Фактчек | Смышляева мемлекеттік қызметке сұраныс пен жалақы туралы

26 мамырда Парламент Мәжілісінің кезекті пленарлық отырысында Nur Otan партиясының депутаты Екатерина Смышляева өзінің депутаттық сауалында мемлекеттік қызметтегі жұмысқа деген сұранысты арттыру керек деп мәлімдеді. Оның айтуынша, соңғы кезде бұл саладағы мамандардың беделі айтарлықтай төмендеген, ал қатардағы мемлекеттік қызметшілердің жалақысы елдегі орташа деңгейге жетпей отыр.

Екатерина Смышляеваның депутаттық сауалы (тайм-код: 2:04:46)

Factcheck.kz депутаттың кейбір мәлімдемелерін тексеріп көрді.

Мәлімдеме: Бүгінгі күні елімізде 96 мың мемлекеттік қызметші бар, оның 14 мыңға жуығы ауылдық жерде жұмыс істейді.

Е. Смышляева

Үкім: Шындық және Үкім жоқ

Соңғы рет жарияланған «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызметтің жай-күйі туралы ұлттық баяндамаға» сәйкес, 2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мемлекеттік қызметшілердің штат саны – 96 910. Бұл депутат келтірген мәліметтерге сәйкес келеді.

Бұл ретте баяндамада мемлекеттік қызметшілердің қаншасы ауылдық жерде жұмыс істейтіні көрсетілмеген, сондықтан мәлімдеменің бұл бөлігін тексеру мүмкін емес. Бұл туралы ақпарат басқа ашық көздерде де жоқ. (Сондықтан ешқандай үкім шығармадық.)

96 910-ның: 739-ы – саяси, 91-і – «А» корпусының, 96 080-і – «Б» корпусының қызметкері. Бұл ретте мемлекеттік қызметшілердің нақты саны –88409 адам.

Фактчек | Смышляева мемлекеттік қызметке сұраныс пен жалақы туралы
Дереккөз: «ҚР-дағы мемлекеттік қызметтің жай-күйі туралы ұлттық баяндама»

Мәлімдеме: Қатардағы мемлекеттік қызметшілердің жалақысы, тіпті көпжылдық тәжірибесіне қарамастан, елдегі орташа деңгейге жетпейді.

Е. Смышляева

Үкім: Үкім жоқ

Бұл мәлімдемені тексеру қиын, себебі депутат «қатардағы мемлекеттік қызметшілер» деп кімді айтып отырғаны және «көпжылдық тәжірибе» деген нақты қанша жыл екені белгісіз. Егер біз бұл ұғымдарды өзімізше талдайтын болсақ, онда тексеріп отырған мәлімдемелеріміздің мағынасы бұрмаланып кетуі мүмкін. Себебі Смышляева ханымның айтып отырғаны мүлдем басқа нәрсе болып шығуы мүмкін, сондықтан бұл мәлімдемені үкімсіз қалдырамыз. Дегенмен аталмыш мәселеге терең үңілуге тырысып көрейік, өйткені мемлекеттік қызметшілердің жалақысы өте өзекті тақырып.

Біз барлық санаттағы әкімшілік қызметшілердің жалақысын Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің (МҚІА) сайтында жарияланған бос жұмыс орындарына қатысты хабарландырулар арқылы тексеріп көрдік.

Бәрі білетіндей, орташа айлық жалақы әр облыста әртүрлі. Сондықтан депутаттың сөзіне сүйене отырып, біздің шағын сараптама мақаламыз үшін елдегі орташа жалақыны алайық. Ол – 2021 жылғы бірінші тоқсандағы жағдайға сәйкес 230 829 теңге.

Біздің есепке сәйкес, МҚІА сайтында ұсынылған бос орындарға қатысты 52 санаттың 37-сі Қазақстандағы төменгі және жоғарғы мәндегі орташа жалақыдан төмен. Тағы 5 санаттағы жалақы төменгі мәндегі орташа деңгейден төмен. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, ресми мәліметтерге сүйене отырып мемлекеттік қызметшілердің көбі елдегі орташа айлық жалақыға жетпейтін еңбекақы алады деп айта аламыз. Айта кетейік, біз бұл жерде түрлі бонустар мен сыйақыларды санамадық.

Қазақстандағы жалақы туралы айтқанда ескеретін жайт, орташа айлық жалақы халықтың көп бөлігінің нақты жалақысын дәл көрсетпейді. Себебі оның жоғары болуы негізінен жоғары жалақы алатын қызметкерлерге байланысты. Осы орайда «медианалық жалақы» деген ұғымы бар, ол жалақы тізімінің дәл ортасын көрсетеді.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2020 жылы медианалық жалақы 142291 теңге болды. Егер мемлекеттік қызметшілердің жалақысын елдегі медианалық жалақымен салыстырсақ, онда жағдай (мемлекеттік қызметшілер үшін – ред.) әлдеқайда жақсы болып көрінеді.

Осы орайда наурыз айында 1 шілдеден бастап мемлекеттік қызметшілердің жалақысын көтеру жоспарланып жатқаны белгілі болды. МҚІА Мемлекеттік қызмет департаментінің директоры Жарқын Тілеукенов алдын ала есептеулер бойынша әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің жалақысы 30%-дан 150%-ға дейін өсуі мүмкін екенін хабарлады. Бұл ретте жалақы төлеудің жаңа жүйесі де сөз болды. Оған сәйкес ауылдық және қалалық жердегі мемлекеттік қызметшілердің жалақысындағы айырмашылық 70%-дан 10%-ға дейін қысқаруы тиіс.

Мәлімдеме: Мемлекеттік қызметшілер арасындағы жастардың үлесі 22%-ға, ал ауылдық жерде 18%-ға дейін төмендеді, бұл мемлекеттік қызметтің жастар үшін тартымды емес екенін көрсетеді.

Е. Смышляева

Үкім: Жартылай шындық

Ашық дереккөздерде ауылдық жердегі мемлекеттік қызметтің жай-күйі бойынша нақты ақпарат жоқ екенін тағы да айта кетейік. МҚІА ұсынған Ұлттық баяндамаға қайта оралсақ, 30 жасқа дейінгі мемлекеттік қызметшілердің үлесі (ҚР-дағы жастардың жасы – 18-29 жас) 21,6%-ға тең екенін растаймыз. Ал 2018 жылғы 1 қаңтардағы деректер бойынша мемлекеттік қызметтегі жастардың үлесі 26% болған. Демек жастардың үлесі, расымен, төмендеген. Алайда мұның қандай себептерге (жастар үшін мемлекеттік қызмет саласы тартымсыз деген сияқты) байланысты екенін арнайы зерттеу жүргізбей, нақты айту мүмкін емес.

Осы тұста айта кететін жайт, МҚІА баяндамасы бойынша қазіргі кезде мемлекеттік қызметшілердің штат санын қысқарту және бос жұмыс орындарын оңтайландыру жүргізіліп жатыр. Бұл жас қызметшілер арасында да қысқартулар болады деген сөз.

Фактчек | Смышляева мемлекеттік қызметке сұраныс пен жалақы туралы
Дереккөз: «ҚР-дағы мемлекеттік қызметтің жай-күйі туралы ұлттық баяндама»

Мәлімдеме: Кадрлар жиі ауысады. Мәселен өткен жылы ауылдық округ әкімдерінің ауысуы 24% болды. Барлық деңгейдегі ұйымдардан үздік әрі тиімді мамандар жеке компанияларға кетіп жатыр.

Е. Смышляева

Үкім: Үкім жоқ

Осы мақала барысында бірнеше рет сілтеме жасаған МҚІА дайындаған мемлекеттік қызметтің жай-күйі туралы ұлттық баяндамада соңғы жылдары кадрлар ауысуы төмендегені айтылады. Алайда ауылдық округ әкімдерінің ауысуы туралы ақпаратты не растай, не жоққа шығара алмадық. Себебі мұндай ақпарат ашық дереккөздерде жоқ, сондықтан бұл мәлімдемені үкімсіз қалдырамыз. Дегенмен өзіміз тапқан мәліметтермен бөлісе кетейік.

МҚІА дерегі бойынша «2020 жылы таза ауысу үлесі 5%-ға немесе 4823 адамға тең болды». Агенттіктің пікірінше, бұл мемлекеттік қызметтегі тұрақтылықты көрсетеді.

Фактчек | Смышляева мемлекеттік қызметке сұраныс пен жалақы туралы
Дереккөз: «ҚР-дағы мемлекеттік қызметтің жай-күйі туралы ұлттық баяндама»

Сонымен қатар жақында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстандағы сайлау туралы» заңдағы түзетулерге қол қойғаны белгілі болды. Оған сәйкес енді аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттер мен ауылдық округтердің әкімдері тікелей сайланады.

Бұған дейін Ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыров 2021 жылдың екінші жартыжылдығында әкімдерді сайлауды қаржыландыру үшін республикалық бюджеттен 4,8 млрд теңге көлемінде мақсатты трансферттер қарастырылғанын хабарлады. Бұл қаражатқа 836 әкімді сайлау жоспарланған.

Фактчекер, главный редактор русскоязычной версии Factcheck.kz

Factcheck.kz