Астана әкімдігі қала баннерлеріне 397 млн теңге жұмсамақшы

Жыл басында Factcheck.kz редакциясы Петропавл әкімдігі үкіметтің қала тұрғындары игілігіне жасаған табысты жұмысын паш ететін баннерлер орнатуға 83 миллион теңгені қалай жұмсағалы жатқанын айтып, мемлекеттік бюджетті бұлай пайдалану қаншалықты орынды екеніне күмән келтірген-ді.

Жақында біз Астана әкімдігі де қыруар қаржыға баннер ілуді ұнататынын білдік. Елорда билігі жарнамалық құрылымдарға қанша ақша жұмсайтынын және олардың не үшін орнатылғанын айтайық.

Бір компанияға бес контракт

2024 жылы Астана қаласының ішкі саясат басқармасы жарнамалық құрылымдар туралы ақпаратты орнату және орналастыру бойынша жеті келісім-шарт жасады. Оның бесеуі бір компания – «Modern Advertising Solutions» ЖШС-мен жасалды. Бір қызығы, Kompra.kz мәліметі бойынша, компания бес жылдан астам жұмыс істеп келеді, бірақ 2024 жылға дейін мемлекеттік сатып алуға ешқашан қатыспаған.

Келісім-шарттардың қалай жасалғаны да қызық. Оның біріншісіне 14 наурызда 50 800 000 теңгеге қол қойылды. Бұл ақшаға қыркүйектің 8-14 аралығында өтетін бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойынына арналған бүкіл қала бойынша көптеген жарнамалық баннерлер орнатылуы керек. Техникалық шарттарға сәйкес, жеткізуші аялдамаларда 250 баннер, автобус сыртына 50, әуежай мен вокзалдың ішінде 10 баннер және қаланың төрт медиафасадында көрсетілетін тағы бір бейне жарнаманы орналастыруға міндетті.

Екінші келісім-шарт сол күні, бірақ 60 715 000 теңгеге жасалған. Бұл тендер де Дүниежүзілік көшпенділер ойынына арналған. Келісімге сәйкес, жеткізуші алты желіаралық қалқанға, 300 дана жарнамалық-ақпараттық панельдерге жарнама материалын, сондай-ақ орталық көшелердің бойында орналасқан 13 LED экрандарға бейнежарнама орнатуы керек. 

Қалған үш келісім-шарт та бір күнде – 4 сәуірде жасалған. Бұл келісімдер ұлттық мерекелерге, есте қаларлық оқиғаларға және тарихи даталарға орайластырылған. Алайда нақты қай күндер екені жазылмаған.

Оның ең ірісі62 250 000 теңгеге жасалған келісім-шарт. Құжаттарға сәйкес, жеткізуші қалалық жарнамалық-ақпараттық панельдерге 600 жарнамалық материалды және билбордтарға 15 жарнаманы орнатуға міндетті. Келісім-шарттың бір жылға жасалған.

«Modern Advertising Solutions» ұтып алған келесі тендердің құны 55 967 000 теңге. Бұл ақшаға компания әуежай мен вокзалдардағы 10 ақпараттық панельге әлеуметтік жарнаманы орналастырып, қала ішінде орналасқан 47 LED экранды безендіруі керек. Әлеуметтік жарнаманың қандай түрін көрсету керек екені белгісіз. Тек барлық контент тұтынушымен келісу керек екендігі көрсетілген.

Соңғы келісім-шарт 50 396 000 теңгеге жасалған. Ол да әлеуметтік жарнамаға қатысты. Бұл жолы жеткізуші 40 жарнамалық-ақпараттық панельді, әуежай мен вокзалдағы 10 ақпараттық панельді, сондай-ақ жол бойындағы 17 LED-экранды безендіруі тиіс.  

Осылайша, бұрын-соңды мемлекеттік сатып алуға қатысып көрмеген компания жалпы сомасы 280 128 000 теңгеге бес тендер ұтып алған.

Дегенмен, «Modern Advertising Solutions» ЖШС жарнамалық келісім-шарт алған жалғыз мекеме емес. Оның үстіне ең үлкен келісім-шарт оған емес, «”Жария” халықаралық орталығы» қоғамдық қорына берілді. Астана қаласының ішкі саясат басқармасы оған жарнама құрылымдарына тақырып бойынша материал орнатуға 63 202 500 теңге бөлді.

Бұл тендер де бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойынына орайластырылған. Техникалық шарттарға сәйкес, жеткізуші алты билбордқа, лайтбокс пен скроллерге 70 постер орналастырып, тұрғын емес ғимараттардың ішінде орналасқан 46 сыртқы LED экрандар мен жүз мониторға жарнамалық бейнероликтердің көрсетілуін қамтамасыз етуі тиіс.

Тағы бір жарнамалық келісім-шарт «СИГНУМ ТРЕЙД» ЖШС-не берілді. 54 210 000 теңгеге жеткізуші 300 жарнамалық-ақпараттық тақтаны, 600 аялдаманы және 150 қалалық пилонды безендіруі керек. Бірақ қала әкімдігінің қандай материалдарды орнатуды жоспарлап отырғаны көрсетілмеген.

Жарнамалық баннерлер мен билбордтарды орнатуға қала билігі жалпы алғанда 397 540 500 теңге жұмсайды екен. Әзірге әкімдік жеткізушілерге қызмет ақысын төлемеген.

Бұрын қалай болған

Алдыңғы жылдары елорда әкімдігі қалалық билбордтарды безендіруге қомақты қаржы бөлді, алайда биыл шығын айтарлықтай өскен. Мысалы, 2023 жылы Астана билігі жарнама бойынша жалпы сомасы 230 602 677 теңгеге төрт келісім-шарт жасады.

Оның үстіне, оның үшеуі «NEW LEVEL» ЖШС-не кетті: біріншісі68 116 071 теңге, екіншісі57 477 678 теңге және үшіншісі40 283 928 теңге. Тағы бір келісім-шарт бізге таныс «СИГНУМ ТРЕЙД» ЖШС-мен 64 725 000 теңгеге жасалды.

2022 жылы жалпы сомасы 139 014 285 теңгеге екі келісім-шарт қана жасалған. Біріншісі 75 800 000 теңгеге «EMAAR Project» ЖШС болса, екіншісі 63 214 285 теңгеге «NEW LEVEL» компаниясына бұйырды.

2021 жылы да 167 292 857 теңгеге екі келісім-шарт жасалған. Біреуі «NEW LEVEL» ЖШС-мен 97 142 857 теңгеге, екіншісі «СИГНУМ ТРЕЙДПЕН» 70 150 000 теңгеге жасалған, бірақ іс жүзінде әкімдік компанияға аталған соманың 40 367 949 теңгесін ғана төлеген. Осыны ескерсек, келісім-шарттардың жалпы сомасы 137 510 806 теңгеге дейін қысқарады.

2020 жылы әкімдік «СИГНУМ ТРЕЙД» компаниясымен жарнама бойынша бірден 223 214 285 теңгеге бір ғана келісім-шарт жасады.

Қорытынды

2024 жылы Астана әкімдігі қаладағы жарнамаға өткен бес жылмен салыстырғанда рекордтық соманы жұмсап қана қоймай, алдыңғы екі жылдың бюджетінен асып түсті. 2023 және 2022 жылдары шығын 369 616 962 теңге болса, бұл биылмен салыстырғанда 27 923 538 теңгеге аз.

Шығынның едәуір бөлігі, шамамен 175 миллионы Дүниежүзілік көшпенділер ойынын жарнамалауға жұмсалады. Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі күрделі су тасқыны жағдайына байланысты іс-шараның бюджетін қысқарту туралы бұйрық бергенін еске сала кетейік. Бұл жарнамалық шығындарға әсер ете ме, жоқ па, әлі белгісіз.

Сонымен қатар, қандай жарнаманы орналастыру жоспарланғаны көрсетілмеген келісім-шарттарға қатысты сұрақтар туындайды.

Родился в городе Алматы. Окончил факультет журналистики в КазНУ им. Аль-Фараби. С 2017 года работал корреспондентом в нескольких казахстанских изданиях.

Factcheck.kz