Қытай кәсіпкерлерге 1%-тік несие беріп жатыр ма?

27 наурызда өткен мәжіліс отырысында депутат Қайрат Балабиев Отандық жеңіл өнеркәсіптің дамуына елдегі кәсіпорындарға салынатын салықтың көп болуы кедергі деген мәлімдеме жасады. Депутаттың сөзінше Қытайда жеңіл өнеркәсіп саласында жүрген кәсіпкерлер үшін қосымша құн салығының ставкасы бар болғаны — 1%.

Депутаттың мәлімдемесі (тайм-код: 1:57:57)

Factcheck.kz депутаттың сөзін тексерді.

Мәлімдеме: Қытайда жеңіл өнеркәсіп саласында жүрген кәсіпкерлер үшін қосымша құн салығының ставкасы 1 пайызды құрайды. Егер компанияның айналымы тоқсанына 300 000 юаньнан аспаса, онда қосымша құн салық мөлшерлемесі тіпті – 0 пайыз!

депутат Қайрат Балабиев

Үкім: Манипуляция

Қытайдың қосылған құн салығын реформалау саясатына сай, 2023 жылдан бастап шағын салық төлеушілер үшін сатудан түскен салық мөлшері — 3%, ал қосылған құн салығының мөлшері — 1%. Сонымен қатар ай сайынғы сату көлемі 100 000 юаньнан аз шағын салық төлеушілер ҚҚС-тан босатылады.

Депутат сөзінде бұл саясат жеңіл өнеркәсіппен айналысатын кәсіпорындарға жүргізіледі деді. Бірақ бұл шағын салық төлеушілер санатына, яғни жылдық сату көлемі 800 000 юаньнан аспайтын кәсіпорындар үшін қолданылады. Қытайда жалпы салық төлеушілер ретінде тіркелген жеңіл өнеркәсіппен айналысатын ірі кәсіпорындар болуы да ықтимал. Сол себпті бұл жеңілдетілген салық жүйесі жеңіл өнеркәсіп саласына арнаулы жасалған деп айта алмаймыз.

Қытай Халық Республикасынның салық жүйесіне сәйкес, ҚҚС төлеушілер екі санатқа бөлінеді: жалпы ҚҚС төлеушілер және шағын ҚҚС төлеушілер. Жалпы салық төлеушілерге 17% мөлшерінде базалық ставка бойынша салық салынады, төмендетілген салық ставкасы – 13%.

Қазақстанда салынатын ҚҚС ставкасы Қытайдың шағын салық төлеушілеріне салынатын ҚҚС-тан салыстырмалы түрде жоғары. Өнеркәсіп үшін ҚҚС мөлшері Қазақстанда — 12%.

Мәлімдеме: Қытай 15 жыл бұрын өндіріс ағынын арттыру және бәсекеге қабілеттілікті жақсарту үшін несиелерді 1 пайызбен бере бастады.

депутат Қайрат Балабиев

Үкім: Жалған

Ашық деректерден Қытайда кейінгі 15 жылда несие 1%-тік мөлшерлемеде берілгеніне қатысты ақпарат таппадық.

Мәслен ірі кәсіпорындарға берілетін корпаративтік несие ставкасы 2021 жылы 4,61% болған. Ақпараттық бюлетеньде бұл кейінгі 40 жылдағы ең төменгі көрсеткіш екені жазылған. Демек корпоративтік несие 1%-тік мөлшерлемемен берілмеген.

Орта және шағын кәсіпорындарға берілетін несие мөлшерлемесі де белгіленген базалық проценттік мөлшерлеме көлемінде сақталады. Шағын және орта бизнеске берілген несие мөлшерлемесі 2020 жылы 4,48%, 2022 жылы 4,45% болған.

Ресми деректерге сәйкес, Қытайда кредиттің базалық проценттік мөлшері 2010 жылы 5,35% 2023 жылы 3,45% болған. Ұдайы осы аралықта өзгеріп отырған.

Factcheck.kz