Апталық шолу: Маминнің азық-түлік жайлы мәлімдемесіне фактчек, қазақстандықтардың негізгі құндылығы туралы сауалнама және басқалары

Осы аптада Factcheck.kz Қазақстан медиасында тараған ақпараттарды тексеріп, әлемдегі жаңалықтарды жазды. Әдеттегідей жарияланған материалдарды бірге шолу жасайық.

Фактчек | Мамин азық-түлік инфляциясы туралы

Маусымның 21-де Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, премьер-министр Асқар Мамин азық-түлік инфляциясына қатысты бірқатар дерек келтірді. Factcheck.kz Мамин сөзінің қаншалықты шын екенін тексерді.

Биылғы мамырда азық-түлік тауарларының бағасы әлемде жылдық мәнде шамамен 40%-ға өсті, ал Қазақстанда қабылданған шаралардың арқасында азық-түлік инфляциясы 9,3%-ды құрады.

Асқар Мамин

Үкім: Шындық

Шынымен-ақ БҰҰ-ның азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы (FAO) таратқан ақпаратқа сай, азық-түліктің әлемдегі бағасы биылғы мамырда былтырғы сол айға қарағанда 39,7%-ке өскен. Қазақстандағы бұл көрсеткіш сол уақыт аралығында 9,3%-ке өзгергенін Статистика бюросы жазған. Толығырақ мына сілтемеде.

Фактчек | “Спутник V”-дің дельта-коронавирусқа қарсы тиімділігі 2,6 есе төмен

29 маусымда Гамалей  атындағы орталық директоры орынбасары Денис Логунов «Россия сегодня» ХАА баспасөз конференциясында сөз сөйледі. Ол вакцинаны жаңа нұсқа – дельта коронавирусынан қорғау туралы мәліметтер келтірді. Атап айтқанда, ол вакцина алған адамдардағы қан сарысуы белсенділігі коронавирустың «үнді штамына» келгенде 2,6 есе төмендейтінін айтты.

Үкім: Жалған

Денис Логунов 2,6 есе төмендеу туралы айтқаны рас. Бірақ ол вакцинаның профилактикалық тиімділігі туралы емес, сарысудың бейтараптандыратын белсенділігі жайлы, яғни организмнің патогеннен қорғанысын құрайтын бір ғана параметр туралы айтты. Басылымдар Логуновтың сөзін контекстен үзіп алып қана қоймай, оларды тұжырымның қарама-қарсы мағынасына ие бола алатындай етіп түсіндірді. Вакцина тиімділігі 2,6 есе төмендегені туралы хабар шындыққа жанаспайды. Сондықтан біз «манипуляция» емес, «жалған»  деген үкім шығардық. Толығырақ мына сілтемені басып оқи аласыз.

Фактчек | Мамин азық-түлік қауіпсіздігі рейтиңіндегі Қазақстанның орны туралы

21 маусым күні Парламенттің екі палатасы депутаттарының бірлескен отырысында премьер-министр Асқар Мамин Үкіметтің 2020 жылғы жұмысы туралы есеп беріп, экономиканы дамытуға қатысты жоспарлармен бөлісті. Осы тұста ол тексеруге тұрарлық бірқатар мәлімдеме жасады. Сондай мәлімдеменің бірі азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық рейтингіндегі Қазақстанның орнына қатысты болды.

Мәлімдеме: 2020 жылғы азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық рейтингінде Қазақстан өз позициясын жақсартып, 113 елдің арасында 32-ші орынға көтерілді.

Асқар Мамин

Үкім: Шындық

Шынында да, 2020 жылы британиялық Economist Intelligence Unit талдау агенттігі жүргізген азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық рейтингінде (Global Food Security Index) Қазақстан зерттеуге қатысқан 113 елдің ішінде 32-ші орынға ие болды. Толығырақ мына сілтемеде.

DEMOSCOPE: қауіпсіздік, дәстүр және білім – қазақстандықтардың негізгі құндылығы

DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы Қазақстан азаматтары арасында «Қазақстандықтардың негізгі қоғамдық құндылықтары» тақырыбында сауалнама жүргізді. Бұл туралы Factcheck.kz сайты хабарлады.

Сауалнамаға 2021 жылы 25 маусым және 3 шілде аралығында 14 облыс пен республикалық маңызы бар қалаларда (Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент) тұратын, 18 жастан асқан 1100 адам қатысты. Қатысушылардың 53%-ы ер азамат, 47%-ы әйел. Зерттеуде Қазақстан бойынша стационарлық телефон нөмерлерінің абоненттік қоры пайдаланылды. Іріктеу ықтималдығы 95%, статистикалық көрсеткіш қателігінің шекті мөлшері 3%-дан аспайды.

2017 жылы жүргізілген «Дүниежүзі бойынша құндылықтарды зерттеу» деректеріне сәйкес, қазақстандықтардың 93,5%-ы отбасын бірінші орынға қояды. Екінші орында – жұмыс (49,2%). Толығырақ мына сілтемеде.

Басқа жарияланған материалдар

Біздің әлеуметтік желідегі инстаграм, телеграм және фэйсбук парақшамызға жазылуды ұмытпаңыз. Егер Қазақстанның және басқа да медиада жарияланған материалға күмән келтірсеңіз, редакциямызға хабарлассаңыз болады. Шындыққа әркімнің-ақ бар таласы.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz