Қазақстанға әйел полиция неге керек?

2023 жылғы қарашада Ұлжан есімді алматылық тұрғынның резонанс тудырған оқиғасы БАҚ пен әлеуметтік желіні «аяққа тік тұрғызды». Оның айтуынша, осыдан екі ай бұрын тамыз айында жергілікті бардың бірінде күзетші зорлаған. Ер адам не болып жатқанын телефон камерасына түсіріп, әйелді пышақпен қорқытқан. Бір кезде күзетшінің қолынан сытылып шығып, пәтеріне қашып кіріп, полиция шақырған. Ұсталғаннан кейін күдікті видеоны дәлел ретінде келтіріп, барлығы екі жақты келісіммен болғанын алға тартқан.

Кейін адвокат Жанна Мұхамади хабарлағандай, Ұлжанды зорлау фактысы таңғы алтыдан кешкі 21:37-ге дейін 15 сағат бойы тіркелмей прокуратураға хабарласқаннан кейін барып, істі Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізген. Сонымен қатар, полицейлер жәбірленушіге келіп, болған жағдайды дәлелдеу қиынға соғатынын айтып, одан арызды қайтып алуын талап еткен. Сараптама мен жауап алу кезінде де қысым жасаған.

Ұлжанның адвокаттары қанша ескертсе де, көп ұзамай күдіктіден тілхат алып, оны босатып жіберген. Амалы таусылған әйел қараша айының басында полицияның немқұрайлығы мен салғырттығына биліктің назарын аудару үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық видео-үндеу жолдаған. Бұл оқиға БАҚ-та белең алған кезде, қарашаның ортасында ер адамды қайта қамауға алды, бірақ басқа себеппен — ол басқа адамға шабуыл жасаған.

Тек 2024 жылғы 10 қаңтарда қоғамдық наразылықтың арқасында прокуратура Ұлжанды зорлау ісін Алматы сотына жіберді. Өлтіремін деп қорқытып зорлады деп айыпталған бардың күзетшісінің үкімі 26 сәуірге жоспарланған еді, кейін net_nasiliu.almaty Instagram парақшасы үкімнің 29 сәуірде шығатынын жазды.

Бұл мақалада дата-журналист Зульфия Раисова Қазақстандағы полицияға деген сенімнің ахуалын, құқық қорғау органдары гендерлік зорлық-зомбылыққа қатысты құқық бұзушылықтарды неге тіркеуге асықпайтынын, әйел полицейлер бұл мәселенің шешімі бола ала ма деген мәселелерді қарастырады.

Ақтал(ма)ған сенім

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, 2023 жылы 639 істің 453-і сотқа дейін жеткен. 2019 жылмен салыстырғанда Қазақстанда зорлық-зомбылық азайып, апелляциялық шағымдардың көбі сотқа дейін жететін сияқты. Дегенмен, сарапшылар ресми статистиканың нақты жағдайды көрсетпеуі мүмкін екенін айтады, өйткені полиция Ұлжанның жағдайына ұқсас жәбірленушілерді арыз жазудан тайдыру үшін барын салады.

«Тәжірибеме сүйеніп айтсам, бұл мәселе учаскелік полиция деңгейінде туындайтыны анық. Бұл істі дұрыс қарап, сотқа жеткізуді білмейтін полицейлердің құзыретін көрсетеді. Олардың кейбірі сотта жеңіліп қаламын ба деп қорқып, істі жіберуді кейінге қалдырады», - дейді құқық қорғаушы Халида Әжіғұлова.

Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы 2019 жылы Қазақстан полициясы әйелдерді өз мәлімдемелерінен бас тартуға және агрессормен татуласуға жиі шақыратынын атап өтті. 2024 жылғы 15 сәуірде отбасылық зорлық-зомбылық татуласқаннан кейін бір жыл өткен соң қайталанса, тараптардың татуласуын болдырмайтын заңнама қабылданды.

Қазақстан Республикасы Ұлттық статистикалық бюросы 2023 жылғы қазан-қарашадағы «Халықтың құқық қорғау органдарына сенім деңгейі» сауалнамасының нәтижесі бойынша әйелдердің 64,5%-і полицияға сенім білдіреді, 27,4%-і ішінара ғана сенеді, 3,4% көп жағадайда сенбейді, 3% мүлде сенбейді, 1,7% жауап беруге қиналған.

Бір қызығы, 2019 жылы ұқсас сауалнамадағы сенім деңгейі айтарлықтай төмен, 39% болған. Ресми деректерге сүйенсек, полицияға деген сенім деңгейі 4 жыл ішінде айтарлықтай артқан. Бірақ зорлық-зомбылық көріп, құқық қорғау органдарынан тиісті көмек көрмеген, тіпті олардың қысымына ұшыраған Ұлжан сияқты әйелдердің көптеген оқиғасы мұндай сенімнің ақталмайтынын көрсетеді.

Сонымен қатар, зорлық-зомбылық, оның ішінде сексуалды зорлық-зомбылық полиция тарапынан да болады. 2023 жылдың аяғында Қазақстанды дүрліктірген оқиға – Алматыда екі полицейдің 14 жасар қызды зорлады деп айыпталды. Дәл солай 2020 жылы Балқашта полицей қызметкері қыз зорлады деген айыппен сотталған-ды.

Сонымен бірге, ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің полиция реформасы бойынша ұлттық сарапшысы Эльмира Хисамутдинованың айтуынша, азаматтардың полицияға деген сенімне журналистер, блогерлер мен жалпы ақпарат ағыны әсер етеді.

«Бұқаралық ақпарат құралдарында "жаман" полиция қызметкерлері туралы әңгімелер жиі жарияланады, бірақ заңға бағынатын, кәсіби әрі адал қызметкерлердің қаншамасы "кадр сыртында" қалады, олар өздерін аямай, күн сайын, кейде отбасы мен денсаулығын ұмытса да  аянбай еңбек етеді? Сондықтан ойдың тұзағына түспей, полицияға деген сенім деңгейін нақты анықтау өте қиын», - дейді сарапшы.

Халида Әжіғұлованың сөзінше полиция қызметкерінің әрбір істі сотқа жеткізуге тырысуы үшін олардың құзыретін шыңдау қажет деп есептейді.

«Әрбір қылмыскер жазасын алуы керек. Бар мәселе білімде – құқық қорғау органдарына гендерлік зорлық-зомбылықтың не екенін, оның неліктен болатынын трениң арқылы түсіндіру маңызды. Билік заңды өз стереотиптері мен наным-сенімдерімен алмастырмағаны абзал», — дейді Әжіғұлова.

Қоғамға қауіпсіздік қажет

Полицияның қылмысты тіркеуге құлық танытпауы Эльмира Хисамутдинованың айтуынша, жүйелі проблеманың салдары.

Сарапшы атап өткендей, құқық бұзушылықтың алдын алу тек полицияның міндеті деген қате пікір бар, ал шын мәнінде бұл іске барлық мемлекеттік органдар халықпен қоян қолтық атсалысуы керек.

Жедел-іздестіру бөлімшесінің жұмысы – тәртіп бұзушыларды кейіннен заңда көзделген жауапкершілікке тарту үшін халықтың маргиналды бөлігін анықтау. Бірақ қылмыс неғұрлым көп тіркелсе, оның алдын алуға жауапты полиция қызметінің статистикасы да нашарлайды.

«Сондықтан қылмысты жасыру, статистикалық мәліметтерді бұрмалау, соның салдарынан нақты жағдайды бұрмалау қаупі бар. Осындай бұрмаланған статистиканың негізінде маңызды стратегиялық және ұйымдастырушылық шешімдер қабылданады, олар кейіннен қате болып, тіпті қатерге әкелуі де мүмкін», - дейді, Хисамутдинова.

«Тұлға мен қоғам үшін маңыздысы құрғақ сан емес, жеке қауіпсіздік сезімі, халықаралық тәжірибе көрсеткендей, оқиғаларға жедел ден қою, полицияның есеп беруі мен ашықтығы және қажетсіз бюрократия мен қағазбастылықты азайту арқылы қол жеткізуге болады», - деп қорытындылайды сарапшы.

Елге әйел полицейлер қажет

«БҰҰ-Әйелдер» мәліметі бойынша, әлемде ұлттық полиция қызметіндегі әйелдердің орташа өкілдігі кейінгі бес жыл ішінде екі процентке өсіп, шамамен 18,2%-ке жеткен. 2021 жылы деректері бар 52 елде полициядағы әйелдің үлесі 5%-тен 46%-ке дейін, ал көптеген елде 15-20% аралығында болды.

Біріккен Ұлттар Ұйымы көрсеткіштердің жақсарғанына қарамастан, халықаралық қауымдастық өзінің ұжымдық міндеттемесін және маңызды өсімге қол жеткізу үшін күш-жігерін жаңартуы керек дейді. Әйелдің полиция қызметіне қатысуы сот төрелігін жүзеге асыру үшін, соның ішінде тұрмыстық, сексуалдық және гендерлік зорлық-зомбылықтың басқа түрлерінің құрбандары үшін маңызды әсер етеді, олар әйел полиция қызметкерінен көмек сұрауы мүмкін.

2023 жылғы желтоқсанда Орталық Азия елдерінің әйелдер диалогының халықаралық конференциясында Қазақстанның әрбір қаласында әйелдер полициясының бөлімшелерінің ашылатыны туралы айтылды. 2023 жылы Қарағандыда әйелдер полициясы учаскесін ашу бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Мұнда Оңтүстік Кореяның тәжірибесі қолданылды. Станция қызметкерлері – әйел полицейлер тұрмыстағы зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік, психологиялық және құқықтық көмек көрсетеді. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бұл бастама алдағы уақытта бүкіл елге таралатынын айтты.

Ол сондай-ақ әйелдер мен кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық қылмыстарын тергеу үшін әйел тергеушілерге штат ашылып, республика бойынша тергеу топтарына 280 әйел тергеуші кіргенін айтты.

Эльмира Хисамутдинованың айтуынша, әйелдер полициясы жұмысының тиімділігіне қатысты зерттеулер әртүрлі нәтиже көрсетеді: олардың тиімділігін кейбіреулер растаса, басқалары растамайды. Дегенмен, психологиялық тұрғыдан, әсіресе жыныстық зорлық-зомбылық туралы сөз болғанда, әйел әйелге көбірек сенеді. Оның үстіне дүниежүзілік тəжірибеде құқық қорғау органдарындағы əйелдердің санын көбейтудің тиімді жақтары бар екені дəлелденген.

«Әйел полицейлер қажетсіз күштерді аз пайдаланады, мәселелерді шешу дағдыларына ие, аз шағымдар мен сот істеріне қатысады, қоғам шыншыл және жанашыр деп қабылдайды, қылмыс құрбандары үшін, әсіресе жыныстық зорлық-зомбылық жағдайларында жақсы нәтижеге қол жеткізеді және бет-албат адамды қамай бермейді», - деп қорытындылады Эльмира Хисамутдинова.

Фото: ҚР Ішкі істер министрлігі

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz