Қазақстан айыппұл көлемі бойынша ТМД елдерінде көшбасшы ма?

17 сәуірде өткен мәжіліс отырысында депутат Ерлан Саиров елдегі айыппұл мәселесін көтерді. Айыппұл көлемі бойынша Қазақстан ТМД елдерінің алдын тұр. Теңгеге шаққанда Ресейде айыппұл 3 мыңнан басталса, Беларусьте 5 мың, ал Қазақстанда 17 мыңнан басталады. Расымен де біздің ел айыппұл бойынша ТМД-да көшбасшы ма, Factcheck.kz тексеріп көрді.

Тайм-код: 1:29:02

Мәлімдеме: Штраф көлемі бойынша Қазақстан ТМД елдерінің ең алдында тұр. Теңгеге шаққанда, Ресейде штраф 3 мың теңгеден, Беларусьте 5 мың теңгеден, ал Қазақстанда 17 мың теңгеден басталады. [Жол ережесін бұзу бойынша айыппұл көлемі – ред.]

Ерлан Саиров, мәжіліс депутаты

Үкім: Шындық және жалған

Шындығы неде? Жол ережесін бұзу бойынша Қазақстан расымен де ТМД елдері арасында 7384 теңгемен көш бастап тұр. Екінші орында Өзбекстан (170 000 сом = 5954 тг), үштікте Қырғызстан (1000 сом = 5954 тг) тұр. Ал депутат келтірген Ресейде айыппұл 500 рубль = 2409 тг болса, Беларусьте 20 беларусь рублі = 2705,7 тг.

Жалғаны неде? Депутат Қазақстанда айыппұл көлемі 17 мың теңгеден басталады дейді. Алайда Қазақстанда жол жүру ережесін бұзу бойынша минималды айыппұл 2 АЕК немесе 7384 тг болады. Ол – жаяу жүргiншiлердiң және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларының талаптарын орындамауы үшін салынады.

Ал көлік жүрзігу бойынша ең аз айыппұл 3 АЕК қарастырылған, олар: ақылы көлік тұрағын төлемеу (ӘКБ, 597-бап, 4-1 тармақ), көлік құралдарының жүрісіне қасақана кедергі келтіру (ӘКБ, 614-бап) және жол белгiлерiмен немесе жолдың жүру бөлiгiндегi таңбалармен көрсетiлген талаптарды сақтамау (ӘКБ, 601-бап, 1-тармақ) кіреді.

Ескерту: Теңгеге шаққанда 26 сәуірдегі валюта бағамы алынды.

Контекст

17 сәуірде мәжіліс депутаттары “жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру туралы заң жобасы мен оған ілеспе Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін түзетулерді” бірінші оқылымда мақұлдады. Оның ішінде мопед жүргізушілерін автокөлік жүргізушілерімен теңдестіру мәселесі, қозғалтқыш көлемі 50 текше сантиметрден аз мопедтерді мемлекеттік тіркеу қаралды. Сондай-ақ, электр самокаттардың жұмыс тәртібін анықтау бойынша мәселелер талқыланды.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz