Аңыз бен ақиқат | COVID-19 вакцинациясына қарсы комиксті талдаймыз

Инстаграмда маусымның соңғы апталарында вакцинацияға келген науқастың сұрақтарына жауап беріп тұрған дәрігердің суреттері бар пост кең тарай бастады. Негізі науқастың қойған сұрақтары ақылға қонымды, алайда дәрігердің берген көптеген жауабы шындыққа сәйкес келмейді және оқырмандарды жаңылыстырады.

Аңыз бен ақиқат | COVID-19 вакцинациясына қарсы комиксті талдаймыз
Instagram-дағы посттың скриншоты

Бізде бұған дейін MedSupport.kz тобының жетекшісі Ботагөз Каукенованың коронавирус вакцинациясына қатысты сұрақтарға жауап берген мақаласы шыққан еді. Сол мақаланы оқып шығуға кеңес береміз. Дегенмен Factcheck.kz редакциясының пікірінше, инстаграмдағы посттағы кейбір мәлімдемелерді тексеріп шығу – қазақстандықтарды толғандырып жүрген сұрақтарға тағы да бір рет жауап беруге жақсы мүмкіндік. Оның үстіне бұл постты тексеріп беруді біраз оқырманымыз сұрады.

Тексеруге кіріспес бұрын бірқатар ескерту жасаймыз:

  • Пост қаңтардың соңында жарияланды, кейбір мәлімдемелер ескіріп кеткендіктен қате болуы мүмкін. Біз бұл туралы ескертіп отырамыз.
  • Жарты жыл бұрынғы постты тексерудегі себебіміз – оған интернет қолданушылары қайта назар аудара бастады. Бұл міндетті вакцинацияға қатысты пайда болған дау-дамайларға байланысты болуы да мүмкін. Біз бұл материалда мәселеге қатысты пікір білдірмейміз, тек вакцинаға қатысты нақты мәлімдемелерді тексеріп шығамыз.
  • Посттың мазмұнына үңілсек, мәлімдемелер Ресейдің «Спутник V» вакцинасына қатысты екенін аңғаруға болады. Сондықтан біз де дәл осы вакцина туралы айтамыз. 

Қысқаша қорытындыларға тоқтала кетейік (материалды толық оқуға уақытыңыз болмаса)

  • Посттағы барлық дерлік мәлімдеме манипуляцияға ұшыраған. Бұл суреттерге (іздеу нәтижелері бойынша – суреттер қорынан алынған) мәтін жазған автор вакциналардың қалай жұмыс істейтіні туралы дұрыс білмейтін сияқты әрі ол вакцинацияға теріс көзқараспен қарайтыны байқалады. Сондықтан барлық ақпаратты бұрмаланған түрде ұсынады.
  • Пост (суреттегі жазулардың емес) авторының күмәнді ұйыммен (жетекшісі халықаралық іздеуде жүр) және пандемия кезінде жүйелі түрде жалған ақпарат пен қастандық теорияларын таратумен айналысатын ресурстармен байланысы бар. Бұған барлық мәлімдемелерді тексергеннен кейін толығырақ тоқталамыз.

Толығырақ: Суреттерді тексереміз

Аңыз бен ақиқат | COVID-19 вакцинациясына қарсы комиксті талдаймыз

Үкім: Манипуляция

Дәл осы ақпарат ескірген. Зерттеудің үшінші кезеңі әлі ресми түрде аяқталмаса да, ақпан айында беделді The Lancet ғылыми журналында вакцинаның қауіпсіз және тиімді екенін көрсеткен үшінші кезеңнің аралық нәтижелері жарияланды. Сол кезде біздің сайтта нәтижелерге қатысты сыни материал жарық көрді. Әрине вакцинация науқанының бірнеше айы өткеннен кейін ақпарат нақтыланды, себебі қазір, вакцина тіркелген басқа елдердің азаматтарын айтпағанда, кем дегенде бір дозамен 3 миллионнан астам қазақстандық вакцинацияланды.

Аңыз бен ақиқат | COVID-19 вакцинациясына қарсы комиксті талдаймыз

Үкім: Манипуляция

Ағзада антиденелердің болуы вакцина салуға кедергі емес. Сондықтан вакцинация алдында ағзадағы антиденелерді тексеретін сынақ тапсырудың қажеті жоқ.

Аңыз бен ақиқат | COVID-19 вакцинациясына қарсы комиксті талдаймыз

Үкім: Жалған және манипуляция

Қай жері жалған: вакцина COVID-19-бен «қабаттасып», қандай да бір асқынуға әкеледі дегенге ешқандай дәлел жоқ. Иә, түрлі асқынулар аурудың өзінен болуы мүмкін, алайда олар нақты «COVID-19-ға қарсы егілген вакцинаға» байланысты емес.

Қай жері манипуляция: «вирусқа қарағанда вакцинадан пайда болатын асқыну жақсы емес пе» деген сөз. Ешқандай асқыну жақсы емес. Алайда, статистика бойынша, вакцинадан болатын асқынулар COVID-19-бен ауырған кездегі және одан кейінгі асқынуларға қарағанда әлдеқайда аз әрі аса маңызды емес. Сондықтан вакцинаны алған дұрыс.

Аңыз бен ақиқат | COVID-19 вакцинациясына қарсы комиксті талдаймыз

Үкім: Манипуляция

Адам коронавирусты вакцинациядан кейін де жұқтыруы әбден мүмкін, себебі вакцина адамды 100% қорғамайды. Дегенмен вакциналардың клиникалық сынақтары көрсеткендей, аурудың ауыр жағдайларынан, ауруханаға түсуден және өлімнен жақсы қорғайды. Аурудың тікелей ошағынан (яғни ауруханалардан) келіп түскен ақпарат бойынша вакцина алғандардың «Дельта» нұсқасымен ауырса да, ауруханаға түсу ықтималдығы төмен.

Тағы қай жері манипуляция: вирустар, шынымен, үнемі мутацияға ұшырап отырады, бірақ вакцина жасаушылар бұл туралы біледі. Сондықтан вакцина жасау кезінде бұл факт ескеріледі. Дегенмен қандай да бір күшті мутациялар вакциналардың тиімділігін төмендетуі мүмкін.

Соңғы зерттеулерге сәйкес вакциналардың (РНҚ және векторлық) коронавирустың «Альфа» («британиялық») және «Дельта» («үндістандық») сияқты нұсқаларына қарсы тиімділігі төмен болуы мүмкін, бірақ олар жеткілікті дәрежеде қорған бола алады.

Жағдай ушығып кетіп, осындай нұсқаларға қарсы вакциналар тиімсіз болған кезде вакцина жасаушылары жаңа мутациядан қорғай алатындай етіп оның құрамын өзгертіп, қайта вакцинация жасауға мүмкіндігі бар. Алайда әзірге мұндай шаралар тек талқылып жатыр.

Мутация туралы ақпарат ғалымдар мен сарапшылардың бірнеше айдан бері айтып келе жатқан сөздерін растайды, яғни вирус айналымы мен мутациясын азайту үшін вакцинаны барынша тезірек алу керек. Вакцина алған адамдар неғұрлым аз болса, вирустың мутацияға ұшырай алатын және иммун жүйесінің жауабынан құтыла алатын нұсқалары соғұрлым көп болады.

Аңыз бен ақиқат | COVID-19 вакцинациясына қарсы комиксті талдаймыз

Үкім: Жартылай шындық

Ақпарат сәл ескірген, себебі біз вирустың ұзақ мерзімді салдарлары туралы қаңтардың соңында қазіргіден гөрі аз білдік. Бірақ сол кездің өзінде ғалымдар мұндай кейінге қалатын әсерлердің ықтималдығы өте аз деген пікірде болды.

Зерттеулер мен күнделікті өмірдегі тәжірибе көрсеткендей, вакцина алған адам вирусты жұқтырған кезде жеңіл ауырып шығады. Алайда, жоғарыда айтылғандай, адамдар ауруханаға да түсіп жатады, бірақ бұл өте сирек кездесетін жағдай.

Жалпы алғанда, «вакцина бедеуліктен бастап мүгедектік пен өлімге әкеледі» деген үрей туғызуға бағытталған түрлі мәлімдемелер – екпеге қарсы адамдардың ең көп айтатын әңгімесі. Айта кетейік, вакцина адамға осылай әсер етеді дегенге ешқандай сапалы ғылыми зерттеуде дәлел жоқ.

Сондай-ақ мұндай кейінге қалдырылған кері әсерлердің кезеңі әр мәлімдемеде әртүрлі, яғни бір жерде бірнеше ай десе, екінші жерде 2-3 жыл делінген. Шын мәнінде, вакцинаның компоненттері ағзаға өте тез тарайды, сондықтан қандай да бір әсерді ең көп дегенде бірнеше күн ішінде байқауға болады.

Жыл басынан бері әлемде вакцинаның кем дегенде бір дозасын 1,5 миллиардтан астам адам алды (олардың көбі Қытайда).

Аңыз бен ақиқат | COVID-19 вакцинациясына қарсы комиксті талдаймыз

Үкім: Жартылай шындық

Антиденелер вакцинадан кейін қанша сақталатыны әлі белгісіз, бірақ олар аурудан кейін пайда болатын антиденелерге қарағанда әлдеқайда тұрақты, себебі барлығы адамның қаншалықты ауыр ауырғанына байланысты. Әзірге ғалымдар мен вакцина жасаушылар екпе алғандарды бақылап отыр. РНҚ-вакциналары туралы соңғы зерттеулер көрсеткендей, антиденелер екі дозадан кейін 6 айдан соң да жоғары деңгейде сақталады. Әзірге «Спутник V» вакцинасы туралы мәлімет аз.

SARS-CoV-2 коронавирустар түріне жатады, олардың кейбіреуі маусымдық тұмауға да себепкер. Алайда ол басқа бета-коронавирустарға қарағанда қауіпті. Мысалы олардың бірі 2012 жылы Таяу шығыста респираторлық синдромға, ал 2003 жылы атипті пневмонияға әкелді.

Аңыз бен ақиқат | COVID-19 вакцинациясына қарсы комиксті талдаймыз
Yen-Chin Liu et al. (2020)
Аңыз бен ақиқат | COVID-19 вакцинациясына қарсы комиксті талдаймыз

Үкім: Манипуляция

Шынымен, адам вакцина алу кезінде келісімге қол қояды, бірақ бұл жерде контекст маңызды. Азаматтарды әрдайым «ал егер?» деген сұрақ алаңдатады және осы алаңдаушылықты вакцина қарсыластары өте жақсы пайдаланады. Есте сақтайтын ең маңызды нәрсе: вакцинадан кейін ауыр жанама әсерлердің пайда болу ықтималдығы өте төмен, ал оның салыстырмалы қауіпсіздігі клиникалық зерттеулермен расталып отыр. Ал коронавирус инфекциясын жұқтырудың қаупі және одан келетін ауыр зардаптардың әсері әлдеқайда жоғары. Мұны пандемия кезінде жиналған көптеген мәлімет те растайды. Сондықтан да денсаулық сақтау саласы табиғи иммунитетті емес, вакцинация жолын таңдады.

Біз ұзақ мерзімге созылатын түрлі әсерлерге жоғарыда тоқталған едік, яғни мұндай қорқынышқа еш негіз жоқ.

