Шымкентте белсенді Гүлзада Сержан мен Жанар Секербаева ұсталды


Шымкентте “Феминита” ұйымының басшысы Гүлзада Сержан мен Жанар Секербаеваға белгісіз біреулер шабуыл жасап, ұстап әкетті. Белсенділердің біріне қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Бұл туралы құқыққорғаушы Татьяна Чернобиль Vlast.kz сайтының журналисіне хабарлады.

29 мамырда Гүлзада Сержан мен Жанар Секербаева Шымкент қаласының қонақ үйлерінің бірінде ЛБК мен Т-әйелдерінің құқығы туралы талқылау үшін кездесу өткізуді жоспарлаған. Кездесуге бір күн қалғанда белсенділерге белгісіз адамдардан “бопсалау туралы” хабарлама келген. Ал кездесу болатын қонақ үйге бір топ жігіт келіп, олардың мекен-жайын сұрастырған.

Қонақ үй алдын-ала төлем жасалғанына қарамастан кездесу өткізуге тыйым салды. Белсенділер жақын маңдағы мейрамханаға барған кезде 20 адам келген. Олардың арасында Ислам дінін ұстанушылар, полиция және басқа да қызметкерлер болды. Олар Гүлзада мен Жанардың денесін жарақаттап, Абай ауданының аудандық полиция басқармасына алып кетті. Жанар қарсылық танытқанда кезде полицейлердің бірінің погонын жұлып алғанын айтты”, – деді Чернобиль.

Бұған қоса құқыққорғаушыға өзін Қуанышбек Рүстем деп таныстырған “тергеуші” хабарласқан. Тергеуші екенін айтқан азамат полиция қызметкерінің шағымынан кейін қылмыстық кодекстің 387-бабы (Билік өкілін қорлау) бойынша іс қозғалғанын айтқан. Ал істің нақты кімге қозғалғаны белгісіз. Қазіргі уақытта Чернобиль белсенділерге адвокат іздестіріп жатыр.

Әзірше, Шымкент қаласының полиция департаменті бұл жағдайға қатысты ешқандай түсініктеме бермеген. Ал департаменттің баспасөз қызметі Vlast.kz тілшісінің қоңырауларына жауап бермеді.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz