Коронавирусқа қарсы вакцинация туралы сұрақтарға жауап

Жүкті әйелдерге екпе алуға бола ма? Бала емізетін аналарға ше? Аутоиммундық аурулары бар адамдарға ше? Medsupport.kz командасының мүшесі Ботагөз Кәукенова (биолог, медицина докторы) Қазақстанда вакцинацияға қатысты жиі қойылатын сұрақтарға жауап дайындады. Біз оқырмандарымызбен бөлісуді жөн көрдік.

МАҢЫЗДЫ: мәліметтер материал жарияланған сәтте, яғни 2021 жылдың 2 сәуірі бойынша өзекті. Қажет болған жағдайда мақала толықтырылады.

Мазмұны

Екпе алу қажет пе?

  • Иә, екпені алу керек.

Неліктен екпе алған дұрыс?

  • Қоғамдағы вирустың айналымын төмендетіп, өзіңді және екпе ала алмайтын адамдарды қорғау үшін, пандемия аяқталуы үшін қажет.

Қазақстанда қандай вакциналар бар?

  • Қазіргі уақытта бізге тек Спутник V вакцинасы келді.

Вакцинаны таңдауға бола ма?

  • Қазір бізде бары тек Спутник болғандықтан, таңдау мүмкіндігі жоқ. Алдағы уақытта бірнеше вакцина болғанда таңдау да болуы мүмкін. Бірақ вакцинаны клиникаларға таратқанда қандай жайттарды негізге алатыны түсініксіз және екпе алатын кабинетке келгенде «қалағаныңды таңда» деп айтпайтыны анық. Мен сізге қолжетімді болған алғашқы екпені алыңыз деп кеңес беремін.

Вакцинаны сатып алу мүмкін бе?

  • Әзірге мүмкін емес. Қара нарықта әлдебір «вакциналар» тараған кездер де болған. Менің болжамым бойынша, қазір барлығы мемлекеттің бақылауынан өтеді.

Қалаған адамдардың барлығы қашан вакцина қабылдай алады?

  • Әзірге сәуірдің ортасында деп айтып жатыр, кейбір емханаларға тікелей хабарласса қазірден екпе жасап жатыр.

Кімге вакцина алуға болмайды?

  • Вакцинаның бөліктеріне аллергиясы бар және анафилаксиялық шок алғандарға. Сондай-ақ, егер сіз қазіргі уақытта ауырып жүрсеңіз немесе созылмалы ауруларыңыз асқынса екпе жасатуға болмайды. Және әзірге балаларға, жүкті және бала емізетін әйелдерге вакцина қабылдамаған жөн.

Ал егер мен аллергиямның бар-жоғын білмесем ше?

  • Сол себепті сізге вакцина алған соң 30 минут емханада отыра тұрыңыз деп айтады. Мүмкіндік аз болса да, егер бір жағдай бола қалса, көмек жаныңызда болады.

Жүкті әйелдерге вакцина жасауға бола ма?

  • Әзірге жоқ. Себебі жүктілік ерекше жағдайға жатады және оларға рұқсат беру үшін жеке зерттеу жүргізу қажет. Өздеріңіз білетіндей, жүктілік кезде тәжірибе жүргізген былай тұрсын, жүкті әйелді мазаламауға тырысады.

Емізулі аналарға бола ма?

  • Әзірге болмайды. Бұл сұрақ зерттеліп жатыр. Ана сүтінен антидене анықталды деген мәлімет бар. Бірақ әзірге бәрі сақтандырылады.

Жүкті және бала емізетін әйелдерге неге екпе алуға болмайды?

  • Жүктілік кезде көп жайт біз ойлағандай болмауы мүмкін. Ал егер бірнәрсе дұрыс болмаса, ал жүкті әйел екпе алса – бәрі екпені кінәлайды. Бұл да аутизм саласы секілді, балада дерт екпеге алған-алмағанына қарамастан анықталар еді, бірақ екпе жасалып, ол инвазивті болғаннан кейін соны айыптайды. Бірақ жүкті әйелдер екпе алып, антидененің балаға берілген жағдайлары да кездесті.

Балаларға екпе алуға бола ма?

  • Әзірге жоқ. Бұл жерде де сондай жағдай. Жалпы балаларды қандай да бір зерттеулерге тарту қиын, себебі олар не істеп жатқанын толық түсінбейді, сол себепті зерттеуге толықтай келісім бере алмайды. Білуімше, Pfizer вакцинасы 12 жасқа дейінгі балаларға зерттеу жүргізіп жатыр.

65 жастан асқан адамдарға салдыруға бола ма?

  • Иә.

Созылмалы аурулары бар адамдарға салуға бола ма?

  • Егер сіздің ауруыңыз бақылауда болса – болады. Сенімді болу үшін өзіңізді емдейтін дәрігерге барып, кеңес алыңыз. Егер сізде аса ауыр созылмалы дерт болса, нұсқаулықта «сақтықпен» екпе жасау керегі айтылған. Яғни, сіз вакцинациядан бұрын дәрігерге барып оған екпе жасатуға ниеттеніп отырғаныңызды айтасыз.

Егер менің аутоиммундық ауруларым болса не істеймін?

  • Нұсқаулық бойынша, иммундық жүйенің жұмысын төмендететін дәрілерді екпе алмас бұрын бір ай және екпе алғаннан кейін бір ай тоқтату қажет. Себебі солардың салдарынан сізге вакцинаның әсері болмайды. Осы жайтты міндетті түрде емдейтін дәрігеріңізбен ақылдасыңыз.

Вакцинациядан кейін жүктілікті жоспарлауға бола ма?

  • Иә.

Вакцина бедеулікті туындатуы мүмкін бе?

  • Жоқ. Бұл – ескі миф. Вакцина белгілі бір жерлерге әсер етеді, сондай-ақ түрлі тәсіл арқылы антиденені өндіруге себепші болады. Сонымен қатар, түрлі вирустардың белгілі бір жасушаларға ғана кіру мүмкіндігі бар.  Мәселен, коронавирустың қауіптілігі сонда – ол әртүрлі жасушаларға ене алады.

Вакцинаның бірнеше жылдан кейін жанама әсері байқалуы мүмкін бе?

  • Жоқ. Бөліктер ағзада тез жойылып кетеді. Екі күн бұрын ішкен парацетамолдың таблеткасы сізге 2 жылдан кейін әсер ете ме? Шаурманы жегенде сіз жанама әсері туралы ойланасыз ба?

Вакцина менің ДНҚ-ымды өзгерте ме?

  • Жоқ. Біз әзірге адам ағзасында мұны оңай жасаудың жолын білмейміз. Вакцина вирустың бір бөлігін өндіру туралы нұсқаулықты тек кейбір жасушаларыңызға береді. Ішінде жұмыс істеп тұрған бос жасуша бұл нұсқаулықты қарастырып, вирустың бір бөлігін жасайды. Осыдан кейін бұл нұсқаулықты жасуша жояды.

Спутник V қалай жұмыс істейді?

  • Спутник V – векторлық вакцина. Оның міндеті – S-шип кодтайтын вирустың генетикалық материалының бөлігін жеткізу. Бұл, жалпы алғанда, шипті жинауға арналған нұсқаулық. ДНҚ-ның бұл бөлігін вакцинаға оңайлықпен енгізе салу мүмкін емес. Оған тасымалдаушы қажет. Спутникте бұл қызметті аденовирус атқарады. Аденовирус – табиғатта жиі кездесетін тұмау вирустарының бірі. Одан репродуктивті «ағзаларды» алып тастап, ішіне коронавирус ДНҚ-сы бөлігін енгізіп, дәрі ретінде денеге жібереді. Ол жақта аденовирус ДНҚ-ны S-шип жинайтын жұмысшы жасушаларға түсінікті тілге ауыстырып, жасушаға дейін жеткізеді. Бұл ДНҚ ешқайда енбейді, тек жасуша органеллалары оны оқиды. Жасуша S-шип жасағаннан кейін олар жасушаның беткі қабатына жеткізіледі. Сол жерден оны сіздің иммунитетіңіздің жасушалары көріп, дабыл қаға алады. Осылайша олар S-шиппен танысып, ағзаға шынайы вирус түскенде қорғануға дайын болады.

Спутник V – бір реттік вакцина ма?

  • Қазіргі қолжетімді үлгіде солай болуы мүмкін. Себебі біз ДНҚ-ны тасымалдаушы ретінде аденовирусты пайдаланамыз, иммунитет аденовирусқа да қарсы антидене түзеді. Бір қызығы, табиғатта аденовирустың түрі өте көп. Мәселен, Спутник V-ның екі дозасында екі түрлі аденовирус пайдаланылады. Және тек адам аденовирусының 50-ден астам түрі бар. Аденовирусқа ұқсайтын векторлар бар, олардың саны 100-ден асады. Сондай-ақ тасымалдаушы ретінде пайдалануға болатын басқа да вирустар бар, олардың жалпы түрі мыңдап кездеседі. Егер біз жыл сайын вакцина алатын болсақ ғалымдар вакцина өндіру үшін түрлі векторларды пайдалануы мүмкін. Оған қоса, антидене аденовирустың белгілі бір түрінде қаншалықты сақталатыны белгісіз, өмір бойы тұруы да ғажап емес.

