Фактчек | Әйелдің сөзшеңдігі туралы миф

Дисклеймер: Бұл мақалада жыныс пен гендер термині қолданылған, бірақ олардың арасындағы айырмашылық көрсетілмейді. Мақала бинарлық мағынада даулы айырмашылықты сипаттағанымен, гендер әлеуметтік құрылым ретінде бинарлы емес және бұл мақалада сипатталған «әйел» мен «ер» ұғымынан да терең түсінікті білдіреді.

Медиа (1, 2, 3, 4), поп-психология бойынша кітаптар мен блогтарда әйелдер ер адамдарға қарағанда көп сөйлейтіні жиі жазылады. Еркектер әр жерде 2 000-нан 25 000 сөзге дейін қолданады деп келтірілсе, әйелдер 7 000-нан 50 000 сөзге дейін айтады делінеді. Әйелдер ер адамдарға қарағанда сөзшең деген пікірді ғылыми деректер растамайды, яғни бұл әйелдің көп сөйлейтіні туралы қалыптасқан сексистік мифке негізделген тәрізді.  

Factcheck.kz редакциясы бұл материалында осы мифтің шығу тегі мен дамуы және әйел мен ердің сөзшеңдігі туралы ғылыми зерттеулерде не айтылғанын талдайды.

Луэнн Брайзендин мен Алан Пиз

Біз әйелдер күніне 20 000 сөз, ал ерлер 7 000 сөз сөйлейтінін растаған бірде бір ғылыми жұмысты таппадық. Дегенмен Пенсильвания университетінің лингвистика профессоры Марк Либерманн бұл дезинформацияның қайдан шыққанын анықтады. Мұның негізі америкалық ғалым Луэнн Брайзендиннің «Әйел миы» (2006)* деп аталатын кітабы. Либерманн супермұқаба мен кітаптың ішінен 20 000 сөз туралы тұжырымдаманы тапты. Кітаптың кейінгі нұсқаларында бұл ақпарат алынып тасталғанына қарамастан, медиа әйелдің шамадан тыс сөзшеңдігі туралы расталмаған фактіні таратып жіберді.

Жарияланғаннан кейін көп ұзамай Брайзендиннің жұмысы сынның астында қалды (1, 2, 3). Оны ғылыми фактілерді тым ықшамдап жіберді және нақты дәлелді базасы жоқ деп айыптады. Көлемді библиография екеніне қарамастан автор сілтеме жасаған көптеген зерттеу оның жеке пікірімен жанама түрде ғана байланысады. Әйел мен ердің сөйлейтін сөзіне қатысты фактоид те осындай расталмаған мәлімдемелердің қатарына жатады. Брайзендин сөзін растау үшін ғылыми зерттеуге емес, танымал психологияға – Алан Гарнер мен Алан Пиздің «Сөйлеу тілі» (1997) кітабына сілтеме жасаған. Бірақ Алан Пиздің өзі жұмысы мен сұхбаттарында әйел мен ердің сөзшеңдігіне қатысты бірнеше рет басқаша сандарды келтірген: «Еркектер неге тыңдамайды, ал әйелдер неге картаны оқи алмайды?» кітабында Пиз әйелдер күніне 6 000-8 000 сөз қолданады десе, еркектер 2 000-4 000 сөз сөйлейді деп жазған, ал CNN арнасына берген сұхбатында «әйел күніне 20 000-24 000 сөзді айта алады, ал еркек ең көп дегенде 7 000-10 000 сөзді қолданады» деп тұжырымдама жасаған.

Бір қызығы, «7 000 сөзге 20 000 сөзді қарсы қоятын» авторлар ғылыми деректерге сілтеме жасамайды. Десе де 1993 жылдың өзінде сөйлеуге қатысты гендер аралық 56 зерттеу жүргізілген: олардың 24-і ер адам әйелге қарағанда көп сөйледі десе, екі жұмыс қана әйелдердің сөзшең екенін растаған. 14 зерттеудің қорытындысы бойынша ер мен әйелдер жағдайға байланысты бірі көп, бірі аз сөйлеген, ал қалған 16-ы ер мен әйелдің сөйлеуінде айтарлықтай айырмашылықты байқамаған.

*Марк Либерманн блогы оқырмандарының анықтауы бойынша, әйелдер еркектерге қарағанда бірнеше есе көп сөйлейді деген ой одан да ертерек, Джеймс Добсонның 1987 жылғы “Бір ғұмырлық махаббат” («Любовь на всю жизнь») кітабында кездеседі, бірақ мұнда да автор әйелдің сөзшеңдігі туралы пікірді еш дерекпен растамаған.

2007 жылы Аризона университетіндегі профессор Маттиас Мел жетекшілік еткен америкалық лингвистер тобы 20 000 сөз туралы мифті тексермек болды. Олар зертханадан тыс жағдайда коммуникацияны зерттеді. Ол үшін ғалымдар арнайы жазу құралын пайдаланды, оны зерттеуге қатысушылар 4-10 күн аралығында тағып жүрген. Құрылғы әр 12,5 минут сайын 30 секундқа қосылып, айтылып жатқан сөздерді жазып отырған. Зерттеуге АҚШ пен Мексикадан 369 студент қатысты (210 әйел, 186 ер адам). Профессор Мел командасының есептеуі бойынша, орташа есеппен 17 сағат сөйлесу ішінде әйел 16 215 сөз пайдаланса, еркек – 15 699 сөз сөйлеген, яғни айырмашылық статистикалық қателіктен асқан жоқ. Бір қызығы, ең сөзшең қатысушылардың үштігін 47 000 сөзбен ер адам бастап тұр, ең аз сөйлейтін қатысушы да еркек болды, ол белгіленген уақытта бар болғаны 700 сөз сөйлеген.

Тәжірибе жүзінде дәлелдер бар екеніне қарамастан қоғам арасына ерлерге қарағанда әйелдер сөзшең деген миф мықтап еніп алған. Медиа ми жұмысындағы жынысаралық айырмашылық туралы түрлі зерттеуге сүйеніп бұл қағиданы сіңіруге үлес қосып жатыр.

«Сөзшең» ми

Әйелдің көп сөйлейтінін дәлелдегісі келетіндер тарапынан түрлі дәйектер келтіріледі: мәселен, оған әйел миындағы жартышараралық байланыс саны, «сөйлеу» аймақтарының белсенділігі немесе FOXP2 «тілдік ақуыз» көлемі себеп болуы мүмкін-міс. Ғалымдар ер мен әйел нейрофизиологиясында гендерлік айырмашылық бар екенін жоққа шығармағанымен, қазір бұл өзгешеліктің сөйлеуге әсер ететіні туралы ешқандай сенімді дерек жоқ.

Ер мен әйел әрекетіндегі айырмашылық ми құрылысының әртүрлі екендігіне байланысты деген тұжырымдама жүздеген жылдан бері бар. Рентген мен фМРТ пайда болғанға дейін әрекеттегі жынысаралық айырмашылыққа (қысқаша айтсақ: «ерлер – интеллектуал және көшбасшы, әйелдер – эмоционал және ақылы қысқа») әйел мен ер миының көлемінің екітүрлі екені себеп болған: ер адамның миы, орташа есеппен 1 425 см3, ал әйелдікі – 1 350 см3. Дегенмен бас мөлшері дененің көлеміне қарай болатынын ескерсек, айырмашылық жоқ екенін аңғарамыз. Себебі ерлер әдетте әйелдерге қарағанда ірілеу болады. Сондай-ақ орташа көрсеткіштер нақты бір ер адамның немесе нақты бір әйелдің миының қабілеті мен сипаттамасы туралы түсінік бермейді. Интеллектке келер болсақ, ол мидың көлеміне емес, нейрондық байланыс санына тәуелді. Археологиялық олжалар көрсеткендей, кейінгі 25 000 жылда адам миы тек кішірейіп келген, бірақ ол жаһандану мен техникалық дамуға кедергі келтіре алмады.

Фактчек | Әйелдің сөзшеңдігі туралы миф
Сол жақта – ежелгі кроманьон адамның, оң жақта – қазіргі адамның бас сүйегі. Фото «Антропогенез.ру» жобасының сайтынан алынды.

Дегенмен жынысаралық айырмашылықты зерттегенде мидың көлемін ескеру қажет. Мәселен, сұр және ақ заттың үйлесімділігі мен жартышараралық байланыс саны жынысына емес, мидың көлеміне тәуелді (ал ми көлемі түр ішінде әртүрлі болады). Өкінішке қарай мұны зерттеушілердің бәрі ескере бермейді, сол себепті қате қорытынды жасап жатады. Мысалы, Филадельфиядағы Пенсильвания университетінің ғалымдары 8-ден 22 жасқа дейінгі 959 қатысушының фМРТ-сін талдап, мишық аумағында әйел миында жартышар арасында байланыс көп, ал ер адамда жартышар ішінде көп деп мәлімдеді. Мұндай қорытынды зерттеу қатысушыларының ми көлемінің айырмашылығы ескерілмегендіктен, ал бір бөліктің ғана жұмыс істеу нәтижесін авторлар жалпы мидың жұмысы деп бергендері үшін сынға ұшырады. Сондай-ақ статистикалық маңызы бар нәтиже жасау үшін таңдама да үлкен болған жоқ. Бірақ бұл журналистерге Пенсильвания ғалымдары жұмысының қорытындысын таратып, оларды «ер мен әйел миы түрлі қызмет түріне бейімделген», әйелдерде коммуникация жасау мен түйсік жақсы дамыса, еркектер батыл әрі оларға жол табу оңай» деген қағиданың дәлелі деп жариялап жіберуге кедергі болмады.

Таңдаманың аз болуы мен тәжірибеге қатысушылар санының жеткілікті болмауы – мидың гендерлік зерттеуінің тағы бір мәселесі. Мысалы, 1995 жылы А. Шайвиц бастаған ғалымдар тобы тілге қатысты міндеттерді орындағанда мидың қай бөлігі белсенді болатынын зерттеді. Фонологиялық тапсырмаларды орындау кезінде (сынаққа қатысушылар сөздер тобы ұйқаса ма – соны анықтады) ер адамдарда сол жақ төменгі маңдай қатпарының артқы бөлігі іске қосылса, әйелдердің белсенді бөліктері шашыраңқы болды – томографта төменгі маңдай қатпарының сол жақ және оң жақ бөлігі де «жанған». Алынған деректерді зерделей келе, ғалымдар «мидың тілдік бөліктерінің функционалдық құрылымында анық жынысаралық айырмашылық бар және бұл айырмашылық фонологиялық міндеттерді орындағанда білінеді» деген қорытындыға келді. Бұл тәжірибені сипаттаған мақаладан үзінді 971 рет басқа материалдарда келтірілген, оның ішінде жынысаралық айырмашылық туралы бірнеше ғылыми-көпшілік кітап та бар. Дегенмен А.Швайц пен Ко қорытындысының маңыздылығы үлкен емес: біріншіден, авторлардың өзі ерлер де, әйелдер де тапсырманы бірдей жақсы орындады деп мойындады. Яғни белсенді бөліктердің әртүрлі болуы тілдік қабілеттердің сапасына еш әсер етпейді; екіншіден, зерттеу үшін таңдама аз болды (бар болғаны 38 адам қатысты – 19 еркек және 19 әйел) және мұндай жағдайда қате болмайды деу дұрыс емес, себебі жеке айырмашылық топаралықтан айтарлықтай басқаша болуы мүмкін.

FOXP2 ақуызы

Нейробиология мен тілдің байланысы туралы кейінгі жаңалықтардың бірі – FOXP2 ақуызының анықталуы – тағы да әйелдің сөзшеңдігінің биологиялық негізі бар екені туралы стереотипті нығайтты, әрине оған тағы да БАҚ «көмектесті» (1, 2, 3, 4, 5). 

Ғалымдар алғаш рет бір британдық отбасыдағы тұқымқуалайтын тілдік бұзылысты зерттегенде FOXP2-ге назар аударды. Бәріне кінәлі FOXP2 деп аталатын және өзі аттас ақуыз түзетін гендегі бұзылыс екені анықталды. FOXP2 ақуызы басқа көптеген геннің жұмысын реттейді және эмбрион миының дамуына, сондай-ақ қозғаушы қызметтерге, мәселен, артикуляцияға жауапты. FOXP2 геніндегі қателік тілдік мәселелерге әкеп соғатыны, сондай-ақ ақуыздың ерекше үлгісі тек адамда кездесетініне қарап ғалымдар FOXP2 мен тіл (сөйлеу) байланысты деген ойға тоқтады.

2013 жылы бұл болжамды Мэриленд университетінің докторы Майкл Бауэрс тексеріп көруді шешті. Әуелі ғалымдар төрт күндік егеуқұйрықтардағы FOXP2 мөлшерін есептеді: анасынан балаларын алып кетіп, 5 минут ішінде неше рет шиқылдап дауыс шығарғанын санады. Аталығы аналыққа қарағанда екі есе белсенді шиқылдаған, аталықтардағы FOXP2 мөлшері де көбірек болған. Кейін Бауэрс командасы адам миындағы FOXP2 санын зерттеді. Бұл мақсатта олар 5 ұл мен 5 қыздың мұздатылған тін үлгілерін алды. Қыздардың миының «тілдік» бөліктеріндегі FOXP2 контрацепциясы ұлдарға қарағанда 30%-ке жоғары болған.

Көріп отырғанымыздай, зерттеу нәтижелері «әйелдің тума сөзшеңдігіне» дәлел бола алмайтын тәрізді. Тәжірибенің екі бөлігінде де таңдаманың аз болуы, ақуыз контрацепциясы мен шынайы тілдік қабілеттер арасындағы зерттелмеген байланыс, сондай-ақ егеуқұйрықтарға жүргізілген зерттеуді адамдарға тікелей ауыстыру – мұның бәрі Бауэрс жұмысының ғылыми дәлдігін әлсіз етеді. Бұл зерттеу дәлелдеп тұрған жалғыз нәрсе – ер және әйел миы туралы ой жақсы “сатылады” және ақпараттың сапасына қарамастан тез тарайды.

Ғылым дамып, жаңа диагностика тәсілдері пайда болғаннан кейін гендерлік мифтер жойылуы керек сияқты еді, бірақ шын мәнінде бұл жылдар бойы қатып тұрған қағидаларды одан сайын нығайтатын «нейросексизм» деп аталатын құбылыстың дамуына әсер етті. Ер адамдыкі қалыпты, ал әйелдікі – (кемшілігі бар) ерекшелік деп саналатын сексистік жүйе қалыптасқан әлемде ең нейтрал нәтижелердің өзі «интеллектісі тұрақты еркектер» мен «эмоционалды сөзшең әйелдер» туралы қалыптасқан қағидаға “дәлел болып кетеді”. Гендерге негізделген әлем гендерге негізделген миды тудырады. Шын мәнінде ер мен әйел арасында байқалуы мүмкін айырмашылық ортаға көбірек байланысты – біздің бейімделгіш миымыз қоғамның қыз бен жігіт өзін қалай ұстауы керек деген түсінігі мен талаптарына икемделеді. Лондондық такси жүргізушісінің миы құрылымы жағынан қарапайым жүргізушінің миынан өзгеше болса, қолөнермен айналысуды құптайтын қыздар мен командалық спортқа деген махаббатын оятып өсірген ұлдарда да солай басқаша.

Ақпарат Канаданың жергілікті бастамалар қорының (CFLI) қолдауымен MediaNet Халықаралық журналистика орталығы жүзеге асыратын «Қазақстандағы әйелдер мен қыздардың гендерлік теңдігі мен мүмкіндіктерін кеңейтудің маңыздылығы туралы қазақстандық аудиторияның хабардарлығын арттыру» жобасы аясында дайындалды.

лингвистка, фактчекерка

Factcheck.kz