheck.kz тексеріп көрді.

Мәлімдеме: Былтыр ғылымға үш жылдың ішінде 625 миллиард теңге қаржы бөлу туралы шешім қабылданды. Мемлекет алдағы уақытта да бұл қаражаттың көлемін көбейте береді.

ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындыққа жақын

2023 жылдың 16 қарашасында жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданғаны туралы министр Саясат Нұрбек президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа баяндама жасады. Қабылданған шешім бойынша 2023-2025 жылдарға арналған ғылымның жалпы бюджеті 643 млрд теңге болады. Ал, 2023-2025 жылдарға арналған Республикалық бюджетке сәйкес “ғылымды дамытуға” 605 млрд теңге қарастырылған.

Мәлімдеме: Қазір ғалымдардың жалақысы екі есе көбейді.

ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Дәлелденбеген

Тоқаев ғалымдардың жалақсысы қай уақыт аралығымен салыстырғанда өскенін айтпады. Дегенмен, Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес 2022 жылы ғылыми зерттеулер және әзірлемелер мамандарының орташа жалақасы 274 756 теңге болған. Бұл көрсеткіш 2023 жылы 311 489 теңгеге жетіп, айлық мөлшері тек 13%-ке өскен.

2023 жылдың 16 қарашасында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында ғалымдардың орташа жалақысы 2 есе өсіп, 252 мың теңгеге жеткенін баяндады. Тоқаев осы мәлімдемеге сүйенсе керек. Ал 2022 жылы оқу-ағарту министрлігі ғалымдардың жалақасы 152 мың теңгеден 257 мың теңгеге өскенін хабарлады.

Мәлімдеме: “Докторантурада оқуға арналған білім гранттарының саны артты”.

ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Жалған

Кейінгі 5 жылда докторантура бөлінген гранттар саны артпаған. Ғылым және жоғарғы білім министрлігінің бұйрығына сәйкес PhD докторларын даярлауға 2023-2024 оқу жылында 1 890 грант қарастырылған. 2022-2023 оқу жылында да, 2021-2022 оқу жылында да докторанттарға бөлінген грант саны 1 890 болған. 5 жыл бұрын 2 312 грант бөлінген.

24.04.2024 Upd: ҚР жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес алдағы уақытта PhD докторларына берілетін грант саны 5 мыңға дейін көбейеді. Бірақ, президент “саны артты” деп өткен шақта айтқандықтан, біз осы уақытқа дейінгі тенденцияны қарадық.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ және орыс тіліндегі мәтінінде де айырмашылық бар. Ол қазақша “Докторантурада оқуға арналған білім гранттарының саны арттыдесе, aqorda.kz сайтындағы орыс тілді аудармада “Увеличивается количество образовательных грантов” деп жазылған. Орыс тілді нұсқасын тексерсек, үкім шындық болады. Себебі келесі оқу жылында докторантурға 1 919 грант бөлінбекші.

Мәлімдеме: Жас зерттеушілерді қолдау шаралары күшейтілді. Соның нәтижесінде ғылыммен айналысып жүрген жастардың саны көбейіп келеді.

ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындық

2021 жылы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстары бар (ҒЗТКЖ) 35 жасқа дейінгі 7 525 азамат болған. 2022 жылы бұл көрсеткіш 7 502-ге түскен. Ал, 2023 жылы 8 340-ға өсті.

Factcheck.kz