Апталық шолу: Еуроодақтың Лукашенко режиміне санкциясы, вакцина жайлы фейк және басқалары

Осы аптада Factcheck.kz Қазақстан медиасында тараған ақпараттарды тексеріп, әлемдегі жаңалықтарды жазды. Әдеттегідей жарияланған материалдарды бірге еске түсірейік.

Фейк | Видео: Магнит вакцина егілген жерге, яғни, чипке жабысады

Әлеуметтік желіде “вакцина салдырған ер адамның қолына магнит жабысқаны туралы” видео тарап жатыр. Видеодағы адамның айтуынша, “магнит вакцина егілген жерге, яғни, чипке жабысады”. Factcheck.kz бұл ақпараттың қаншалықты шындыққа сәйкес келетінін тексеріп көрді.

Үкім: Фейк

COVID-19 вакцинасында магнитті тартатын микрочип пен метал жоқ. Бұл ешқандай дәлелсіз айтылған сандырақ әңгіме. Аустралияның Биоинженерия және нанотехнология институтының молекулалық вирусологы және ғылыми қызметкері доктор Кейт Чаппелдың айтуынша, COVID-19 вакцинаcында инъекцияға арналған микрочип немесе адамды бақылайтын құрылғы жоқ. Ол бұл туралы AAP FactCheck сауалына жіберген жауабында айтты. Толығырақ мына сілтемеде.

Фактчек | Сенатор Күрішбаев астық мәселелері туралы

Мамырдың 13-де өткен Сенат отырысында Ақылбек Күрішбаев премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға жолдаған сауалында «‎егіншілік саласында шешімін таппай жүрген мәселе әлі де көп»‎ деп, бірқатар дерек келтірді. Factcheck.kz сенатор сөзін тексерді.

Мәселен еліміздегі басты дақылымыз жаздық бидайдың орташа түсімі шамамен бір гектардан 12 центнер болса, бізге ұқсас климаттық жағдайдағы Канада 27 центнер өнім алады.

Ақылбек Күрішбаев

Үкім: Жартылай шындық

Статистика бюросының дерегіне сай, 2020 жылы жаздық бидай жиналған алқап 11 497 002,8 гектарды құрап, ол жерден 131 443 027,6 центнер өнім алынған. Тиісінше, әр гектардан 11,43 центнер бидай жиналды. Канада сол уақытта 72 544 75,7 гектардан 251 620 000 центнер жаздық бидай алған: бұл әр гектар 34 центнер өнім. Депутат айтқан деректен де көп. Толығырақ мына сілтемеде.

Макрон ЕО атынан Протасевич пен Сапегиді босатуды талап етті

Еуроодақ Минск әуежайында ұсталған оппозициялық блогер Роман Протасевич пен Софьи Сапегиді босатуды талап етті. Франция президенті Минскідегі Ryanair ұшағымен болған жайтты «кешірілмейтін әрекет» деп атады. Бұған қоса, Макрон Еуроодақтың Беларуське қатысты бірқатар шара қабылдағанын айтты.

Әріптесінің мәлімдемесін Германияның СІМ Хайко Маас та қуаттады:

«Лукашенконың бұл әрекеті жолаушылар лайнерінде болған 170 адамның өміріне қауіп төндірді. Беларусь билігінің Протасевичті тұтқынға алуы — әуе қауіпсіздігіне, баспасөз бостандығы және борттағы Еуроодақ азаматтарының құқығын шектеді».

Хайко Маас

ҚХР көңіл-күйді анықтайтын камераны ұйғырларға сынаған

Қытай билігі адамның көңіл-күйін анықтайтын арнайы камераны Шыңжаңда қамалған ұйғырларға сынаған.

ВВС дерегінше, бұл камера “жалғанды анықтайтын құрылғы” іспеттес. Өзі туралы жарияламауды сұраған технология авторының бірі камера арқылы адамның көңіл-күйін анықтайтын технологияның қалай қолданылғаны жайлы дәлелдер ұсынған. Анонимді автордың сөзінше, арнайы технология камера арқылы қамаудағылардың көңіл-күйін анықтауға болады.

Лондондағы Қытай елшілігі нақты айыптауларға жауап бермей, «Қытай барлық этностарды саяси және әлеуметтік құқықтарымен қамтамасыз етуде» – деп мәлімдеді.

Ал құқық қорғаушылардың болжауынжа, билік бұл камераны қоғамға бақылау орнату үшін пайдаланады. Сонымен қатар, камера дұрыс жұмыс істемеген жағдайда, бақылаушылардың жасанды интеллект берген ақпарат негізінде қате шешім шығаратынын пайымдады.

Басқа жарияланған материалдар

Біздің әлеуметтік желідегі инстаграм, телеграм және фэйсбук парақшамызға жазылуды ұмытпаңыз. Егер Қазақстанның және басқа да медиада жарияланған материалға күмән келтірсеңіз, редакциямызға хабарлассаңыз болады. Шындыққа әркімнің-ақ бар таласы.

Мадияр Бабахан. Тұран университетінің 3-курс студенті.

Factcheck.kz