«Ешкім ештеңеге жауап бермейді» деп айту дұрыс емес. Егер вакцинадан кейін түрлі ауыр жағымсыз жағдайлар туындаса, онда бірден келесі айтылғандарды істеу керек:

Денсаулық сақтау басқармасы деңгейінде санитариялық-эпидемиологиялық бақылауды жинай отырып, сараптамалық комиссия құрылады. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 29 қазандағы № ҚР ДСМ-169/2020 «Инфекциялық, паразиттік аурулар және (немесе) улану оқиғаларын, иммундаудан кейінгі қолайсыз көріністерді тіркеу және тергеп-тексеру, есепке алу мен есептілігін жүргізу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығының талаптарына сәйкес әрбір жағдай тіркелуі, есепке алынуы және тергеп-тексерілуі тиіс. Егер елеулі жағымсыз жағдай тіркелсе, тергеу жүргізіледі. Егер мәселе вакцинацияға қатысты болса (екпе салу техникасын бұзу, вакциналарды сақтау және тасымалдау талаптарын бұзу), онда жауапты адамдар әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Ақпаратты кім таратып жатыр?

Аңыз бен ақиқат | COVID-19 вакцинациясына қарсы комиксті талдаймыз
Тексеріп жатқан посттағы соңғы слайд

Бір қызығы, посттың соңғы слайдында «Ресейдің қайта өрлеуінің жалпыхалықтық одағы» (РҚЖО) деп аталатын сайтқа сілтеме бар. Сайттағы ақпаратқа сәйкес ұйымның мақсаты – күйреген КСРО-ны қайта қалпына келтіру. Сондай-ақ олар Ресей Федерациясын «барлық жағынан колония» деп есептеп, «заңсыз жалған мемлекет» деп атайды.

Осы мәлімдемелерді оқи отырып, бізге «Ұлт-азаттық қозғалыс» деп аталатын тағы бір ұйым еске түсті. Олардың да мақсаты РҚЖО-ға ұқсас еді. Біз бұл ұйымды 2020 жылғы желтоқсанда тексеріп, олар туралы материал дайындаған едік.

РҚЖО жетекшісі емші, қоғам қайраткері және саясаткер Светлана Лада-Русь (бұрынғы Пеунова) болып шықты, қазір оған халықаралық іздеу жарияланған. Ресейде ол федералды іздеуде жүр, ол алаяқтық және адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді деген айыппен сырттай қамауға алынды. Ал Лада-Русьтің артынан ерген адамдар оны Ресейдің басшысы ретінде көргісі келеді.

Біз Светлана Лада-Русь және оның қызметі туралы жан-жақты мақала жаздық, онда біз вакцинацияға қарсы адамдар мен конспирологтардың қалай және қанша ақша табатынын талдаған едік. Сол материалда «А если честно» YouTube-арнасы туралы да жаздық. Осы мақалада тексеріп отырған посттың авторы Айдар Камалетдинов дәл осы YouTube-арнада жұмыс істейді.

РҚЖО сайтының хабарлауынша 22 маусымда Камалетдиновты құқық қорғау органдары ұстаған. Қозғалыс мүшелері мұны «адамды ұрлау» және «вакцинация терроры» деп атайды. Тергеу комитетінің мәліметі бойынша Камалетдинов пен Светлана Лада-Руське қатысы бар тағы екі адам бопсалау, қасақана өртеу және заңсыз бас бостандығынан айыру деген күдікпен ұсталдған. Енді үшеуі де алдын ала тергеу аяқталғанға дейін қамауда болады.

Камалетдинов «А если честно» арнасынан бөлек «Разоблачено» Youtube-арнасында да жұмыс істейді. Аталмыш арнаның контентін зерттегеннен кейін ол да әртүрлі тақырыптарға, оның ішінде вакциналарға, 5G-ге, медициналық маскаларға, коронавирус пен жалпы пандемияға қатысты қастандық теориялары мен жалған ақпарат таратумен айналысатынын байқауға болады.

Фактчекер, главный редактор русскоязычной версии Factcheck.kz

Factcheck.kz