Тұрмыстағы зорлық-зомбылық: қоғам назарын аудартқан 10 жағдай

9 қарашада бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаева жұбайы Салтанат Нүкенованы “ұрып-соғып өлтірді” деген күдікпен ұсталды. Қазір оның үстінен “Адам өлтіру” бойынша қылмыстық іс қозғалып жатыр. Бұл қайғылы жағдай елде үлкен резонанс тудырды. Қазақстан азаматтары, белсенділер мен құқыққорғаушылар Салтанаттың өліміне соң тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қатысты заңды қатаңдатуды, агрессорларды қатаң жазалауды талап етті. Осы тұста Factcheck.kz Қазақстанда дүрбелең тудырған тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қатысты 10 оқиғаны шолып шықты.

1. “Күйеуі денесіне бірнеше рет пышақ сұққан”: продюсер Баян Мақсатқызының көрген зорлық-зомбылығы

2016 жылғы 16 маусымда белгілі продюсер Баян Мақсатқызы Талғардағы ауруханаға ауыр хәлде түсті. Оны бұрынғы күйеуі (сол кезде некеде болған күйеуі) Бақытбек Есентаев Еңбекші ауылының маңында Құлжа тас жолында ұрып-соғып, бірнеше рет пышақтаған.

Кейін Бақытбек Есентаев Талғар аудандық ішкі істер басқармасына жеткізілді. Ішкі істер басқарамасының өкілдері медицина сараптамасына сүйеніп, Бақытбек Есентаевтың қылмыс жасағанда мас болғанын мәлімдеді. Айыпталушы кінәсін мойындаған. Нәтижесінде ол “Адам өлтіруге оқталу” бабы бойынша айыпталып, 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Оқиға қоғамда үлкен дүрбелең тудырды. Баян Мақсатқызының жәбірленуші болғанына қарамастан, қоғамда оны жақтағандар да, сынағандар да болды.

2. “Экс-күйеуі аңдып, өлтірген”: Надежда Белоустың өлімі

28 жастағы астаналық тұрғын Надежда Белоус күйеуі Ростислав Белоустан зорлық көргендіктен, одан ажырасқан. Дегенмен агрессор оны аңдып, қоқан-лоқы көрсетіп, қорқытуын жалғастырған. 2020 жылғы 28 сәуірде Надежданы бұрынғы күйеуі баспалдақ алаңында өлтіріп кеткен. Қайғылы оқиғаға дейін, бір күн бұрын Надежда бұрынғы күйеуінің үстінен полицияға арызданған. Алайда полиция онымен “профилактика әңгімесін” жүргізіп, босатқан. Қылмыскер 12 жылға сотталды.

3. “Әйелдің денесінде соққы іздері болған”: Гүлзардың өлімі

29 жастағы түркістандық Гүлзар Қуанышева 2020 жылғы 29 шілдеде үйінде өлі табылды. Күйеуінің туыстары әйелді халатының белбеуіне асылып қалған күйінде тапқанын айтқан. Қоғам белсендісі Дина Таңсәрінің айтуынша, әйелдің денесінде көгерген соққы іздері болған, төрт қабырғасы сынған. Көз жұмған әйелдің туыстары өзіне қол салғанына сенбейді. Қоғамдық резонанс туғызған іс сол күйі ашылмаған.

4. “11-қабаттан секіріп өлді”: Сымбаттың өлімі

2020 жылғы 10 желтоқсанда 29 жастағы Сымбат Құлжағарова Астанадағы көпқабатты үйдің 11-қабатынан секіріп қайтыс болған. Алайда марқұмның туыстары оның суицид жасағанына сенбейді. Олар қызы тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың құрбаны болды деп есептейді. Себебі Сымбат өліміне дейін Instagram парақшасында күейуінен зорлық көріп жүргенін жазған. Ал күйеуі Сымбаттың “күйзелісте” болғанын мәлімдеген.

Сымбаттың әкесі Боранғали Құлжағаров президентке үндеу жолдап, істі әділ қарауын, қылмыскерді анықтап, жазалауын талап етті. Алайда НеМолчиKZ қорының ақпараты бойынша, бұл іс бойынша әлі күнге дейін кінәлілер анықталмады, жауапқа тартылмады.

5. “Күйеуі 30 жерінен пышақ салған”: Айнагүлдің өлімі

Орал қаласының тұрғыны Айнагүл Хайруллина – тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың тағы бір құрбаны. Күйеуі Бауыржан Хайруллин оған бірнеше мәрте зорлық көрсеткен. Айнагүл шыдамай, екі баласын алып, ата-анасының үйіне кетіп қалады. Айнагүл ата-анасына тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа ұшырап жүргенін айтады. Ол тіпті полицияға арыз жазған. Алайда полиция “қылмыстық құрам жоқ екенін” айтып, іс қозғамаған. Полиция агрессордың құрбанға жақындауына тыйым салатын қағаз берген. Айнагүл Хайруллина күйеуінен ажырасқан. Бірақ Бауыржан Хайруллин зорлық көрсетуін тоқтатпаған. 2022 жылғы сәуірде күйеуі Айнагүлдің жұмысына барып, 30 жерінен пышақ сұғып, өлтіреді.

Бауыржан Хайруллиннің үстінен Қылмыстық кодекстің 99-бабы “Аса қатігездікпен өлтіру” бойынша іс жүреді. Хайруллин есінде ештеңе жоқ екенін, қылмысты “ақыл есіне ие бола алмайтын жағдайда” істегенін айтып, ақталған. Дегенмен медицина сараптама нәтижесі оның сөзін дәлелдемеген. Марқұмның отбасы қылмыскерді өмір бойы бас бостандығынан айыруды сұраған. Сот Бауыржан Хайруллинді 15 жылға соттады. Айнагүлдің артында екі баласы қалды.

6. “Туған күнінде соққыға жығып, өлтірген”: Ажар Шадиеваның өлімі

2022 жылғы 3 тамызда 27 жастағы қызылордалық Ажар Шадиеваны күйеуі ұрып өлтірген. Қайғылы оқиға болған күні Шадиева туған күнін атап өту үшін күйеуі Руслан Отарбаевпен бірге караокеге барған. Ол жерде ерлі-зайыптының арасында жанжал шыққан. Кейін Руслан Отарбаев әйелі Ажар Шадиеваны ғимараттың ішінде, далада соққыға жыққан. Ауыр соққы салдарынан Ажар қайтыс болған. Алғашында Руслан Отарбаев қашып кеткен, кейін оны полиция ұстап, қылмыстық іс қозғады. Прокурор Отарбаевты 20 жылға түрмеге қамауды, ал марқұмның туыстары өмір бойы бас бостандығынан айыруды сұраған. Сот Руслан Отарбаевты 12 жылға соттады.

НеМолчиKZ қоры Руслан Отарбаевтың Ажар Шадиеваны ұрып жатқан сәті түсірілген видеоны жариялады. Онда полиция қызметкерлерінің жұбайлардың жанына келгені, бірақ араша түспегені көрінеді. Марқұмның туыстары, Шадиеваның өліміне жол берген бейнедегі 15 полиция қызметкерді жауапқа тартуды талап еткен. Кейін бұл мәселе де қаралды. Қызылорда қаласының №2 соты күйеуінің қолынан қаза болған Ажар Шадиеваның өліміне байланысты полицей Ерсұлтан Қуанышбайды “Қызметтегі әрекетсіздік” бабымен кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығынан айырды. Оған қоса сот оны  лейтенант шенінен айырды, өмір бойына ішкі істер органдарында істеуге тыйым салды, жәбірленушінің туыстарына моральдық шығын ретінде бес миллион теңге төлеуді міндеттеді.

7. “Лифтіде тепкілеген”: Аружан Байметованың көрген зорлық-зомбылығы

2022 жылғы наурызда әлеуметтік желіде лифтіде ер адамның әйелін тепкілеп, жұдырықтап, ұрып-соққаны түсірілген видео тарады. Видеодағы жәбірленуші Аружан Байметова болып шықты. Ал оны ұрған күйеуі Елнұр Байметов. Жәбірленушінің айтуынша, оқиға Астанада болған. Екеуі туыстарымен бірге караокеге барған. Онда Аружан қолына микрофон алып ән айтқан. Оған күйеубаласы қосылған. Мұны көрген күйеуі қорқытып, хабарлама жазған. Кеш біткен соң, Байметов әйелін үйге қайтқанда лифтіде, кейін үйде ұрып-соққан. Осы оқиғадан соң Аружан Байметова полицияға арызданған. Аружанның айтуынша, бұл жағдай – күйеуінің көрсеткен бірінші зорлық-зомбылығы емес, бірақ полиция бұл деректі ескермеген.

Оған қоса ол енесі Гүлайым Шұңғараева “барлық ерлер солай ұрады, бәрімізді ұрған” деп сабырға шақырғанын айтады. Айта кетері, Гүлайым Шұңғараева – Шымкенттегі балалар мен әйелдер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің төрайымы. Алайда Гүлайым Шұңғараева баласының әрекетін құптамайтынын, мұндай әрекетін көрмегенін мәлімдеген.

2022 жылғы 3 қарашада Астана қаласы Есіл ауданының № 2 аудандық соты Қылмыстық кодекстің 107 және 110 бабы бойынша, Ернұр Байметовке “2018-2020 жыл аралығы жұбайының жүкті екенін және оған материалдық тұрғыдан тәуелді екенін біле отырып, оған физикалық және психикалық азап көрсетті” және “2023 жылғы наурызда лифтіде ұрып-соғып, орта дәрежедегі дене жарақатын келтірді” деген айып тағып, оны 4 жыл 8 айға соттады. Сонымен бірге моралдьдық шығын үшін 2 миллион теңге, материалдық шығын үшін 4 миллион теңге айыппұл салды.

Құқыққорғаушылардың айтуынша, айыпталушының ұрып-соққаны бейнекамераға түсіп қалмаған жағдайда оның кәнісін, зомбылық-зомбылығын дәлелдеу қиынға соғар еді. Аружан Байметованың екі баласы бар.

8. “18 жерінен пышақтап өлтірді”: адвокат Айман Асанованың өлімі

2022 жылғы 8 қазанда адвокат Айман Асанованың бұрынғы күйеуі Талғат Нұртаев 18 жерінен пышақ тыққан. Сол күні Айман Асанова Алматыдағы қалалық ауруханаға жеткізілді, бірақ 12 қазанда ауруханада көз жұмды.

Айман Асанова мен Талғат Нұртаев 2022 жылғы шілдеде ажырасқан. 8 қазанда Нұртаев ортақ мүлкін бөлісу мәселесін талқылау үшін келген. Нәтижесінде олардың арасында жанжал шығып, Нұртаев Асанованың мойнына және бас жағына пышақ тыққан.

Талғат Нұртаевтың үстінен “Адам өлтіру” бабы бойынша іс қозғалды. Алайда сот “марқұмның айыпталушыны қорлап, балағат сөз айтқанын, Нұртаевтың ашу үстінле қылмыс жасағанын” мәлімдеген. Сот Талғат Нұртаевты айыпты деп танып, 1,5 жылға соттады.

Кісі өлтіргені үшін берілген мұндай қысқамерзімді жаза жұрттың наразылығын тудырды. Адвокат Джохар Өтебеков марқұмның туыстарының рұқсатымен Айман Асанованы күйеуі өлтірген сәті бейнеленген видеоны желіге жариялады. Ол Нұртаевқа жеңіл жаза берілгенін айтты. Себебі оның сөзінше, видеода Нұртаевтың Асанованы әдейі өлтіргені, қозғалып жатқанын көрсе де қылмысын әрі қарай жалғастырғаны анық көрінеді.

Осыдан кейін Талғат Нұртаевтың ісі қайта қаралды, сот судьясы ауыстырылды. Сот айыпталушыны қасақана адам өлтіргені үшін кінәлі деп танып, 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

9. “Экс-министр мейрамханада әйелін ұрып өлтірген”: Салтанаттың өлімі

2023 жылғы 9 қарашада бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев ұсталды. Ол Астанадағы Bau мейрамханасында 31 жастағы жұбайы Салтанат Нүкенованы “өлімші етіп сабап, өлтірді” деген күдікке ілінді. Қазіргі таңда “Адам өлтіру” бабы бойынша іс қозғалды. 12 қарашада Астана қалалық соты Бишімбаевты екі айға қамады. Оған қоса кісі өлімі тіркелген мейрамхананың директоры да ұсталып, уақытша тергеу изоляторына қамады. Ол “қылмысты жасырып, дер кезінде полицияға хабарламағаны үшін” айыпталуы мүмкін.

Салтанат Нүкенованың өлімінен соң, әлеуметтік желіде үлкен резонанс болды. Қазақстандық азаматтар Салтанаттың өліміне кінәлі жазасын алуын, сонымен қатар заңға тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы заң, агрессорларға қатаң жаза енгізу керек екенін талап етіп отыр. Азаматтар бұл туралы пост, мақала жазып, тіпті тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесін көрсететін флешмоб видео түсіріп жатыр. Ал 25 қараша – тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы халықаралық күніне орай, белсенділер марш өткізбек.

Президент те бұл істі жіті тексеруді тапсырды.

10. “Подъезде зорлаған”: Ұлжанның жағдайы

30 жастағы Ұлжанның жағдайы – тұрмыстағы емес, жалпы жыныстық зорлық-зомбылық мәселесі. Бүгінде оның оқиғасы Салтанат Нүкенованың өлімімен қатар талқыланып жатыр.

Ұлжан деген азаматша 2023 жылғы тамызда Алматыдағы бір бардың күзетшісі пышақпен қорқытып, зорлағанын айтты. Ол полицияға арыз жазған. Жәбірленушінің сөзінше, барлық дәлел мен сараптаманы ұсынса да, Алматы қаласы Алмалы ауданының прокуратурасы оған сенбей отыр. Прокуратура ер адамның пышағын тәркілеп, 10 күннен соң оны босатып жіберген. Тіпті келіншектің арызын қабылдамай, ер адамды күдікті деп танудан бас тартқан. Тіпті Ұлжанды арызын қайтып алуға мәжбүрлеген.

“Олардың логикасы бойынша, оларды сендіруім үшін сол кезде, қаскөйдің мені зорлағанын, пышақпен бопсалағанын видеоға түсіруім керек екен. Олар арызды қабылдаудан бас тартты, бірақ телеарналарға “тергеу жүріп жатыр” деп өтірік ақпарат таратты”, – дейді Ұлжан.

30 жастағы Ұлжан Тоқаевқа үндеу жолдап, құқық қорғау органдарындағы келеңсіздіктерді реттеуін сұрап отыр.

БАҚ-тың хабарлауынша, Ұлжанның ісі бойынша күдікті танылған күзетші тағы бір қылмысы үшін ұсталған. Бұл туралы адвокат Жанна Махмұди айтты.

Factcheck.kz