Тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың 40%-і ғана сотқа жете ме?

15 қарашада өткен мәжіліс отырысында депутат Жұлдыз Сүлейменова елдегі тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қатысты мәлімдеме жасады. Депутаттың сөзінше, 2021 жылы жасалған зорлық-зомбылықтың сотқа тек 40%-і ғана жеткен.

Депутаттың айтқаны (тайм-код: 1:59:05)

Factcheck.kz мәселеге қатысты депутаттың мәлімдемесін тексеріп көрді.

Мәлімдеме: Үкіметтік емес ұйымдардың зерттеулеріне сүйенсек, 2021 жылы үйдегі зорлық-зомбылықтың сотқа тек 40%-ы жеткен, 39%-ы ғана 2 сағаттан 3 тәулікке дейінгі әкімшілік жазамен құтылып кеткен.

Жұлдыз Сүлейменова

Үкім: Шындық

“Қазақстандағы отбасындағы, тұрмыстағы зорлық-зомбылықпен күреске кеткен шығынды бағалау” зерттеуі нәтижесіне сай, 2021 жылы 102-ге тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қатысты 114 044 қоңырау түскен. Оның 40%-і ғана, яғни 44 974 іс сотта қаралған. Оның 39%-і құқық бұзғаны үшін 2 сағаттан үш тәулікке дейін қамау сияқты әкімшілік жазамен шектелген.

Депутат айтқан зерттеу — 2022 жылы жарияланған “Қазақстандағы отбасындағы, тұрмыстағы зорлық-зомбылықпен күреске кеткен шығынды бағалау” зерттеуі. Зерттеуді ZERTTEU орталығы, Союз кризисных центров және Friedrich-Ebert-Stiftung ұйымдары бірлесіп жүргізген.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, 2021 жылы полицияға 1 000 адамға шаққанда ең көп арыз-қоңырау Шымкент (14,9), Астана (14,5), Алматы (11,1) қалаларынан және Павлодар облысынан (12,7) түскен. Ал ең аз арыз Түркістан (0,5), Қызылорда (1,6) және Алматы (1,6) облыстарында тіркелген. Авторлардың жазуынша, зерттеу ресми сауалдар нәтижесіне және ашық дереккөздегі ақпаратқа сүйеніп жасалған.

Сонымен қатар, Құқық қорғау органдары академиясының Ведомствоаралық ғылыми-зерттеу институтының 2021 жылы жариялаған зерттеу нәтижесіне сай, тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдердің 70-90%-і ұзақ уақыт полицияға шағымданбайды.

Тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың 40%-і ғана сотқа жете ме?

Qamqor.qov.kz деректеріне және Қазақстандағы отбасылар ұлттық баяндамасына сәйкес, кейінгі 5 жылда тұрмыстағы зорлық-зомбылық фактісі бойынша жалпы 247 421 әкімшілік және 5 мыңға жуық қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген.

Тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қатысты статистикалық мәліметтерді қосымша мына материалдан оқи аласыз.

Factcheck.kz