«‎Кәріқыз»‎ қант диабетін емдей ме?

Халық арасында мессенжер, әлеуметтік желі және халық медицинасына арналған сайттар арқылы «‎кәріқыз шөбінің түрлі пайдасы, оның ішінде қант диабетінің емі болатыны туралы»‎ ақпарат тарады. Оқырмандарымыздың өтінішінен соң мәселенің анық-қанығын тексеріп көруге тырыстық.

Ескерту! Шөптер бір-біріне ұқсайтынын, кейбірінің айырмашылығы лабораториялық жағдайда ғана анықталатынын ескере отырып, материал видеодағы шөптің түріне емес, автордың айтқан сөзіне негізделіп жазылды.

Ел арасында тараған видео

Видео авторы қант диабеті кезінде кәріқыз шөбінің пайдасы туралы айтады. Оның сөзінше шөпті алғашқы пайдаланғаннан-ақ пайдасын көруге болады-мыс.

Үкім: Манипуляция

Қазақша кәріқыз деп аталатын шөптің ғылыми атауы Lappula. Оның қант диабетінің еміне пайдаланылатыны туралы зерттеу табылмады. АҚШ-тың Биотехнологиялық ақпараттың ұлттық орталығында жарияланған материалда авторлар қант диабетіне ем болатын шөптерге жасалған зерттеулерді тізбектеген. Ол жерде кәріқыздың диабетке әсері туралы дерек жоқ. Сайттың тағы бір материалында 1 200 шөп түрі әр түрлі дереккөзде қант диабетінің емі деп саналса, оның тек 400-і ғылыми зерттеуден өткендігі айтылған. Алайда әлдеқандай шөпті дертке дауа деу үшін нақты зерттеу нәтижелері керек.

Кәріқыз туралы бірер сөз

Lappula — Boraginaceae тұқымдас бірнеше нұсқасы бар гүлді өсімдік түрі. Ол жыл сайын өседі және иіле домалақтанған түрде гүлдер мен тікенді жемістер береді. Танымал түрлерінің бірі улы арамшөп — Lappula squarrosa. Ашық деректен қарасақ, өсімдіктің бұл нұсқасы Қазақстанда да өседі. Сондықтан мұндай ақпарат мұқият тексеруді қажет етеді.

«‎Кәріқыз»‎ қант диабетін емдей ме?
Lappula squarrosa-ның өсу аймағы

Кейде кәріқыз деп қызылбояуды да айтып жатады (лат. — Galium verum). Олы шынымен-ақ халық медицинасында, ірімшік өндірісінде белсенді түрде пайдаланылады. Алайда бұл мүлде басқа тұқымдас және оның түрі де өзгеше. Қызылбояуды да қант диабеті кезінде пайдалануға болатыны жөнінде зерттеулер жоқ.

«‎Кәріқыз»‎ қант диабетін емдей ме?
Нағыз қызылбояу. К. А. М. Линдманның Bilder ur Nordens Flora кітабынан ботаникалық иллюстрация, 1917-1926

Қант диабеті туралы бірер сөз

Қант диабеті — ұйқы безі инсулинді жеткіліксіз өндіргенде немесе организм өзі шығаратын инсулинді тиімді пайдалана алмағанда дамитын созылмалы ауру. Ал инсулин — қандағы қант деңгейін реттейтін гормон. Түбінде гипергликемия немесе қандағы қант деңгейінің жоғарылауы организмнің көп жүйесіне, әсіресе нервтер мен қан тамырларына айтарлықтай зиян келтіреді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жазуынша, 2014 жылы 18 және одан жоғары жастағы ересек тұрғындар арасында диабетпен ауыру 8,5%-ті құраған. 2016 жылы қант диабеті салдарынан 1,6 миллион адам қайтыс болған.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz