Батыс елдері құжаттарда “ана”, “әке” сөзін қолдануға тыйым салды ма?

Ресей билігінің өкілдері батыс мемлекеттерінде «әке» мен «ана» сөздерін қолдануға тыйым салынғаны және бұл сөздер «1-ата-ана» және «2-ата-ана» секілді гендерлік бейтарап терминдерімен алмастырылғаны туралы айтып жүр. Мәселен, мұндай мәлімдемені жасаушылардың қатарында Ресейдің БҰҰ-дағы өкілі Борис Черненко, Ресей Федерациясы кеңесінің басшысы Валентина Матвиенко бар. 30 қыркүйекте бұл тақырыпты Украинаның бірнеше облысын Ресей Федерациясына қосу туралы келісімдерге қол қою рәсімінде Путин де көтерді. Ол: “Біздің елде ана мен әкенің орнына нөмірі 1-ата-ана, нөмір 2-, нөмірі 3 болуын қалаймыз ба? Естеріңіз ауысты ма?,-деді. “Ана” мен “әке” ұғымына қатысты тыйым медиада, блог пен әлеуметтік желілерде де жиі талқыланды.

“Проверено” фактчекерлері тыйымның бар-жоғын анықтады.

АҚШ

2011 жылы ресейлік медиа америкалық төлқұжаттың өтініш бланкісіндегі ата-ана туралы баған “ана” және “әке” сөзінен “1-ата-ана” және “2-ата-ана” деп өзгертілгенін хабарлады. Алайда бұл ақпараттың жалған екенін АҚШ мемлекеттік департаментінің веб-сайтындағы өтініш үлгісін көріп, тексеруге болады. “Ата-аналар туралы ақпарат” бағанында “ана/әке/ата-ана” деп жазылған.

Сонымен қатар 2021 жылы ресейлік медиа «АҚШ конгресі «ана», «әке», «ұлы», «қызы» және басқа да осыған ұқсас туыстық ұғымдарға тыйым салуды әзірлеп жатыр» деп жазды. 2021 жылғы 1 қаңтарда АҚШ конгресінің өкілдер палатасы әдеттегідей әр заң шығару сессиясының алдында өкілдер палатасының ішкі ережелер кодексіне түзетулерді қабылдады. Сол уақытта түзетулердің бірі әдеп кодексінің 8(c)(3) тармағына қатысты болды. Оған сәйкес, туыстар ақылы қызметтерге жұмысқа алынбауы қажет. Кейін ол “туыс” анықтамасына кімдер жататыны айқындалды. «Әке, ана, қыз, ұл, күйеу, әйел» сөздері орнына гендер бойынша бейтарап «ата-ана, бала, жұбай, немере» терминдері енгізілді. Дегенмен бұл өзгертулер тек АҚШ-тың өкілдер палатасы құжатына әсер етті. Басқа ресми құжаттарда және ауыз екі тілде “ана”, “әке” анықтамаларын қолдануға ешкім тыйым салған жоқ.

Ұлыбритания

Ұлыбританияда 2011 жылы төлқұжат алудың жаңа бланкі енгізілді. Ресейлік медианың таратқан қате хабарына сәйкес, төлқұжат бланкілерінде «ана» және «әке» орнына «1-ата-ана» және «2-ата-ана» деген бағандар пайда болған. Алайда шын мәнінде жаңа өтініш формасында да бұрынғыдай “ана” және “әке” термині бар, бірақ бағандар “2-ата-ана”, “2-ата-ана” деп аталатын болған. Сәйкесінше, «ана», «әке» ұғымдары құжаттарда да, қоғамдық өмірде де жойылмады әрі оларға тыйым салынбады.

Франция

Ресейлік медианың хабарлауынша, 2019 жылы Францияда ата-аналар мектепте толтыратын бланкілердегі ана мен әкеге қатысты бағандар өзгертілді. Негізі мұндай заң жобасы ұсынылған, бірақ көптеген сыни пікірден кейін қайта өзгертілді. Нәтижесінде “ана” және “әке” жанына “басқа заңды өкілі” деген үшінші баған қосылды.

Еуроодақ

2011 жылы көптеген медиа «Еуропа кеңесі «аналар» мен «әкелер» түсінігін жоюды ұсынды» деп жазды. Бұл мақалалар швейцариялық саясаткер Дорис Штумптың «Бұқаралық ақпарат құралдарындағы гендер стереотиптерімен күресу» атты баяндамасынан кейін Еуропа кеңесі қабылдаған 1751-резолюциясына қатысты еді. Баяндамада гендер стереотиптері мәселесі сипатталған, бірақ онда ешқандай тыйымдар мен ұсыныстар айтылмайды. Баяндама мәтінінде «ата-ана» деген сөз мүлдем жоқ. Әйелдердің қоғамдағы, отбасындағы және медиадағы рөлін көрсету үшін бірнеше рет қана “ана” сөзі қолданылған: “Оларды (әйелдер. – ред.) әлсіз, осал, тәуелді ананың, әйелдің немесе жыныстық объектінің рөлінде ғана қабылдайды; кәсіби салада жетістікке жеткен әйелдер «еркектің қасиеттеріне» ие мансапқорлар ретінде бейнеленеді”. Ал баяндама нәтижесінде қабылданған ЕКПА қарарының мәтінінде «ана», «әке» және «ата-ана» деген сөздер мүлдем қолданылмаған.

Factcheck.kz