«Ресейлік» және «қазақстандық» Спутниктің айырмашылығы қандай?

  • Ешқандай. Қарағандыда вакцинаны өндірмейді, тек Ресейден келген «бөлшектерден» құрастырады. Вакцинаның алғашқы топтамасы Гамалеи атындағы орталыққа (вакцинаны жасаушылар) тексеріске жіберілді. Айтпақшы, Ресейде де бір ғана орталық өндірмейді, вакцина жасауға рұқсат етілген бірнеше зауыт бар.

Неге кей вакциналардың дозасы екеу болады?

  • Егер вакцинаны жасау кезінде бір дозаның тиімділігі жеткіліксіз болса, екіншісі қажет. Ол вирусты еске түсіріп, иммундық жасушаларды көбірек антидене бөліп, өткен материалды жақсылап танып, бекітуге мүмкіндік береді.

Екінші дозаны 21 күннен кейін алу міндетті ме?

  • Жоқ, сәл кейінірек алуға болады, бірақ ерте емес. Өндірушілердің айтуынша, мерзімі 21-60 күн аралығы, барлығы дұрыс жұмыс істеуі керек. Әзірге екпені кейінірек жасаса вакцина қаншалықты тиімді болатыны белгісіз. Қорғаныс аз болуы мүмкін.

Қазақстандық вакцинаға қашан қол жеткіземіз?

  • Әзірге белгісіз, сәуірде немесе жазда болуы мүмкін. Қандай да бір себептермен, БҚПҒЗИ де, БҒМ де аралық нәтижелерді шығаруға асықпайды және олар бірінші және екінші фазалардың нәтижелерін жарияламай-ақ вакцинацияны бастағысы келетін сияқты. Еске сала кетейін, біздің білетініміз, вакцина инактивтендірілген және үшінші фазаға 3000 адам тартылған. Мен ғалымдарымызға, вакцинаның дұрыс шығатынына сенемін, бірақ, ғылым уақытпен бірге жүргісі келсе жасаушылар нәтижелерді жариялауы қажет. Егер жасаушылардың бірі осыны оқып отырған болса, процесстің ашықтығы аз болған сайын сенімсіздік көбейеді, және түрлі нәрсені ойлап, тіпті ойдан шығаруға болатынын түсінулеріңіз керек.  

Қай вакцинаны ұсынасыз?

  • Қазір сізге қолжетімдісін. Оған қоса болашақта батыстық вакциналарды әкелу жоспары бұлыңғыр болғандықтан, оларды күтудің қажеті жоқ.

АстраЗенека қанды ұйытып жібере ме?

  • Жоқ, тромб тұрғындар арасында жиі кездеседі, себебі тромб – ұйысқан қан. Ал ол түрлі нәрседен ұйысып қалуы мүмкін. Әдетте тромб аз қозғалатын адамдарда пайда болады. Сонымен қатар, оған тамақтану, шылым шегу, ішке қабылдайтын контрацептивтер немесе басқа да дәрі-дәрмекті қабылдау, ұшу, аурулар, жақында жасалған ота әсер етуі мүмкін. Сол себепті, мәселен, сіз жақында ғана ота жасатсаңыз, дәрігерлер ертерек аяғыңызға тұрып, жүріп кетуіңіз керек деп «миыңызды жейді». Медианың назары тым қатты ауғандықтан, болған оқиғалар әсіреленіп кетті. Естеріңізде болсын,  содан кейінгісі салдары деген сөз емес.

Аурудың қазір өршіп кетуіне вакцинацияның қатысы бар ма?

  • Әрине, жоқ. Вакцина сізге вирусты жұқтыра алмайды. Вакцинада вирустың сыртқы қабығының бір бөлігін өндіруге арналған нұсқаулық бар. Жалпы, тірі вируста бұл бөлік қол сияқты жұмыс істейді – ол жасушаға есік ашады. Вакцинада тек бір қолды жинау туралы нұсқаулық бар. Қол басқа жасушаларды көбейте алмайды және жұқтыра алмайды.

