Өзбекстанда Effect.uz тілшілерін ұрып кетті

7 маусымда азаматтардың шағымдарын зерттеп жүрген Effect.uz сайтының тілшілері Әндіжанда өздерін “халық депутаттары кеңесінің төрағасы Рахим Собировичтің ұлы ұрып кеткенін” хабарлады. Журналистерді ұрып-соғуға байланысты істі бас прокуратура бақылауына алған. Бұл туралы Азаттық радиосы жазды.

“Бас прокуратура істі Әндіжан облысының прокуратурасы зерттеп жатқанын және оқиғаға қатысушылардың әрекетіне құқықтық баға берілетінін атап өтті” делінген журналистер хабарламасында.

Effect.uz сайтының тілшілері алғаш рет мұндай жағдайға тап болып отырған жоқ. Сайттың үш тілшісі биыл қаңтар айында Термез ауданының қылмыстық істер жөніндегі сот төрағасының кабинетіне кіруге тырысқаны үшін тергеуге ілінген. Қазір сот өтіп жатыр.

Қылмыстық іске тартылған үш тілшінің бірі Элербек Таджибаев 2 маусымда Youtube-те жариялаған видеода кәсіби қызметіне байланысты қоқан-лоқыға ұшырап жатқанын айтып, журналистерді ескерткен.

“Барлығыңызды сақ болуға шақырамын. Мұндай жағдайдың қайталануына жол бермеңіздер. Өзбекстанда сөз бостандығы өлген” деді видеоүндеуде ферғаналық журналист.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz