COVID-19-ға қарсы псевдодәрі: Кристина Сомованың оралуы

Жақында «Кристина Сомова» есімі жалпы ұғымға айналатын тәрізді. Қазірдің өзінде кейіпкеріміз өте танымал. Бір жыл бұрын біз қан қысымын реттейтін Артериале (нұсқалары: Артериол, Артериоле, CardioWell, Гипертен) деген атауы бар псевдодәріні сататын алаяқтық жүйенің сырын ашып, көлемді материал жариялағанбыз. Ол тіркелмеген дәрі екені былай тұрсын, тіпті ББҚ-ға (Биологиялық  белсенді қоспа; БАД) да жатпайтын болып шықты, ал құрамы тіпті күмәнді.

Бұл жолы алаяқтар ребрендинг жасап, дәл сондай тәсілдермен күмәнді Микардин және Диафаст препараттарын сатып жатыр. Алаяқтардың айтуынша, Микардиннің құрамы экзотикалық африкалық манго, Готу кола және сол секілді 100% табиғи өнімдерден құралған және ол ағзаның тазаруы және тамырлардың тарылуы арқылы ағзаның қан қысымын реттеп тұру қабілетін қалпына келтіреді-міс. Сондай-ақ, әрине, коронавируспен сырқаттанған адамның қайтыс болу қаупін төмендетеді (!). Диафастқа келер болсақ, ол да «табиғи», бірақ «диабетпен күреседі». Немесе табиғи емес, инновациялық па? – бәрін ретімен талдайық.

Микардин

Біз Микардинді РФ дәрі-дәрмектер тізілімінен, Роспотребнадзор тізілімінен, сондай-ақ ҚР Дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдар тізілімінен іздеп көрдік. Әрине, бұл препарат еш жерде тіркелмеген. Яғни, лендингтердегі тіркеу туралы куәлік пен сертификаттардың да анық көрінбейтін скрині – жалған. Ал препарат гипертониядан жазылуға көмектеспейді және коронавирусқа мүлдем қатысы жоқ.

Жалпы препараттың фейк екенін, ал сатылым парақшаларындағы ақпараттың бәрі жалған екенін біз білдік. Жоғарыда айтып өткеніміздей, алаяқтар былтырғы Артериалені сату үлгісін шамалы өзгертіп, гипертониямен ауыратындарға арналған псевдопрепараттың артықшылықтарының қатарына коронавирус эпидемиясына қарсы бөлікті қосқан. Фейк дәріні сатуға арналған сюжет Ресейдің бас фармацевтінің орынбасары Кристина Сомованың өшіріп тасталған постынан басталады.

Диафаст

Диабетке қарсы дәрі ретінде таныстырылған диафаст та осы үлгі бойынша сатылып жатыр: Кристина Сомованың өшіріп тасталған посты, ары қарай Владимир Соловьевтің студиясындағы жалған сұхбат, оған ойдан шығарылған кейіпкерлер қатысады және ештеңеден хабары жоқ Денис Проценконың есімі пайдаланылады.

Алаяқтық жүйенің сипаттамасын еске түсірейік

Псевдопрепараттарды сатумен айналысатын жарнама материалында былай делінген:

Бүлік: Ресейдің бас фармацевтінің орынбасары деп таныстырылған әлдебір Кристина Сомова әлеуметтік желіде даулы пост жариялапты-мыс, мәтінде мынадай сөйлем бар: «Зейнеткерлер – пайдаланылған материал, өле берсін, обалы жоқ. Жүрек қан қысымы (тағы бір нұсқасы диабет) болмаса, басқа сырқаттан қайтыс болады. Кәрі-құртаңға ақша құртудың еш пайдасы жоқ. … Қаптамасына 17 мың дегені несі?..» (қазақстандық аудиторияға арналған нұсқалардың бірінде Кристина Сомованың есімі Қанипа Оспанова деп ауыстырылған).

Драматургиялық күшейту: Посткеңестік кеңістік азаматтарының бәріне саяси бағдарламалары арқылы таныс Владимир Соловьев өзінің «Россия 1» арнасындағы «Воскресный вечер с Владимиром Соловьевым» қоғамдық-саяси бағдарламасының студиясында Денис Проценко (!) мен Ресей фармацевтика департаментінің басшысы ретінде таныстырылған әлдебір «Кирилл Уткиннен», сондай-ақ «Фармсток» дәріханалар желісінің өкілі» «Сергей Давыдовтан» сұхбат алатыны көрсетіледі.

COVID-19-ға қарсы псевдодәрі: Кристина Сомованың оралуы
Сұхбат берушінің есімі титрге епсіз қойылғанына мән беріңіз.
COVID-19-ға қарсы псевдодәрі: Кристина Сомованың оралуы

Сұхбат берушілер псевдопрепараттарды барлық тұрғыдан мақтап, дәрінің ғажайып қасиеті барымен қатар жасалуы да аз бағаға шықпайтынын түсіндіреді!
  • Сол себепті дәрінің қанша уақыт тегін қолжетімді болатынын айту қиын. 1-2 күн ғана шығар, – дейді ойдан шығарылған сұхбат берушілер.

Микардинге келер болсақ, ештеңеден күдіктенбеген  шынайы Денис Проценконың аузына мынадай сөзді «салып береді»: «Денсаулық сақтау министрлігінің (МОЗ) статистикасы бойынша, коронавирус жұқтырғандар арасында жүрек-қан тамырлары жүйесінің созылмалы ауруы бар науқастар 4 есе көбірек қаза табады екен. Осыған байланысты, қан қысымы жоғары зейнеткерлер қауіп тобында тұр».

Ары қарай COVID-19-дан қайтыс болғандардың 73,8%-ы гипертониямен ауырғаны туралы жалған әрі үрейлі ақпарат жазылған баннерді еш қысылмай қосып қойған.

COVID-19-ға қарсы псевдодәрі: Кристина Сомованың оралуы

Аяқталуы. Ары қарай сұхбаттан кейін  лендингке өту ұсынылған, онда Денсаулық сақтау министрлігінің (МОЗ: аббревиатура РФ Денсаулық сақтау министрлігіне жатпайды, Міністерство охорони здоров’я України, қысқаша – МОЗ дегенді білдіреді) квотасы арқылы дәріні ТЕГІН алу үшін  өтініш толтыру керек. Диафастта өтінішті ешқайда өтпей бірден толтыруға болады, сондай-ақ ЭҰО-ның (Ресей Федерациясы Денсаулық сақтау министрлігінің «Эндокринология Ұлттық медициналық зерттеу орталығы» федералды мемлекеттік бюджеттік мекемесі) жалған сайтына өтуге болады.

Сату сайты:

COVID-19-ға қарсы псевдодәрі: Кристина Сомованың оралуы

Назар аударыңыз: алаяқтар акциямен берілетін тегін дәрінің бар-жоғы 43 қаптамасы қалғанына көңіл аудартады. Жоғарыда студиядағы жалған қонақтар да тегін тарату 1-2 күннен кейін аяқталатынын айтады. Кепілдік береміз, тегін микардин мен диафаст сізге бұйырмайды.

Диафастты сататын ЭҰО-ның жалған сайтына оралайық:

COVID-19-ға қарсы псевдодәрі: Кристина Сомованың оралуы
Сайттың мекен-жай бөлігіне мән беріңіз. Дүрліктіретін және азаматтарды өтініш толтыруға асықтыратын жүйеге де назар аударыңыз: акция бойынша соңғы 12 қаптама қалды, акцияның аяқталуына 11 сағат 37 минут қалды.

ЭҰО-ның шынайы сайты:

COVID-19-ға қарсы псевдодәрі: Кристина Сомованың оралуы
Мекен-жай бөлігіне назар аударыңыз

Қорытынды: бізде қандай ақпарат бар

  1. Ресейдің бас фармацевтінің орынбасары Кристина Сомова, бұрын жазғанымыздай – фейк кейіпкер. Кристинаның қызметі де жалған. РФ бас фармацевті де, оның орынбасары да мемлекетті басқару құрылымында да, жалпы еш жерде жоқ. Сюжет бойынша, студия қонақтарының бірі басшысы ретінде таныстырылған РФ Фармацевтика департаменті де мүлдем жоқ. Шын мәнінде, РФ Денсаулық сақтау министрлігінде Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және медициналық бұйымдардың айналысын реттеу департаменті бар және оның басшысы – Елена Михайловна Астапенко.  Росздравнадзор дәрі-дәрмектердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылайды, ал Ресей Өнеркәсіп және сауда министрлігі фармацевтика өнеркәсібінің дамуына жауап береді.
  2. «Кирилл Уткин» мен «Сергей Давыдов» та фейк кейіпкерлер. Шын мәнінде, болмаған бағдарламаның фейк скриншоттарында украиналық саясаткер Олег Мусий мен украиналық қоғам қайраткері Виталий Шабунин бейнеленген, ал скриншоттардың өзі украиналық «1+1» телеарнасындағы тікелей эфирлерден алынған. Микардин, Артериале, Диафастеге қатысты Соловьев студиясындағы сұхбат мүлдем болмаған, сіз оны YouTube-арналардың ешқайсысынан таба алмайсыз.
  3. Алаяқтар Денис Проценко мен басқа да мамандардың беделін еш қысылмастан өздерінің псевдопрепараттарын сату үшін және пандемия мен созылмалы ауруы бар адамдарға қатысты мәтінде пайдаланады. Шын мәнінде Проценко ешқашан бұл препараттар туралы пікір білдірген емес.
  4. Созылмалы ауруы бар науқастардың коронавирус жұқтыруына келер болсақ, олардың қауіп тобында екені баршаға белгілі. Және ең тиімді тәсіл – вакцинация болар еді. Мәскеу Денсаулық сақтау департаментінің шынайы штаттан тыс бас эндокринолог маманы Михаил Анциферовтың айтуынша, созылмалы аурулардың болуы вакцинацияға кедергі келтірмейді, керісінше, дәл сол адамдар екпе алу керек деп есептейді. COVID-19-дан болатын патологиялардың жиілігі бойынша қант диабеті екінші орында тұр. Қант диабетімен ауыратын адамдардың коронавирус жұқтырып өмірден өту қаупі 2-3 есе жоғары. Сондай-ақ, қант диабеті, семіздік пен артериалық гипертензия қатар келсе өлім қаупі 5 есеге артады.
  5. Түсінгеніміз бойынша, жүйе әуелде Украина аумағында таратуға арналып жасалған, кейінірек көптеген ресейлік нұсқалары пайда болып, кем дегенде біреуі Орта Азия азаматтарына арналды.

Дәрінің шынайы екенін және ББҚ-ны (Биологиялық белсенді қоспа; БАД) қолдануға болатынын қалай тексеруге болады?

Егер сіз осындай «жарнамаға» кезіксеңіз және сізге сатушылар айтқан әсері бар дәрі қажет болса – өтініш толтыруға асықпаңыз, дәрінің шынайылығын РФ Дәрілік заттардың мемлекеттік тізілімімен, Мемлекеттік тіркеу туралы куәліктер тізілімімен (Кеден одағының бірыңғай нысаны, Ресей бөлігі) , Еуразиялық экономикалық комиссия сайтындағы куәліктер тізілімімен, Excel форматындағы қазақстандық мемлекеттік тізілімімен (ҚР Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың деректер базасы) салыстырып тексеріңіз, ағылшын тілді азаматтар ClinicalTrials.gov сайтындағы дәрілердің клиникалық сынақтарының нәтижелерімен таныса алады. Интернет арқылы сатылып жатқан дәрілерді алмас бұрын шынайылығын мемлекеттік тізілімдермен салыстыра отырып міндетті түрде тексеріңіз.

Factcheck.kz