Тиімділігі 92% деген нені білдіреді?

  • Бұл дегеніміз – вируспен байланыста болған жұқтыруы мүмкін 100 адамның 8-і ғана ауырады. Бірақ өндірушілердің айтуынша, вакцина вирустың ауыр салдарынан 100% қорғайды. Яғни, сол 8 адам (вакцина әсер етпеген) жан сақтау бөліміне түспейді.

Егер бір вакцинаның тиімділігі 92%, екіншісінікі 74% болса, біріншісі жақсы деген сөз бе?

  • Олай деуге келмес. Вакциналардың тиімділігін салыстыру үшін олар бірдей жағдайда, бір уақытта зерттелуі керек еді. Олай болған жоқ. Кейбір вакциналар пандемияның өршіген кезінде зерттелді, біреулері өйткен жоқ. Оған қоса вакциналар түрлі штаммы бар түрлі елдерде және түрлі адам популяциясына жасалды.

Вакцинацияға қалай дайындалу керек?

  • Бастысы асқынған ауруыңыз болмауы керек. Басқа кездерде нақты дайындық қажет емес. Вакцинациядан бұрын сізді дәрігер қарап, сұрақ қояды. Дене қызуыңызды, сатурацияны, қан қысымын өлшеп, жүрегіңізді, өкпеңізді, тамағыңызды тексеріп, еш жеріңіз ауырмайтынына көз жеткізеді.

Вакцинациядан кейін өзіңді қалай ұстау керек?

  • Үш күн ішінде физикалық күш түсіруге, алкоголь ішуге болмайды, вакцина жасалған жерді буламаған абзал. Ұйқыңызды қандырыңыз, демалыңыз, жақсылап тамақтаныңыз, күйзелісті шектеңіз, вирустан басқа да тәсілдер арқылы (маска, қашықтық, қолды тазалау) қорғануға тырысыңыз.

Вакцинациядан кейін не күтеміз?

  • 2-3 күн ішінде сізде мынадай әсерлер байқалуы мүмкін (бәрінде болады деген сөз емес): дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, бұлшықеттердің ауруы, бас ауруы, бас сақинасының ұстауы, екпе алған жердің ауруы. Мұның барлығы қалыпты әсер: яғни сіздің ағзаңыз күресіп жатыр. Егер сізде ешқандай әсер болмаса, вакцина жұмыс істемеді деген сөз емес. Әркімде әртүрлі әсер байқалады, біреулерде мүлдем болмаса, біреулерде барлығы кездеседі. Оның қандай факторларға байланысты екені әзірге белгісіз.

Вакцинациядан кейін ауырып қалу мүмкін бе?

  • Мүмкін. Сіз, мәселен, екпе жасалған күні ауруыңыз мүмкін. Вакцинада антидене болмайды, оларды сіздің денеңіз вакцинаға жауап ретінде түзеді. Антиденені жасау үшін ағзаға уақыт керек. Әдетте ол 2-3 аптаға созылады. Спутниктің бірінші дозасын қабылдағаннан кейін 3 аптадан соң екіншісін алуыңыз керек. Және екінші дозадан кейін 2-3 апта өткен соң ғана сізді қорғайтын антидененің жеткілікті дәрежесі түзіледі.

Вакцинациядан кейін масканы шешуге бола ма?

  • Олай істемеген дұрыс. Мүмкін сіз 8%-дың ішінде боларсыз? Немесе сізде жеткілікті дәрежеде антидене түзіліп үлгермеген болар? Әрине, қатты сырқаттанып қалмайсыз, бірақ бәрібір жағымсыз болады. Сондай-ақ сіз вакцинация паспортын маңдайыңызға жапсырып қоймайсыз, мен, мәселен, қоғамдық орындарда маскасы жоқ адамдардан алыс жүремін, себебі айналасындағылардың денсаулығына алаңдамайтын адамдарды ұнатпаймын. Жаңа әдеп.

Вакцинациядан кейін оқшаулану қажет пе?

  • Жоқ. Вакцинада екі вирустың бөлшегі болғанымен, олардың ешқайсысы көбейіп, сізге жұға алмайды.

Менің вакцина алғаным туралы құжат беріле ме?

  • Иә, екінші дозаны қабылдағаннан кейін сіздің EGov мобильді бағдарламаңызда вакцинация паспорты пайда болады. Сервистер – цифрлық құжаттарға кіріп – ЭЦҚ немесе SMS арқылы тіркеуден өту керек – жаңарту түймесін басыңыз – Менің құжаттарым бөлігінде вакцинация паспорты пайда болуы керек.

Вакцина алмас бұрын антидене тапсыру қажет пе?

  • Өзіңіз көргіңіз келсе – тапсырыңыз. Антидененің болуы вакцина алуға кедергі емес. Антидене вирустан сіздің жеке қорғанысыңыз. Оны бір рет ауырып немесе вакцина жасатып алуға болады. Орташа есеппен, сырқаттанғаннан кейін антидене 6 ай сақталады. Сол себепті ДДСҰ жазылғаннан кейін 6 айдан соң екпе алуды ұсынады. Сіздің өз қорғанысыңыз жойылғанда жаңа қорғаныс қажет болады. Әзірге вакцинаны мүлдем қорғанысы жоқ адамдарға қалдыра тұруыңызға болады.

Ауырғаннан кейінгі және вакцинадан кейінгі антидененің айырмашылығы қандай?

  • Вакцинациядан кейінгі антидене тұрақты болады, себебі ауырғаннан кейінгі антидене сіздің қалай ауырғаныңызға байланысты түзіледі.

Осыдан төмен болған жағдайда вакцина жасау ұсынылатын антидененің белгілі бір деңгейі бар ма?

  • Мұндай жүйе жоқ, себебі түрлі зертханалар түрлі тест-жүйені пайдаланады. Жаңа мәліметтердің пайда болғанын күтіп, сауыққаннан кейінгі уақытты негізге аламыз.

Вакцинаның жұмыс істеген-істемегенін қалай тексереміз?

  • Сіз екінші дозаны қабылдағаннан кейін 2-3 аптадан соң антидене мөлшеріне талдау тапсыруыңызға болады. МАҢЫЗДЫ: әр зертхананың тесті әртүрлі, олар коронавирустың түрлі ақуыздарына бағытталған. Спутник V вакцинасын алғаннан кейін S-шипке бағытталған тестті тапсыру керек. Әйтпесе, тіпті антидене болғанның өзінде тест нөлді көрсетеді.

Қандай тест-жүйелер S-шипке негізделген?

  • Өндірушілер берген мәліметке сүйенсек, төмендегі тест-жүйелерді пайдалану керек:
    • 1) LIAISON SARS-CoV-2 S1\S2 IgG / Италия, DiaSorin S.p.A,
    • 2) «SARS-CoV-2-RBD-ИФА-Гамалеи»,
    • 3) АО «Вектор-Бест»,
    • 4) «ЕВРОИММУН Медицинише Лабордиагностика ГмбХ».

Спутникті басқа вакциналармен қалай үйлестіруге болады?

  • Жасаушылар былай дейді: бір ай күту. Жалпы мұндай ұсыныстар болашақта да сақталады деп ойламаймын, себебі көп вакцинаны бір уақытта жасау керек. Бірақ әзірге осылай.

Вакцинаның бірінші дозасынан кейін ауырып қалсам не болмақ?

  • Онда екінші дозаны кейінге қалдыра тұрған дұрыс. Қаншалықты? Ауырғаныңызға және антидененің қаншалықты көбейгеніне байланысты. Әр жағдайды жеке қарастыру қажет.

Вакцинаның әсері қанша уақытқа жетеді?

  • Әзірге айту мүмкін емес. Түрлі бағалау мәліметтері бар, бірақ айырмашылық үлкен. Әзірге бірінші вакцина алғандарды бақылап, оларда қанша антидене бар екенін санап, күтеміз.

Егер мен вакцинация алдында суықтап қалсам, қанша уақыт күту қажет?

  • Егер әдеттегі суық тию болса симптомдар біткен соң 2 апта. Егер коронавирус болса – 6 ай.

Мутация не боп жатыр?

  • Вирустар адамдар тәрізді үнемі мутацияланады. Көбейген кезде тірі ағзалар ұрпағы ата-анасына қарағанда табысты болуы үшін генетикалық ақпарат алмасады. Адамдар да үнемі мутацияланады, зигота түзген кезде ғана емес. Жасушаларыңыз бөлінген сайын мутация болуы мүмкін, ал сізде триллиондаған жасуша бар. Бірақ сіздің денеңіз бір жасушадан тұрмағандықтан оларды байқамайсыз да. Вирустың көптеген мутациялары өмір сүруге қабілетті емес болып шығады. Бірақ кейде осындай вирус үшін сәтті түрлері де болып тұрады. Солар таралады.

Вакциналар мутацияланған штаммдардан қорғай ма?

  • Кейбірінен қорғайды. Pfizer мен Модерна вакциналарын британ штаммына тексеріп көрді, жұмыс істейді екен. Басқалары туралы мәлімет жоқ. Спутник V қазір зерттеп жатыр, бірақ әзірге нәтижесін жарияламады. Еске сала кету керек, мутация тек адамдарда және үнемі болады. Тек кей мутациялар басқаларға қарағанда «сәтті» шығады. Сол себепті адамдардың барлығы ертерек екпе алса, вирустың аждаһаға айналу мүмкіндігі де төмендейді.

Вакциналар вирустың болашақтағы мутацияларына тиімсіз бола ма?

  • Теория бойынша болады. Мутация генетикалық материалдың түрлі бөліктерінде үнемі болады. Алайда, вирустың, мутациясыз, өзгеріссіз қалдырған дұрыс болатын «дене» бөліктері бар. Мысалы, Спутникте, Pfizer және Модернада Ace-2 рецепторларына жабысатын S-шип гені қолданылады. S-шип – есіктің тұтқасынан ұстайтын коронавирустың қолы сияқты — AПФ-2 рецепторы — жасушаның ішіне кіру үшін. Сондықтан, егер бұл бөлік қатты өзгеріп, «қолдың» орнына «көз» өссе, вирус өміршең болмайды.

Вакцина тым жылдам жасап шығарылды ма?

  • Шын мәнінде олай емес. 10 жыл деген идеядан бастап вакцинаны нарыққа шығарғанға дейінгі уақытты алады. Бізде вакцина өндіруге арналған технологияның бәрі болды және вирустың генетикалық коды да ашық қолжетімділікте болды. Тіпті вакцинотехнологияның ең жаңасы  мРНК-ға да 50 жыл болды. Иә, 10-12 ай дегеніміз – өндірісте бұрын болмаған жылдамдық. Неге бұлай болды? Әлемнің көптеген зертханалары вакцина өндіру үшін басқа зерттеулерін шегеріп қойды. Оған қоса, ғалымдарда ешқашан мұндай көп ақша болмаған шығар. Себебі мемлекет те, көптеген жеке компаниялар да өндіріске миллиондаған, миллиардтаған ақша бөлді. Әдетте зерттеулер кезеңмен жүргізіледі, зерттеудің әр фазасынан кейін ғалымдар вакцинасының пайдалануға жарамды екенін ақша бөлетін фармкомпаниялардың алдында дәлелдейді. Және бұл жерде ақша араласқандықтан бюрократиялық процесс өте баяу жүреді. Коронавакцина жағдайында фаза бірге жылжып отырды. Яғни, жолдың ортасына келгенде вакцинаның пайдасыз екені анықталса – фармкомпаниялар көптеген ақшасынан айырылады. Әсіресе, осы жағдайдағы тәрізді вакцина өндіру зерттеудің барлық фазасы аяқталғанға дейін басталып кетсе. Тағы бір себеп – вакцинаны сынақтан өткізу үшін еріктілерді жинау керек. Бұл вирустың кезінде еріктілер жеткілікті болды.

Вакцина аз зерттелген бе?

  • Қазіргі күні әлем бойынша 564 миллион адам екпе алды, тиімділігі мен қауіпсіздігіне қатысты ондаған мақала жарияланды. Ақпарат көп және күн сайын жаңарып жатыр. Айтпақшы, 200-ден астам зертхана вакцина шығару жарысына қатысты, 100-ге жуық вакцинаны зерттеп жатыр, қазір әлемнің кем дегенде бір елінде 13 вакцина рұқсат етілген. Біз көптеген вакциналардың жарыс жолынан шығып қалғанын немесе олардың дайындауды бәсеңдетіп, вакциналарды нақтылау немесе өзгерту үшін бастапқы «сызбаларға» қайта оралғанын көреміз. Яғни олар вакцинаның тиімділігі мен қауіпсіздігін дәлелдемек. Вакциналар үнемі зерттеліп отырады және оларға әрдайым баса назар аударылады, өйткені бұл емдеу емес, алдын алу құралы. Медиа көп жағдайды қатты әсірелеп жіберетінін ұмытпаңыз. Сондықтан, егер бұл мәтінді журналистер оқып отырса, есіңізде болсын – сіздің мақалаңыз адамдардың денсаулығы мен өміріне әсер етеді.

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz