Фактчек | Сенатор Күрішбаев астық мәселелері туралы

Мамырдың 13-де өткен Сенат отырысында Ақылбек Күрішбаев премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға жолдаған сауалында «‎егіншілік саласында шешімін таппай жүрген мәселе әлі де көп»‎ деп, бірқатар дерек келтірді. Factcheck.kz сенатор сөзін тексерді.

Мәселен еліміздегі басты дақылымыз жаздық бидайдың орташа түсімі шамамен бір гектардан 12 центнер болса, бізге ұқсас климаттық жағдайдағы Канада 27 центнер өнім алады.

Ақылбек Күрішбаев

Үкім: Жартылай шындық

Статистика бюросының дерегіне сай, 2020 жылы жаздық бидай жиналған алқап 11 497 002,8 гектарды құрап, ол жерден 131 443 027,6 центнер өнім алынған. Тиісінше, әр гектардан 11,43 центнер бидай жиналды. Канада сол уақытта 72 544 75,7 гектардан 251 620 000 центнер жаздық бидай алған: бұл әр гектар 34 центнер өнім. Депутат айтқан деректен де көп.

Соңғы 15 жылда Қазақсанда астық өнімділігі орта есеппен 15%-ға өссе, біздің басты сауда бәсекелестеріміз Ресей, Канада және Аустралияда 30-40%-ке өскен

Ақылбек Күрішбаев

Үкім: Үкім жоқ

Статистика бюросының дерегінше, 2006 жылы Дәнді (күрішті қосқанда) және бұршақты дақылдар көлемі 16 511,5 мың тоннаны құраған. Бұл көрсеткіш 2020 жылы 20 065,3 мың тоннаға жеткен. Яғни өсім депутат айтқандай 15% емес, 21,5%-ті құраған.

Басқа елдер туралы айтқанда Күрішбаев қандай деректерге сүйенгені бізге беймәлім, бірақ әр елдің астыққа қатысты өнімі мен статистика жүргізу тәсілі өзгеше екенін ескере отырып, мәлімдемесін үкімсіз қалдырдық. Дегенмен Біріккен ұлттар ұйымының бірыңғай FAOSTAT жүйесіндегі 2005-2019 жылдар аралығындағы бидай көрсеткішін сараласақ келесідей болады: Канадада өсім 22%, Аустралияда 3%, Ресейде 40%-ке жеткен.

Бүгінде біз сорттар мен гибриттердің шамамен 70%-ын, тіпті бірқатар дақылдардың 100%-ын шетелден алатындай мүшкіл хәлге жеттік.

Ақылбек Күрішбаев

Үкім: Манипуляция

Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, 2020 жылы республика бойынша шетелдік селекцияның егілген тұқым сорттарының үлесі 46%-ті, отандық – 51,2%-ті және бірлескен – 2,9%-ті құраған.

Былтыр 153 мың тонна тұқым, оның ішінде дәнді дақылдардан 131 мың тонна (бидай –124,4 мың тонна, арпа –3,3 мың тонна, сұлы –0,3 мың тонна), майлы дақылдардан 15 мың тонна (күнбағыс –5,1 мың тонна, мақсары –8,8 мың тонна, рапс –0,5 мың тонна), мал азығынан 0,3 мың тонна, картоптан 5 мың тонна импортталған.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz