Байден өзінің жасын ұмытты ма?

Жақында ресейлік(1,2) және қазақстандық медиада (1,2) АҚШ президенті Джо Байден туралы тағы бір қызық ақпарат тарады. Медиалардың жазуынша, Байден өзінің жасын ұмытып, нақты нешеде екенін айта алмаған. Factcheck.kz ақпараттың қаншалықты шындыққа жанасатынын тексерді.

Осыған да жеттік: Байден өзінің жасы нешеде екенін ұмытты

Ресейлік және қазақстандық медиада тараған ақпарат

Үкім: Манипуляция

АҚШ президенті Джо Байден медиада айтылғандай өзінің жасын ұмытқан жоқ. Байден Вашингтонда журналистермен баспасөз конференциясында 2024 жылы АҚШ-та өтетін президент сайлауына қатысу туралы шешімді қабылдамас бұрын, өзінің жасын (қазір Байденнің жасы 80-де) мұқият зерттегенін айтты. Байденннің қалжың сөзі бұрмаланған, ал ресейлік және қазақстандық медиада әңгіме мазмұны толық көрсетілмеген.

Толығырақ

Ресейлік пропаганда Джо Байден АҚШ президенті болып сайланғалы әрдайым ол жайлы ақпаратты бұрмалап, эмоция қосып көрсетеді. Мысалы бұған дейін оны “алжыды”, ауамен амандасты, қайтыс болғандарды іздей бастады, тіпті, Рим Папасын “ең танымал афроамерикалық бейсболшы деп жазған. Бұдан бөлек, ол Варшавада Украина туының үстінен жүрді деген жалған ақпарат таратқан. Factcheck.kz бұған дейін де жоғарыда көрсетілген ақпараттардың бұрмаланғанын әрі жалған екенін жазған. Бұл жолы да осы секілді, бірақ әңгіме мазмұны басқа.

26 сәуірде Байден Оңтүстік Корея президентімен бірге Вашингтонда баспасөз мәслихатын өткізді. Журналистер Байденнің жасына байланысты және сауалнама нәтижесіне сүйеніп, сұрақтар қойды:

Тайм код: 2:30

Сіз өзіңіздің жасыңыз туралы сұрақтардың орынсыз екенін айттыңыз. Сіз әрдайым “мені бақылаңыздар” дейсіз. Бірақ ел бақылап отыр. Жақында жүргізілген сауалнамалардың дерегіне сүйенсек, 70% америкалықтар, оның ішінде біраз демократтарды да қосқанда сізге сайлауға қайта түсудің керегі жоқ деп санайды.

Мэри Брюс. ABC журналисі

Ал Джо Байден өзінің жауабында былай деді:

Егер менің жасыма келетін болсақ, жиі еститін сауалнамадан байқағаным менің жағымды рейтиңім 42 ден 46%-ға дейін екен. Қайтадан сайлауға түсетіндер (президенттердің-ред.) осындай жағдайда болған.

Джо Байден.

Ал өзінің жасына байланысты Байден былай қалжыңдаған:

Менің жасыма келетін болсақ, мен неше жаста екенімді де айта алмайтын шығармын. Тіпті, санын да айта алмаймын. Мен оған назар аудармаймын. Бірақ бір айтарым, халық біліп, сайлау жарысын көріп, шешім қабылдайды: жеңемін бе, жоқ па.

Джо Байден.

Бұдан бөлек, АҚШ-тағы CNN арнасы мен New York Post медиасы Байденнің осылай қалжыңдағанын жазды. Сонымен қатар, Байден баспасөз конференциясында өзінің жасын мұқият зерттегенін де айтты.

Контекст

  • Ең алғашқылардың бірі болып “Байден өзінің жасын ұмытты деген мазмұнмен” Ресейде тіркелген ПолитРоссия медиасы мен Пул N3 таратқан. Онлайн журналда және телеграм парақшада көбіне, батысты даттайтын, Ресейдің Украинаға соғысын қолдайтын контенттер жарияланады.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz