“24 сәуір — зорлау күні”: сандырақ фейк қайдан шықты?

Кейінгі күндері Tik-Tok платформасында “24 cәуір — ұлттық зорлау күні” деп белгіленгені, ол күні “әйелдерге қатысты қылмыс жасауға” болатыны туралы ақпарат тарап (1, 2, 3), желі қолданушыларын дүрліктірді.

Factcheck.kz редакциясы “ұлттық зорлау күні” туралы фейктің шығу тегін талдап көрді.

Үкім: Зомби-фейк

Бұл желіде шамамен 2018 жылдан бері тарап келе жатқан фейк. Қазақстанда немесе басқа елдерде жыныстық зорлық-зомбылықты заңдастыратын ешқандай заң да, белгіленген мереке де жоқ.

Жыныстық зорлық-зомбылық — қылмыс. Бұл 24 сәуірде де солай болып қала береді.

Тараған мәлімдемелердің бірінде қырғыз cаясаткері Исхак Масалиевтің “зорлансаң, қарсы болмай, бойыңды еркін ұстап, ләззат ал” деп айтқан видеосына “24 сәуірге арналған депутат кеңесі” делінген пікір жазылған.

Исхак Масалиевтің сөзі контекстен жұлынып алынған. Шын мәнінде депутат “Қырғыз Республикасының прокуратурасы туралы” заңға ұсынылған өзгерістерді талқылаған. Оған сай, прокуратураның тергеу функциялары Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетіне берілмек. Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігінде қылмыстық істер көбейетінін меңзеген депутат АҚШ-та жоғарыдағыдай “әзіл” бар екенін айтып, заңды қалай да “қабылдау қажет” деп атап өтті. Сондықтан Масалиевтің мәлімдемесінің “24 сәуірге” еш қатысы жоқ.

24 сәуірдің “ұлттық зорлау күні” деп жарияланғаны туралы жалған ақпараттың шығу тегі бұлыңғыр. Snopes фактчекерлерінің болжамынша, бұл туралы алғашқы жазба 2018 жылдың мамырында Urban Dictionary сайтында табылған, онда 24 сәуір “заңды түрде адамдарды зорлауға болатын күн” делінген.

"24 сәуір — зорлау күні": сандырақ фейк қайдан шықты?
Дереккөз: Snopes

Кейінірек Urban Dictionary бұл жазбаны жойып, өңдеген. Қазіргі уақытта сайтта 24 сәуірге қатысты тараған ақпараттың бәрі фейк екені жазылған мәлімдемелер жарияланған.

"24 сәуір — зорлау күні": сандырақ фейк қайдан шықты?
Дереккөз: UrbanDictionary

TheTab.com сайтының жазуынша, бұл “тенденцияны” басқа ер адамдарды әйелдерге зорлық-зомбылық жасауға шақыратын бейнелерді бөліскен “TikTok-тағы алты ер адам” 2021 жылдың наурызында бастаған. Олар мұның “заңды” екенін айтып, не істеу керектігі туралы “кеңес” берген. TikTok желісі USA Today агенттігіне платформада видеоның “түпнұсқасын таппағанын” хабарлаған.

2021 жылы Ұлыбританиядағы Эксетер Университетіндегі топтық чатта “жыныстық зорлық-зомбылық жасау жоспары” талқыланған хаттардан кейін фейктің тарау ауқымы кеңейе бастаған. Университет өкілі “24 сәуірде келісілген қылмыстық әрекеттің болжамды жоспарлары” туралы желіде тараған қауесеттер туралы хабардар екенін айтып, бұл TikTok-тан шыққан және содан бері бүкіл әлемге тараған мистификация, жалған ақпарат екенін мәлімдеген.

Одан бөлек, TheTab.com фактчекерлері Know Your Meme сайтына сілтеп, “ұлттық зорлау күні” туралы әзілдер мен жазбалар 2010 жылы Twitter-де басталып, 2015 жылы 4chan арқылы жалғасқанын, дегенмен оларда “24 сәуір” туралы нақты айтылмағанын жазады.

Зорлық-зомбылық — қылмыс. Factcheck.kz редакциясы желі қолданушыларын бұл ақпаратқа сенбеуге және оны таратпауға шақырады.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz