Фактчек | Мамин азық-түлік қауіпсіздігі рейтиңіндегі Қазақстанның орны туралы

21 маусым күні Парламенттің екі палатасы депутаттарының бірлескен отырысында премьер-министр Асқар Мамин Үкіметтің 2020 жылғы жұмысы туралы есеп беріп, экономиканы дамытуға қатысты жоспарлармен бөлісті. Осы тұста ол тексеруге тұрарлық бірқатар мәлімдеме жасады. Сондай мәлімдеменің бірі азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық рейтингіндегі Қазақстанның орнына қатысты болды.

Мәлімдеме: 2020 жылғы азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық рейтингінде Қазақстан өз позициясын жақсартып, 113 елдің арасында 32-ші орынға көтерілді.

Асқар Мамин

Үкім: Шындық

Шынында да, 2020 жылы британиялық Economist Intelligence Unit талдау агенттігі жүргізген азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық рейтингінде (Global Food Security Index) Қазақстан зерттеуге қатысқан 113 елдің ішінде 32-ші орынға ие болды.

Үздік үштікке Финляндия, Ирландия және Нидерланд кірген. Ал Қазақстан Аустралия (31-ші) мен Кувейттің (33-ші) арасына жайғасқан.

Айта кетейік, 2019 жылы Қазақстан бұл рейтингте Оңтүстік Африка Республикасымен қатарласып 48-ші орында болған еді.

Рейтинг туралы қысқаша тоқталсақ

Азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық индексі (GFSI) азық-түліктің бағасы, оның әртүрлі болуы, сапасы және қауіпсіздігі бойынша қолжетімді деңгейін көрсетіп, табиғи ресурстардың жай-күйі мен тұрақты дамуға қатысты көрсеткіштерді қарастырады. Индекс дегеніміз – динамикалық өлшеу моделі. Ол дамушы әрі дамыған елдердегі азық-түлік қауіпсіздігінің дәрежесін көрсететін көптеген ерекше параметрлердің негізінде жасалады. Зерттеуге жалпы 113 ел қатысады.

Factcheck.kz