Байден Рим Папасын “ең танымал афроамерикалық бейсболшы” дегені рас па?

2021 жылы қазаннан бері әлеуметтік желіде және медиада “АҚШ президенті Джо Байден Рим Папасы Францискті танымал афроамерикалық бейсбол ойыншысы” деп атады деген хабарлама тарады. Сонымен қатар, биыл маусымда кейбір интернет ресурстарда “Байден Рим Папасын афроамерикалықпен шатастырды деген әңгіме жиі айтылды”. Оқырмандардың өтінішімен ақпараттың қаншалықты рас екенін тексердік.

Байден Рим Папасы Францискті ең танымал афроамерикалық бейсбол ойыншысы деп атады.

Медиада тараған ақпарат

Үкім: Фейк

Әлеуметтік желіде тараған хабарлама шындыққа жанаспайды. Себебі Байден желіде айтылғандай Рим Папасын бейсболшымен шатастырған жоқ. АҚШ президентінің мәлімдемесі толық көрсетілмеген және тақырып бұрмаланған. Биыл тараған видеолар жалған эмоция қалыптастыру үшін бұрмаланған.

Толығырақ…

Былтыр 29 қазанда АҚШ президенті Джо Байден Рим Папасы Францискпен ел басшысы ретінде бірінші рет кездесті. Ол бұған дейін Рим Папасымен үш рет кездескен. Ватикан және CNN жариялаған видеода 78 жастағы Байден 84 жастағы Францискке Сэтчел Пэйдж атты бейсболшының өмірбаяны жайлы айтқан. Пейдж — бейсбол тарихындағы ең жоғарғы жастағы ойыншы. Ол Ұлттық лигада 42 жастан бастап ойнаған. Ал ең соңғы ойынын 60 жасында өткізген.

Тайм код: 5:37

Видеода Байден өзінің мәлімдемесін былай бастайды: “Америкада танымал афроамерикалық бейсболшы бар”. Желіде видеоның үзіндісі ғана тарап, ақпарат бұрмаланған. Видеоның толық нұсқасында Байден әңгімені былай жалғастырады:

“Негізі питчерлер 35 жасында қолдарын жарақаттайды. Ол өзінің туған күнінде 47 жасында жеңіске жетті. Ойыннан соң <…> журналистер сұрақ қойды: “Сэтч, 47 жасында ешкім жеңіске жетпеді. Туған күніңізде жеңіске жеттіңіз. Қандай сезімдесіз?”. Сэтч былай жауап берді: “Жігіттер, мен жасқа басқаша қараймын. Сіз өзіңіздің қаншада екеніңізді білмесеңіз, қанша жаста болар едіңіз?”.

Джо Байден.

Кейін Байден Францискке былай қалжыңдады: “Сіз 65 жастасыз, ал мен 60-тамын”.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz