Ресейде «Жемқорлықпен күрес қоры» мен Навальный штабтары «экстремистік ұйым» деп танылды

Мәскеу қалалық соты қамауда отырған ресейлік оппозиция жетекшісі Алексей Навальный негізін қалаған «Жемқорлықпен күрес қоры» (бұрын Ресейде “шетел агенті” деп танылған) мен Навальный штабтарын «экстремистік ұйым» деп таныды. Бұл туралы DW сайты хабарлады.

Сот бұл ұйымдарды тарату туралы шешім қабылдады және Навальныйдың штабтары қызметін дереу тоқтату керек. Алайда сот шешімі апелляциядан соң қайта қаралуы мүмкін.

Осылайша, Мәскеу қаласы прокуратурасының аталған ұйымдарға қатысты талабы орындалды. Прокуратураның шағымынша, Навальный штабтары “Ресейдің әлеуметтік, қоғамдық саяси жағдайдын тұрақсыздандыруға жағдай жасайды”.

Ал сот отырысы 12 сағаттан астам уақытқа созылып, жабық өтті. Тергеу мәліметінше, істе “құпия материалдар” бар. Сот бұл материалдарды жария етуді сұраған адвокаттардың сұрауын қабылдамады.

Кездесу соңында ФБК-ның барлық адвокаты сот отырысының біржақты болғанын айтып, процесстен шығып кетті. Соттан кейін қамауда отырған Навальныйдың инстаграм парақшасында «мақсатымыз бен идеямыздан бас тартпаймыз. Бұл біздің ел, бізде басқа отан жоқ» деген хабарлама жарияланды.

Контекст

  • Вашингтон Алексей Навальныймен байланысты ұйымдардың «экстремистік» деп саналуын айыптады.
  • Бұған дейін Еуроодақ басшысы Жозеп Боррель Ресейден Навальный қорын қудалауды тоқтатуға шақырған.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz