DiDi Қытай билігінің талабынан кейін App Store және Google Play-ден қосымшасын өшіреді

DiDi компаниясы App Store және Google Play-ден қосымшасын өшіріп, жаңа пайдаланушыны тіркеуді тоқтатады. Бұл туралы South China Morning Post сайты хабарлады.

Қытайдың киберқауіпсіздік қызметінің хабарлауынша, DiDi компаниясы клиенттердің дерегін жинау туралы заңды бұзғаны үшін App Store және Google Play дүкенінен такси қызметін белгісіз мерзімге өшіреді.

Әзірше, жаңа пайдаланушыларды тіркеу тоқтатылды. Алайда, қосымшаның қазіргі қолданушылары, яғни, жолаушылар мен жүргізушілер такси қызметін пайдалануды жалғастыра береді.

Сонымен қатар, DiDi-ге жағдайды түзету және ережені сақтау туралы шара қабылдауға бұйрық берілді.

Контекст

  • DiDi-дің 377 миллионнан астам пайдаланушысы және 13 млн жүргізушісі бар. Платформа тек жолаушылардың сапары мен орналасқан жері туралы ақпарат жинамайды, сонымен қатар, сапар кезінде аудиожазба жүргізеді.
  • DiDi компаниясы шамамен 15 елде қызмет көрсетеді. Олардың арасында Қытай, Аустралия, Жаңа Зеландия, Жапония, Оңтүстік Африка Республикасы, Бразилия, Аргентина, Мексика, және Ресей бар. Биыл маусым айының соңында Қазақстанда жұмысын бастады.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz