Фейк | Видео: Магнит вакцина егілген жерге, яғни, чипке жабысады

Әлеуметтік желіде “вакцина салдырған ер адамның қолына магнит жабысқаны туралы” видео тарап жатыр. Видеодағы адамның айтуынша, “магнит вакцина егілген жерге, яғни, чипке жабысады”. Factcheck.kz бұл ақпараттың қаншалықты шындыққа сәйкес келетінін тексеріп көрді.

Желіде тараған видео

Үкім: Фейк

COVID-19 вакцинасында магнитті тартатын микрочип пен метал жоқ. Бұл ешқандай дәлелсіз айтылған сандырақ әңгіме. Аустралияның Биоинженерия және нанотехнология институтының молекулалық вирусологы және ғылыми қызметкері доктор Кейт Чаппелдың айтуынша, COVID-19 вакцинаcында инъекцияға арналған микрочип немесе адамды бақылайтын құрылғы жоқ. Ол бұл туралы AAP FactCheck сауалына жіберген жауабында айтты.

Аустралияның Денсаулық сақтау министрлігі және АҚШ-тың Ауруларды бақылау және қадағалау орталығы да COVID-19 вакцинасында микрочип пен бақылайтын құрылғылар жоқ екенін түсіндірді. Ал Meedan Health Desk сарапшыларының сөзінше, вакцина магнитті тарту үшін көп мөлшерде метал қажет.

Контекст

  • Бұған дейін мұндай фейктердің көбі Билл Гейтспен байланыстырылды. Ақпарат алаңында «Билл Гейтс пен оның сол кездегі әйелі Мелинда Bill & Melinda Gates Foundation (BMGF) қоры арқылы COVID-19-ға қарсы екпенің жасалуын қаржыландырады. Ол екпе қабылдаған адамдардың өліміне, белсіздігіне әкеліп, содан кейін екпе алғандарға чип енгізіп, адамдарды аңду үшін пайдаланады» деген ақпарат тараған. Factcheck.kz қастандық теориясы қалай пайда болғаны туралы толықтай талдап жазды.
  • Желі қолданушылар коронавирус пандемиясы басталғалы осыған ұқсас фейк ақпаратты көбінесе вакцинация қарсы және қастандық теориясына сенетін адамдар жиі бөлісті. Вакцина салған жерге магниттің жабысуы туралы фейктер басқа елдерде де тарады.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz