Тұрмыста зорлық көргендер Еуроодақтың “босқын” статусына өтініш бере алады

16 қаңтарда Еуроодақ соты 2011/95 директивасына сай әйелдерді “әлеуметтік топ” ретінде мойындап, директива аясында босқын статусына өтініш бере алады деген шешім шығарды.

Мұндай шешім шығаруға ұлты күрд Түркия азаматшасының сұрауы себеп болған. Азаматшаның айтуынша, оны отбасы тұрмыс құруға мәжбүрлеген, ал күйеуі ұрып-соққан. Ол еліне қайтудан қорқып, Болгария сотынан халықаралық қорғауды сұраған. Болгар соты істі шешу үшін Еуроодақ сотына жүгінген.

Еуроодақ сотының шешіміне сәйкес, егер әйелдер өзі туған елінде физикалық және психологиялық, оның ішінде сексуалды не отбасында зорлық-зомбылық көрсе, олар босқын статусына өтініш бере алады. Егер босқын мәртебесі берілмесе, бірақ өтініш берушінің өміріне қауіп төнсе не зорлық-зомбылыққа ұшырау ықтималдығы болса — қосалқы қорғау мәртебесіне де үмітті бола алады.

2011/95 директивасы босқын мәртебесін беру және үшінші елдің азаматтарына қосалқы қорғау мәртебесін беру шарттарын белгілейді. Босқын мәртебесі үшінші елдің азаматы нәсіліне, дініне, ұлтына, саяси көзқарасына немесе белгілі бір әлеуметтік топқа мүше болғаны үшін қудалауға ұшыраған жағдайда беріледі.

Сот осы талаптарды негізге алып, директиваны Ыстамбұл ковенциясы арқылы түсіну қажеттігін жазады. Ыстамбұл ковенциясы Еуроодақ елдері үшін міндетті және бұл құжат гендерлік зорлықты қудалаудың бір формасы ретінде мойындайды. Сонымен қатар, сот 2011/95 директивасының аясында әйелдерді тұтастай әлеуметтік топқа жатқызуға болатынын айтады. Демек, олар туған елінде қудаланса, босқын мәртебесіне ие бола алады.

1952 жылы құрылған Еуроодақ сотының миссиясы — келісімдерді «түсіндіру мен қолдану» кезінде «заңның сақталуын» қамтамасыз ету.

Осы миссияның бөлігі ретінде сот:

  • Еуроодақ институттары актілерінің заңдылығын тексереді;
  • мүше мемлекеттердің келісімдер бойынша міндеттерін орындауын қадағалайды;
  • ұлттық соттар мен трибуналдардың сұрауы бойынша Еуроодақ заңдарын түсіндіреді.

Контекст

Қазақстанда кейінгі кездері тұрмыстағы зорлық-зомбылық үшін жазаны қатайту мәселесі қызу талқыланып жатыр. Оның үстіне, ZERTTEU орталығы, “Союз кризисных центров” және Friedrich-Ebert-Stiftung ұйымдары бірлесіп жүргізген жұмысының нәтижесіне сенсек, тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың тек 40%-і сотқа жеткеді. “Қазақстандағы отбасындағы, тұрмыстағы зорлық-зомбылықпен күреске кеткен шығынды бағалау” зерттеуі келесідей жазады: 2021 жылы 102-ге тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қатысты 114 044 қоңырау түскен. Оның 40%-і ғана, яғни 44 974 іс сотта қаралған. Оның 39%-і құқық бұзғаны үшін 2 сағаттан үш тәулікке дейін қамау сияқты әкімшілік жазамен шектелген.

Үйде зорлық-зомбылыққа ұшырасаңыз, төмендегі контактілерге хабарласыңыз:

  • Полицияға (102 нөміріне) хабарласыңыз. Келген учаскелік полиция қызметкері шұғыл әрекет етіп, әйелдің өтініші бойынша қорғаныс нұсқамасын жаза алады;
  • Жедел жәрдемге (103 нөміріне) хабарласыңыз. Сізге біреу қол көтерсе, медициналық көмекке жүгініңіз, мұндай жағдайда жедел жәрдем бригадасы да полицияға қоңырау шалады;
  • Әйелдер тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа ұшырағандарды қорғауға мамандандырылған дағдарыс орталықтарына жүгіне алады. Олардың контактілерін табу үшін іздеу жүйесінде қаланың атауын жазыңыз, кілт сөздерді қолданыңыз. Мысалы, “дағдарыс орталығы”, “тұрмыстағы зорлық-зомбылық”, “Алматы” және т.б.

Ақпарат Канаданың жергілікті бастамалар қорының (CFLI) қолдауымен MediaNet Халықаралық журналистика орталығы жүзеге асыратын «Қазақстандағы әйелдер мен қыздардың гендерлік теңдігі мен мүмкіндіктерін кеңейтудің маңыздылығы туралы қазақстандық аудиторияның хабардарлығын арттыру» жобасы аясында дайындалды.

Басты беттегі сурет: Worldbank.org

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz