ЛГБТК+ туралы миф пен жаңсақ түсінік

Қазнетте «ЛГБТ насихаты» туралы пікірталасты жиі кездестіруге болады. Мысалы, ел алдында жүрген тұлғалар мен шенеуніктер ЛГБТК+ қауымдастыққа қандай да бір қатысы бар бастамаларға тыйым салуды ұсынып жатады.

Мысалы, 2022 жылдың шілдесінде Нұртас Адамбай екі әйел кейіпкердің секундтық ғана сүйісі үшін «Базз лайтер» мультфильмін кинотеатрларда көрсетуге тыйым салуға шақырып, дегеніне жетті. 2024 жылдың ақпанында мәдениет және ақпарат министрлігі ЛГБТК+ жасөспірімдерuе арналған танымдық selftanu.kz сайтын «баланың денсаулығына, моральдық және рухани дамуына зиян келтіретін ақпарат жариялады» деген сылтаумен бұғаттады.

Расында Қазақстанда гомофобия бары жасырын емес. Бұқараның ЛГБТК+ туралы жаңсақ ойы гомосексуал адамдардың стигмасына, қудалануына, физикалық және психикалық зиян тигізуге себепкер болуы мүмкін. Мұны гомосексуалдықтың табиғи негізін білмеу мен тамырын түсінбеудің, әлеумет пен мәдениеттің, гендерлік стереотиптің және қоғам нормаларының жалпы салдары деп қарастыруға болады.

Factcheck.kz редакциясы ЛГБТК+’ке қатысты мифтерді жинап, олардың қаншалықты рас екенін тексерді.

Алайда мифтерді талдауды бастамас бұрын ориентацияның анықтамасын айтып алу маңызды. Жалпы, сексуал ориентация — ерлерге, әйелдерге не екі жынысқа да эмоционалды, романтикалық және/не жыныстық байланысқа ұмтылу. Әдетте ориентацияның 3 категориясы қарастырылады: гетереосексуал (қарсы жынысқа қызығушылық), гомосексуал (өзінің жынысындағы адамға қызығушылық) және бисексуал (екі жынысқа да қызығушылық).

Бұл талдауда біз негізінен бір жынысты қарым-қатынастар туралы мифтерге тоқталамыз.

1-миф: ЛГБТК+ Батыстан келді және қазақ/мұсылман адамға гомосексуал қарым-қатынас тән емес.

Үкім: Жалған

Алдымен сексуал ориентация, дін және этнос (нәсіл) бір-бірінен тәуелсіз категория екенін айта кету қажет. Яғни, гомосексуалдар, гетеросексуалдар және бисексуалдар ориентация ретінде барлық дін мен ұлтта болған.

Негізінде дін мен ориентацияны бір қатарға қоюдың өзі манипуляция. Себебі ориентация, жоғарыда жазғанымыздай, эмоционалдық, романтикалық және/не жыныстық байланыстың моделі. Ал дін — өмірге деген көзқарас пен сенім жүйесі. Адам дінді таңдай (ауыстыра) не одан бас тарта алады, ал ориентацияны таңдамайды және өзгерте алмайды.

Ежелгі мәдениеттің көбінде (месопотамиялық қоғамдардан бастап, грек, рим, қытай, жапон және мысырлықтарға дейін) гомосексуал байланыстар болғанын көрсететін құжаттар қалған. Алайда мұндай қарым-қатынастар ориентацияның бірі ретінде қарастырылмаған және бір жынысты қарым-қатынастар, әдетте, бір жынысты болғаны үшін ғана айыпталмаған. Түсініктер сол кездегі салт-дәстүр мен гендерлік нормаларға байланысты өзгеріп отырған.

2-миф: Гомосексуал қарым-қатынас тек адамдарға тән.

Үкім: Жалған

Шындығында жануарлар арасындағы гомосексуал байланыстар адамдар ойлағаннан да көп тараған. Гомо- және бисексуал қатынастар құстардан бастап (оның ішінде аққулардың 20%-і терең романтикалық гомосексуал қарым-қатынас құрады) жәндіктерде, қой, дельфин және маймылдар арасында бар. Жалпы айтқанда, жануарлардың 1 500-ден астам түрі екі жыныспен де сексуал байланыс орнататыны анықталған.

Жануарлар арасындағы мұндай қарым-қатынасты зерттеу адамдардың да мінез-құлқын түсінуге көмектесуі әбден мүмкін. Мысалы, адамдарға жақын туыс бонобо маймылдарының жыныстық қатынасының 75%-інің репрадуктив мақсаты жоқ және барлығы дерлік бисексуал. Ғалымдардың сөзінше, бұл олардың сексті тек ләззат алу амалы ретінде ғана қарастырмайтынын, сонымен қатар секс — қақтығыстарды шешу, әлеуметтік статусын көтеру жолы ретінде саналатынын көрсетеді.

3-миф: Гомосексуалдық — психикалық ауытқу.

Үкім: Жалған

1990 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы гомосексуалдықты аурулар қатарынан алып тастаған. Аурулардың халықаралық классификациясына сай, гомосексуалдық үш ориентацияның бірі. Ал ориентация (гетереосексуалдық, гомосексуалдық және бисексуалдық) ауытқу бола алмайды.

Америкалық психологиялық ассоциация (АПА) мәліметіне сай, гетереосексуалдық секілді, гомосексуалдық та адам сексуалдығының қалыпты түрі. Гей не лесбиян адамдар стереотип көзқараста ауру ретінде көрсетілгенімен, беделді медициналық және психиатриялық орталықтардың ондаған жылға созылған зерттеулері мен клиникалық тәжірибелері мұны адам мінез-құлықының қалыпты формасы екенін көрсеткен.

Гомо- және бисексуалдықты ауру ретінде жаңсақ түсіну салдарынан оны “емдеуге” ұмтылыс жасайтын адамдар кездеседі. Алайда репаратив терапияның (ориентацияны өзгертуге арналған методика жиынтығы) тиімділігі күмәнді, оның үстіне ол адамға орны толмас зиян тигізуі мүмкін (1, 2, 3, 4, 5). АПА-ның жазуынша, мұндай “емдеу түрлеріне” барлық ірі ұлттық психиатриялық ұйым ресми түрде алаңдаушылық білдірген.

4-миф: ЛГБТК+ отбасында өскен бала “дәстүрлі отбасыға” қарағанда зорлық-зомбылыққа жиі ұшырайды/бақытсыз болады.

Үкім: Жалған

ЛГБТК+ отбасында өсу балаға қауіпті екені туралы мәлімдемеге ешқандай дәлел жоқ. Мұндай мәлімдеменің өзі қате, себебі баланың психо-эмоцияналды жағдайына көп фактор әсер етеді. 70 жылдардан бері жүргізіліп келе жатқан зерттеулер ЛГБТК+ өкілдері тәрбиелеген балалар гетеросексуалдық некеде өскен құрдастарынан айтарлықтай ерекшеленбейді деген қорытындыға келді.

Америкалық психологиялық ассоциация мен басқа да кәсіби медициналық және ғылыми ұйымдар бірнеше жыл қатарынан жарияланған зерттеулер нәтижесіне сүйеніп, ата-ана болудың тиімділігінің ориентацияға қатысы жоқ екенін жазды. Олардың сөзінше, эмпирикалық зерттеулер ориентацияны зерттеу тұрғысынан географиялық орналасу және неғұрлым қатаң методология тұрғысынан алуан түрлі үлгіні қамтиды: ұлттық репрезентативті деректер, көп үлгі (выборка), бірнеше ақпарат беруші, түрлі әдіс және ұзақ уақытқа созылған бақылаулар.

Америкалық педиатрия академиясы да ғылыми мақалаларға сүйеніп, гомосексуал отбасында өскен баланың эмоцияналды, когнитивті, әлеуметтік және жыныстық жетілуінде гетерео отбасында өскен баладан еш кемшілігі жоқ екенін айтады. Ал Америкалық балалар және жасөспірімдер психиатрия академиясы ата-ананың ориентациясы не гендерлік даралығы баланың дамуына теріс әсер ететіні туралы нақты дәлелдер жоқ екенін айтады.

Аустралияда жүргізілген ауқымды сауалнама-зерттеу нәтижесіне сай, гомосексуал отбасында тәрбиеленіп жатқан балалардың денсаулығы мен әл-ауқаты көп көрсеткіш бойынша жақсы деңгейде екені анықталған. Тіпті олардың отбасы ішіндегі ауызбіршілігі гетерео жанұяларға қарағанда күштірек екені байқалған.

5-миф: Ориентация пропаганда жасалады/тарайды/жұғады.

Үкім: Манипуляция

Медиада немесе шынайы өмірде белгілі бір романтикалық байланысты көрсету арқылы адамның (қандай да бір жолмен) ориентациясын өзгертуге болатыны ғылыми түрде дәлелденбеген. «Манипуляция» үкімі «ЛГБТ пропагандасы» ЛГБТК+ адамдарды кемсіту үшін жиі қолданылатындығына байланысты қойылды.

Қазір зерттеушілер адамның белгілі бір ориентациясына не әсер ететіні туралы ортақ пікірге келмеген. Дегенмен көп ғалым бұл жерде туа біткен бейімділік те, тәрбие де (күрделі) рөл атқарады дегенмен келіседі. Адамдардың көбі сексуал ориентацияны саналы және ерікті түрде таңдамайды. Тиісінше оны пропаганда жасау да қисынсыз. Ориентацияның құбылмалы болатыны туралы sexual fluidity түсінігі де айтады.

Алайда белгілі бір ой, идеология пропаганда жасалады. Мысалы, капитализм, дін, коммунизм және т.б. концепциялар дәріптелуі мүмкін. Бұл жағдайда, пропагандадан ориентация өзгермесе де, қоғамға оның себебі мен табиғатын түсіндіру ЛГБТК+ қауымдастыққа деген толерант көңіл-күйдің қалыптасуына ықпал етеді.

Оның үстіне, ориентация “пропагандадан өзгерсе”, логикалық тұрғыдан келесі сұрақтарға жауап беруіміз керек:

  1. Егер ориентация пропагандадан өзгерсе, неге гомосексуалдардың ориентациясы гетерео пропагандадан өзгермейді?
  2. Гомосексуал байланыстар “табиғатқа қайшы” болса және үгіттеу арқылы тараса, жануарлар арасындағы гомосексуалдықты қалай түсіндіреміз?
  3. Жоғарыда жазғанымыздай, ғылымның өзі ориентацияны өзгертуге қауқарсыз болғанда, ол фильм/сурет/медидан өзгеруі мүмкін деу қаншалықты ойға қонымды?

Контекст

Сәуірдің 5-де БАҚ-та мәжіліс депутаттары Асхат Аймағамбетов пен Жанарбек Әшімжанов «Масс-медиа туралы» заңға журналистердің ЛГБТК+ өкілдері туралы жазуына тыйым салатын түзету енгізуді ұсынғаны туралы ақпарат тарады. Бұл пропагандаға ұласып, БАҚ қызметін тоқтатуға әкеп соғуы мүмкін екені айтылды.

Кейінірек депутат Әшімжанов бұл «пропагандаға ғана қатысты» деп түсіндірді.

Сәуірдің 10-ында мәжілістің тағы екі депутаты Еділ Жаңбыршин мен Самат Мұсабаев «дәстүрлі емес жыныстық қатынасты» насихаттағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынды, бірақ кейін бұл түзету талқыланатын заң жобасынан жоғалып кетті.

17 сәуірде мәжіліс «Масс-медиа туралы» заңды қабылдады. Журналистердің хабарлауынша, «ЛГБТ-ны пропагандасына» қатысты түзету заңға енгізілмеген.

Factcheck.kz