DEMOSCOPE: қауіпсіздік, дәстүр және білім – қазақстандықтардың негізгі құндылығы

DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы Қазақстан азаматтары арасында «Қазақстандықтардың негізгі қоғамдық құндылықтары» тақырыбында сауалнама жүргізді. Бұл туралы Factcheck.kz сайты хабарлады.

Сауалнамаға 2021 жылы 25 маусым және 3 шілде аралығында 14 облыс пен республикалық маңызы бар қалаларда (Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент) тұратын, 18 жастан асқан 1100 адам қатысты. Қатысушылардың 53%-ы ер азамат, 47%-ы әйел. Зерттеуде Қазақстан бойынша стационарлық телефон нөмерлерінің абоненттік қоры пайдаланылды. Іріктеу ықтималдығы 95%, статистикалық көрсеткіш қателігінің шекті мөлшері 3%-дан аспайды.

2017 жылы жүргізілген «Дүниежүзі бойынша құндылықтарды зерттеу» деректеріне сәйкес, қазақстандықтардың 93,5%-ы отбасын бірінші орынға қояды. Екінші орында – жұмыс (49,2%).

DEMOSCOPE: қауіпсіздік, дәстүр және білім – қазақстандықтардың негізгі құндылығы

DEMOSCOPE сауалнамасы мәліметтеріне сүйенсек, тұрақтылық пен отбасы – Қазақстан халқы арасында жоғары бағаланады. Қазақстандықтардың үштен бірі үшін қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіп (33%), ұлттық және отбасылық дәстүрлер (33%), білім, ғылым және мәдениет (33%) маңызды.

DEMOSCOPE: қауіпсіздік, дәстүр және білім – қазақстандықтардың негізгі құндылығы

Негізгі құндылықтар қатарында: айналадағы адамдардың қолдауы мен өзара көмек (24%); әлеуметтік әділеттік пен құқықтардың теңдігі; ынтымақ пен патриотизм (22%); діни және рухани құндылықтар; еңбекқорлық пен қоғам алдындағы жауапкершілік (22%) секілді нұсқалар да аталды. Сауалнама қатысушыларының 14%-ы жетістік, мансап және тоқшылықты бірінші орынға қойды. Зерттеу қорытындысына қарап, пандемия кезінде халық қауіпсіздікті отбасылық құндылықтармен қатар жоғары бағлайды деген қорытынды жасауға болады.

2020 жылы жаздағы қатаң карантин шаралары кезінде, елде дәрі-дәрмек жетпей халық дүрбелеңге түскен қысылтаяң шақта, барлық аймақта дерлік коммерциялық емес қоғамдық ұйымдар, еріктілер, белсенді азаматтар жұмыла кірісті.

DEMOSCOPE сауалнама қорытындысы көрсеткендей, респондентердің 65%-ы пандемия кезінде дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің қоғамға сіңірген еңбегі елеулі болды дейді. Сонымен қатар, 26% қазақстандықтың пікірінше, ҮЕҰ, еріктілер мен жанашыр адамдардың атқарған еңбегі қыруар болды. 22% азамат мемлекет пен жергілікті басқару органдарының жұмысын атап өтті. Ал, небәрі 6% қатысушы бизнестің жасаған жақсылығын еске алды.

DEMOSCOPE: қауіпсіздік, дәстүр және білім – қазақстандықтардың негізгі құндылығы

Қазақстандықтардың өзара көмек көрсетуді де басым құндылықтар қатарына жатқызғаны бекер емес. 44% қатысушы пандемия кезінде ерікті болып, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беруге әзір. Олардың 12%-ы ауруды жұқтырып алу қаупі төмен болса, ерікті болудан бас тартпас едім деп жауап берді. Қатысушылардың төрттен бір бөлігі ерікті болғысы келмейді. Себебін олар денсаулығын қатерге тіге алмаймыз деп түсіндірді. Сонымен қатар, 16% қатысушы ерікті болуға уақытым жоқ деді. Ал, 9% азамат әлеуметтік мәселелерді мемлекет шешуі керек деп есептеймін деп жауап берді.

Зерттеу аясында Қазақстанда азаматтық қоғамның қай институты басқаларға қарағанда өнімді жұмыс жасайтыны да анықталды. Сауалнама қатысушыларының бестен бірі еріктілер қозғалысын, 16% БАҚ-ң қоғамдағы рөлін, 10% саяси партияларды атады. Сонымен қатар, 7% кәсіподаққа дауыс берсе, 6% Үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ), 3% бастамашыл топтардың қызметін таңдады. Қатысушылардың 40%-ы бұл сұраққа нақты жауап бере алмады. Себебі, халықтың көбі азаматтық қоғам ұйымдарының қызметінен хабарсыз.

DEMOSCOPE: қауіпсіздік, дәстүр және білім – қазақстандықтардың негізгі құндылығы

Сонымен қатар, респонденттерден Қазақстанда азаматтық қоғамның дамуына не кедергі екені туралы да сауал қойылды. Үштен бірі экономикалық тұрақсыздықты негізі кедергі деп санайды. 22% халық азаматтық қоғам туралы білмейді деп жауап берді. Мемлекет пен қоғам арасында серіктестік қарым-қатынастардың болмауы (12%), Мемлекеттің азаматтық қоғам институттарын бақылауда ұстауы (7%) азаматтық қоғамның дамуына кедергі келтіреді. Ал, 6% респондент азаматтық қоғам институттарын мемлекетке төнген қатер ретінде көрсететін ішкі насихатты кінәлады.

DEMOSCOPE: қауіпсіздік, дәстүр және білім – қазақстандықтардың негізгі құндылығы

Сонымен, DEMOSCOPE сауалнама қорытындысын түйіндесек, халық тәуелсіз демократиялық, біртұтас мемлекетті дамытудың негізі саналатын азаматтық қоғам институттарының рөлі туралы жетік білмейді. Қазақстандықтардың өзара көмек пен қолдау, әлеуметтік әділет пен құқықтардың теңдігі, ынтымақ пен патриотизм секілді құндылықтары азаматтық қоғамның негізгі идеяларымен сәйкес келеді.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz