Фактчек | Мамин азық-түлік инфляциясы туралы

Маусымның 21-де Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, премьер-министр Асқар Мамин азық-түлік инфляциясына қатысты бірқатар дерек келтірді. Factcheck.kz Мамин сөзінің қаншалықты шын екенін тексерді.

Асқар Маминнің айтқаны (тайм-код: 35:42)

Биылғы мамырда азық-түлік тауарларының бағасы әлемде жылдық мәнде шамамен 40%-ға өсті, ал Қазақстанда қабылданған шаралардың арқасында азық-түлік инфляциясы 9,3%-ды құрады.

Асқар Мамин

Үкім: Шындық

Шынымен-ақ БҰҰ-ның азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы (FAO) таратқан ақпаратқа сай, азық-түліктің әлемдегі бағасы биылғы мамырда былтырғы сол айға қарағанда 39,7%-ке өскен. Қазақстандағы бұл көрсеткіш сол уақыт аралығында 9,3%-ке өзгергенін Статистика бюросы жазған.

Материал дайындалып жатқан уақытта Бюро маусымдағы бір жылдық өзгеріс 10,6%-ке өскенін хабарлады.

Қазақстандағы инфляция деңгейі елдегі жағдайды шын көрсете ме? Бұл сауалға экономист Расул Рысмамбетов келесідей жауап береді:

Біздің оқитынымыз — көбіне бүкіл Қазақстаннан жиналған және халықаралық стандарға сай орташаланған статистика. Ал еліміздегі инфляция — барлық жерде әр түрлі. Бұл белгілі бір адам сатып алатын тауарға, оның қандай өнім тұтынатынына, оның қандай көлікпен жүретініне, қай аймақта, қалада немесе ауданда тұратынына байланысты. Сондықтан да біз ресми статистикадан көретін инфляцияның орташа мәні сізге басқаша сезілуі мүмкін.

Расул Рысмамбетов

FAO азық-түлік бағаларының индексі тауарлар себетінің халықаралық бағасының ай сайынғы өзгерісін көрсетеді.

2021 жылғы мамырда FAO азық-түлік бағалары индексінің орташа мәні 127,1 тармақты құрап, сәуір айындағы көрсеткіштен 5,8 тармаққа (4,8%-ке) артқан. Бұл былтырдың осы кезеңіндегі көрсеткішінен 36,1 тармаққа (39,7%-ке) жоғары. Биыл мамыр айындағы көрсеткіш 2010 жылдың қазанынан бергі ең көп айлық өсім.

Фактчек | Мамин азық-түлік инфляциясы туралы
FAO көрсеткіші бойынша азық-түлік индексі

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz