Шымкент полиция департаменті журналист Марина Низовкинаны елден шығармақ болған

Шымкент қалалық ІІД журналист Марина Низовкинаны Ресейге депортациялауды талап етіп, сотқа шағым түсірді. 2 мамырда сот отырысы өтіп, оның нәтижесінде Низовкинаның пайдасына шешім шығарылды. Бұл туралы Atameken Business хабарлады.

Сотқа шағым жергілікті қоғамдық кеңес мүшесі Рүстем Әшетаевтың апелляциялық шағымынан кейін түскен. Марина Низовкинаның 2023 жылғы сайлау кезінде мәжілісмен Бақытжан Базарбектің жазбасының астына қалдырған пікірі оған ұнамады. Ол мәслихат депутат болуға үміткер Әшетаевқа ішінара қатысты еді.

“Әшетаевтың кандидатурасы мен үшін біршама күмәнді екені туралы түсініктеме жаздым, өйткені ол бір кездері ипподромды бұзып, оның орнына BI Group компаниясының үйін салуды жақтаған. Ол кезде шымкенттік тұрғынның жартысы, одан да көп бөлігі бұл құрылысқа қарсы болған. Біз тоқтамай мақала жаздық, сол жердегі ипподромда адамдар пикет өткізді. Бақытжан да ипподром мен тұрғындардың мүддесін қорғап, тұрғын үй кешенінің салынуына жол бермеуге тырысты. Мен болашақ мәжілісменнің есіне осыны салдым. Ал Әшетаевтың айтуынша, мен сайлауға қатты араласып кетіппін” , — деді Низовкина 29 сәуірде Instagram желісіндегі жеке парақшасында.

Сот отырысында журналистің адвокаттарының бірі Рена Керимова Низовкинаның тек Ресейге оқуға кеткенін, бірақ оның бүкіл өмірі өзінің туған жері Шымкент қаласында өткенін айтты. Shishkin_like басылымы Низовкинаның бюджеттік негізде оқу үшін Ресей азаматтығын алғанын жазды. Оқыған соң ол Қазақстанға оралып, азаматтық алуға әрекеттеніп жатқанын, қазір ықтиярхатпен тұрып жатқанын айтады.

Полиция департаментінің талап-арызында басқа нәрселермен қатар иммиграциялық заңнаманы бұзғаны үшін айыппұл қарастырылған. Низовкинаның айтуынша, оны жаңа мекен-жайға тіркеуге жібермей, процесті кешіктіріп, кейін әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаға қол қоюға мәжбүрлеген.

Сот отырысының нәтижесінде сот журналист жағына шықты. Алайда, Низовкина полиция бұл шешімді жоғарғы сотта даулайды деп есептейді. Журналистің адвокаттары өз кезегінде Ішкі істер министрлігіне арыз жолдауды жоспарлап отыр.

Factcheck.kz