Байден өзінің 207 жаста екенін айтты ма?

20 маусымнан бастап кейбір ресейлік медиа (1, 2, 3, 4, 5) “Байден 207 жылдан бері сыртқы саясатпен айналысып келе жатқанын айтты” деп жаза бастады. Баспасөз құралдары Bloomberg агенттігіне сілтеген. Сонымен қатар, желі қолданушылары арасында да “АҚШ президенті Джо Байден 207 жастамын деп айтты” деген ақпарат тарады. Оқырманның өтініші бойынша, Factcheck.kz ақпараттың қаншалықты рас екенін тексерді.

Желіде тараған ақпараттың бірі

Үкім: Манипуляция.

Байденнің қалжың сөзі ресейлік медиа мен жіле қолданушылары арасында бұрмаланып көрсетілген. Ақ үй мен Bloomberg халықаралық агенттігінің дерегінше, Байденің сыртқы саясатқа қатысты біліктілігі туралы мәлімдемесі қалжыңмен айтылған. Мұны естіп отырған аудитория да қалжың екенін түсінген.

Толығырақ

19 маусымда Джо Байден Калифорния штатындағы Атертон қаласында сайлау науқаны аясында өткен кездесуде өзінің сыртқы саясаттағы тәжірибесін жоғары бағалап, тіпті, ардагер дипломат Генри Киссинджерден кем түспейтінін айтты. Сонымен қатар, біщ тексеріп отырған мәлімдемеде Байден 207 деп айтты делінген. Алайда, АҚШ президенті 270 жыл деп айтқан. Байденнің мәлімдемесінен үзінді:

Қазір сіздерге ызаландыратын нәрсе айтайын деп тұрмын. Меніңше, мен Американың сыртқы саясаты жайлы бүгінде өмір сүріп жатқан кез келген адам, соның ішінде доктор Киссинджер [АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Генри Киссинджер – авт.] секілді көп білемін. Мен мұнымен кейінгі 270 жылда, өмір бойы айналысып келемін (күлкі және қол шапалақ).

Джо Байден

Ақпаратты ресейлік интернет кеңістікте ең бірінші болы РИА Новости сайты таратқанға ұқсайды. Кейін ресейлік желі қолданушылары арасында тез тарай бастаған.

Контекст

Бұған дейін желі қолданушылары мен бірқатар медиа Байденнің жасына байланысты көп сұрақ қоятын. Factcheck.kz оның “алжығанына”, “ауамен амандасқанына”, “қайтыс болғандарды іздей бастағанына”, тіпті, Рим Папасын “ең танымал афроамерикалық бейсболшы” деп атағанына қатысты біренше материал жариялады. Бұдан бөлек, ол Варшавада Украина туының үстінен жүрді деген жалған ақпарат тараған. Сонымен қатар, АҚШ президенті өзінің жұмысын ұмытыпты деп жазғандар да болды.

Байден мысалға келтірген дипломат — Генри Киссинджер. Ол Нобель сыйлығының лауреаты. 1970 жылдары президент Ричард Никсон мен Джеральд Фордтың тұсында АҚШ-тың бас дипломаты және Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі болды. Жақында ол өзінің 100 жылдығын атап өтті.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz