Апталық шолу: Смышляева мәлімдемесіне фактчек, коронафейк, Навальный және басқалары

Осы аптада Factcheck.kz Қазақстан мен басқа да елде тараған ақпараттарды тексерді. Жарияланған материалдарды бірге еске түсірейік.

Фактчек | Смышляева мемлекеттік қызметке сұраныс пен жалақы туралы

26 мамырда Парламент Мәжілісінің кезекті пленарлық отырысында Nur Otan партиясының депутаты Екатерина Смышляева өзінің депутаттық сауалында мемлекеттік қызметтегі жұмысқа деген сұранысты арттыру керек деп мәлімдеді. Оның айтуынша, соңғы кезде бұл саладағы мамандардың беделі айтарлықтай төмендеген, ал қатардағы мемлекеттік қызметшілердің жалақысы елдегі орташа деңгейге жетпей отыр. Factcheck.kz депутаттың кейбір мәлімдемелерін тексеріп көрді.

Мәлімдеме: Бүгінгі күні елімізде 96 мың мемлекеттік қызметші бар, оның 14 мыңға жуығы ауылдық жерде жұмыс істейді.

Е. Смышляева

Үкім: Шындық және Үкім жоқ

Соңғы рет жарияланған «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызметтің жай-күйі туралы ұлттық баяндамаға» сәйкес, 2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мемлекеттік қызметшілердің штат саны – 96 910. Бұл депутат келтірген мәліметтерге сәйкес келеді.

Бұл ретте баяндамада мемлекеттік қызметшілердің қаншасы ауылдық жерде жұмыс істейтіні көрсетілмеген, сондықтан мәлімдеменің бұл бөлігін тексеру мүмкін емес. Бұл туралы ақпарат басқа ашық көздерде де жоқ. (Сондықтан ешқандай үкім шығармадық.) Толығырақ мына сілтемеде.

Вакцинада шошқа желатині мен эмбрионал жасушалар бар ма?

Бірнеше ай көлемінде әлеуметтік желіде вакцинаның құрамына қатысты түрлі ақпарат тарап жатыр. Хабарламаның бірінде екпе құрамында шошқа желатині бар екені жазылса, келесісінде HEK 293 туралы (Жасуша желісі Human Embryonic Kidney 293) айтылады. Бұл хабарламаларда вакцинаның «‎халал»‎ екеніне күмән келтіреді. Оқырманымыз үшін маңызды екенін ескере отырып, Factcheck.kz бұл деректердің қаншалықты шындыққа жанасатынын тексерді.

Жақында желіде қытайлық коронавирусқа қарсы вакцинаны жасаушылар препараттың құрамындағы шошқа желатинін жасыруға тырысқаны туралы жаңалық пайда болды.

Желіде тараған ақпарат

Үкім: Фейк

Қазір Қытайдың кем дегенде екі вакцинасы белсенді түрде егіліп жатыр, тағы бірнешесі кандидат тізімінде тұр. Ал Индонезия секілді тұрғынының көп бөлігін мұсылмандар құрайтын мемлекет Қытайдың Sinovac екпесін «‎халал»‎ деп мойындады. Қазақстнаға келген, Біріккен Араб Әмірлігінде өндірілген, қытайлық Sinopharm компаниясының екпесінде шошқа желатині жоқ. Sinovac компанииясының CoronaVac екпесінің құрамынан да шошқа желатині табымаған. Толығырақ мына сілтемеде.

Ресейде «Жемқорлықпен күрес қоры» мен Навальный штабтары «экстремистік ұйым» деп танылды

Мәскеу қалалық соты қамауда отырған ресейлік оппозиция жетекшісі Алексей Навальный негізін қалаған «Жемқорлықпен күрес қоры» (бұрын Ресейде “шетел агенті” деп танылған) мен Навальный штабтарын «экстремистік ұйым» деп таныды.

Сот бұл ұйымдарды тарату туралы шешім қабылдады және Навальныйдың штабтары қызметін дереу тоқтату керек. Алайда сот шешімі апелляциядан соң қайта қаралуы мүмкін.

Кездесу соңында ФБК-ның барлық адвокаты сот отырысының біржақты болғанын айтып, процесстен шығып кетті. Соттан кейін қамауда отырған Навальныйдың инстаграм парақшасында «мақсатымыз бен идеямыздан бас тартпаймыз. Бұл біздің ел, бізде басқа отан жоқ» деген хабарлама жарияланды. Толығырақ мына сілтемеден оқи аласыз.

Access Now: биометриялық технология адам құқығын таптайды

Адам құқығын қорғайтын Access Now ұйымы басқа да ұйымдармен бірге биометриялық бақылау технологиясына тыйым салу туралы ашық хат жариялады. Бұл туралы ұйымның ресми сайты хабарлады.

Ұйымның хабарлауынша, азаматтарды жаппай бақылау және бет-әлпетті танитын биометриялық технологияларын қолдануға тыйым салу қажет. Мұндай құрал азаматтардың қайда жүргенін анықтап, қадағалауға қабілетті.

Мұндай тәжірибеге біржола тыйым салу қажет. Бет-әлпетті қашықтан танитын биометриялық технология арқылы азаматтарға қарсы дискриминация жасалады. Бұл технологияны «теріс мақсатта пайдалану» ықтималдығы өте жоғары және оның салдары қоғам үшін қауіпті. Азаматтық қоғамның 175 ұйымы, қоғам белсенділері, технологтар және әлем сарапшылары шешім қабылдаушыларға мұндай технологияға тыйым салу туралы ашық хат жолдайды. Себебі бет-әлпетті танитын бақылау технологиясы адам құқығын таптайды.

Access Now ұйымы

Бұған дейін Қытай билігі адамның көңіл-күйін анықтайтын арнайы камераны Шыңжаңда қамалған ұйғырларға сынаған. Анонимді автордың сөзінше, арнайы технология арқылы қамаудағылардың көңіл-күйін анықтауға болады. Құқық қорғаушылардың болжауынша, билік бұл камераны қоғамға бақылау орнату үшін пайдаланады.

Басқа қандай материал жарияланды

Біздің әлеуметтік желідегі инстаграм, телеграм және фэйсбук парақшамызға жазылуды ұмытпаңыз. Егер Қазақстанның және басқа да медиада жарияланған материалға күмән келтірсеңіз, редакциямызға хабарлассаңыз болады. Шындыққа әркімнің-ақ бар таласы.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz