АҚШ-та балалардың жыныстық жетілуін бұғаттау ұсынылғаны рас па?

Интернет желісінің орыстілді сегментінде АҚШ Денсаулық сақтау министрінің көмекшісі, трансгендер Рейчел (Рэйчел) Левин балалардың жыныстық жетілуін бұғаттап, оларға жынысын ауыстыратын ота жасауды ұсынды деген жаңалық тарады. Мұндай ақпаратты Царьград және РЕН ТВ телеарналарының сайтынан, Оскар Кучера, Владимир Соловьев News, Москва — третий Рим сынды Telegram-арналар мен басқа да әлеуметтік желілерден кездестіруге болады. Басылымдар Левиннің америкалық MSNBS телеарнасына берген сұхбатынан үзіндіні келтіреді: «Біз жыныстық жетілу тежегіштерін балаларға қолдану мүмкіндігін кеңейтіп, оларға бекітілген жынысына сәйкес операция жасауымыз керек» деген-мыс.

Жариялымдарда тараған Рейчел Левин сөзінен үзінді

«Есінен адасқан юбкадағы адмирал-транс Рэйчел Левин АҚШ-та дәрі-дәрмек арқылы балалардың жыныстық жетілуін бұғаттауды ұсынды. Яғни болашақта оларда жынысын өзі таңдауға және ота жасатуға мүмкіндігі болады», — деп жазды «Лепра» Telegram-арнасы.

Factcheck.kz редакциясы Левин расымен осындай мәлімдеме жасады ма деген сұраққа жауап іздеді.

Үкім: Манипуляция

Левиннің сөзі контекстен жұлынып алынған және дұрыс аударылмаған. Видеоның түпнұсқасында (тайм-код: 4:10) ол жасөспірім-трансгендерлерге гормондық терапияның қолжетімді екенін айтқан: «Трансгендер жастар өте әлсіз. Біз олардың спортпен шұғылдануына жол бермей, тіпті өз штатында жынысын ауыстыратын терапияны алу мүмкіндігін шектеудің орнына, оларды қолдап, құқы мен мүмкіндіктерін кеңейтіп, терапияның қолжетімді болғанын қалаймыз»,-деген. Көріп отырғанымыздай, Левин АҚШ-тың барлық баласы туралы емес, тек өзінің гендерлік сай еместігін сезінгендерді сөз қылып отыр.

Рейчел Левинмен болған сұхбаттың толық нұсқасы MSNBC телеарнасында

Айта кетейік, АҚШ-та жыныс ауыстыру терапиясы гормондық және хирургиялық процедуралармен ғана шектелмейді, оның құрамында басқа да көмек түрлері кіреді: психолог пен сөйлеу маманынан (логопед) бастап, шашты алу және репродуктологпен кеңеске дейінгі процедуралар жүргізіледі. Терапияның адам тәніне қатысты бөлігіне келсек, Трансгендерлерге медициналық көмек стандарттарына сәйкес, жасөспірімдер 3 сатылы терапиядан өтеді: жыныстық жетілуді тоқтататын толығымен қайтымды гормондық терапия, 16 жастан бастап ұсынылатын жыныстық гормондармен ішінара қайтымды гормондық терапия (Стандарттардың жаңа нұсқасының жобасында ең төменгі жасты 14 жасқа түсіру ұсынылған), осыдан соң тек соңғы кезең хирургиялық процедураларды білдіреді. Сондай-ақ барлығы ата-анасының келісімімен, баланың өзінің қатысуымен және мультидисциплиналық дәрігерлер командасының кеңесімен шешіледі. Ал жыныс органдарына жасалатын пластикалық ота кәмелетке толмағандар мен таңдаған гендерлік рөлінде бір жылдан аз өмір сүрген ересектерге ұсынылмайды. «Жас шегін белсенді араласуға тұрарлық көрсеткіш ретінде емес, минималды өлшем ретінде қарастыру қажет»,- делінген Медициналық көмек стандарттарында.

Дезинформациялық жариялымдарда Денсаулық сақтау министрі көмекшісінің сөзі «АҚШ-та даулы мәселеге айналғандай» айтылған. Шын мәнінде Левиннің сөзіне консерватив медиа мен танымал адамдар ғана назар аударған.

Толығырақ

Трансгендер адамдардың денсаулығы жөніндегі дүниежүзілік кәсіби қауымдастық пікірінше, жыныстық жетілуді тоқтату жасөспірімдерге олардың гендерлік даралығын түсінуге уақыт береді, сонымен қатар егер жасөспірім кейіннен жынысын өзгертуді жалғастырса, жыныстық белгілердің дамуын тоқтату арқылы гендерін ауыстыруды жеңілдетеді.

Левиннің трансгендер жастардың осал жағдайы туралы мәлімдемесіне келер болсақ, АҚШ-та жүргізілген кейбір зерттеулер бойынша мұндай жасөспірімдер арасында суицид басқа қатарластарына қарағанда екі есе жоғары. Оған буллиң, қоғам қысымы мен гендерлік дисфория себеп. Жыныс ауыстыру терапиясы – гендерлік дисфория мен содан туындаған күйзелісті емдеудің тиімді жолы. Зерттеулер көрсеткендей, жасөспірім кезінде жыныстық жетілуді бұғаттаған адамдар күйзеліс пен суицидтен алыс, ал олардың психоэмоционалды жағдайы есейгенде басқалармен салыстырғанда тұрақты болған. Дегенмен, гендерлік сай емес жасөспірімдердің күйзелісінің себебі ауқымды болуы мүмкін деген пікір бар және тек дисфорияны емдеу жеткіліксіз. Сол себепті терапияның негізгі бөлігі – психологпен жұмыс болуы керек.

Басқа да препараттар секілді, жыныстық жетілуді тоқтататын дәрілердің жанама әсері болуы мүмкін, олардың болу ықтималдығы жас өскен сайын жоғарылайды. Мәселен, салмағы мен көкірек тіні өзгереді, сүйектердің тығыздығы азаяды, сол себепті дәрігерлер жетілуді шектейтін препарат қолданатын жасөспірімдердегі кальций мен Д витаминінің мөлшеріне аса назар аудару қажет. Басқа ұзақмерзімді жанама әсерлері әзірге белгісіз.

Контекст

Рейчел Левиннің сұхбаты ЛГБТК+ қауымдастығы құқықтарына қатысты бірнеше шулы заң шығып жатқан тұста жарияланды. Олардың бірі – Флорида штатында қабылданған «Don’t Say Gay» заңы. Ол мектептерде 3-сыныпқа дейін сексуал ориентация мен гендерлік даралық тақырыптарын оқытуға тыйым салады. Екінші заң – президент Байден әкімшілігінің бастамасы. Ол трансгендерлерге спорттық жарыстарға қатысуға, сондай-ақ гендерлік даралығы бойынша киім ауыстыратын бөлме мен дәретханаларды пайдалануға рұқсат береді. Заңды федералды сот бұғаттап тастаған.

Осы жылдың қаңтар айынан бастап АҚШ-тың 15 штаты жастардың жыныстық терапияға қолжетімділігін шектейтін 25 заңды қарастырып жатыр. Кейбір заң процедуралардың өзін қылмыстық іске жатқызады, ал басқалары терапияны медициналық сақтандырудан шығарады немесе балаларына гормондық терапия жүргізуге рұқсат берген ата-аналарға айыппұл салады.

лингвистка, фактчекерка

Factcheck.kz