ХАМАС тобы Беларусь билігінің мәлімдемесін жоққа шығарды

Палестиналық ХАМАС радикалды қозғалысы Минск әуежайына шұғыл түрде қонған Ryanair ұшағына жарылғыш зат қоймағанын хабарлады. Ал Беларусь билігі жарылғыш зат жайлы хабарламаны “ХАМАС сарбазынан келді” деп мәлімдеген. Бұл туралы DW сайты хабарлады.

ХАМАС баспасөз қызметінің хабарлауынша, олар мұндай әдісті қолданбайды. Бұған дейін Беларусь Көлік және коммуникация министрлігі авиация департаментінің директоры Артем Сикорий Минск аэропортының электронды поштасына “ХАМАС сарбазынан” ағылшынша хабарлама келгенін айтты.

“ХАМАС сарбазы жіберген хатта” Еуроодақтан Израильге жәрдемдесуін тоқтатуын талап етіп, Таяу Шығыстағы қақтығысқа араласпау туралы жазылған. Сонымен қатар, «Афина- Вильнюс» бағытындағы Ryanair ұшағында жарылғыш зат бар екені хабарланған.

Контекст

  • 23 мамырда «Беларусь головного мозга» авторы және NEXTA телеграм арнасының бұрынғы бас редакторы Роман Протасевич Минск әуежайында ұсталды. Беларусь билігін өткір сынап жүрген оппозициялық блогер «Афина- Вильнюс» бағытындағы Ryanair ұшағының бортында болған.
  • Ұшақтың Минск әуежайына шұғыл түрде қонуын Беларусь ресми — «бортта жарылғыш заттың болуына байланысты» деген. Алайда қонған соң, жарылғыш зат табылмады.
  • Бұл жағдайдан кейін Еуроодақ жетекшілері Беларуське санкция салуға келісті. Атап айтқанда, белорус авиациясына Еуроодақтың (одаққа мүше 27 мемлекеттің) әуе кеңістігін пайдалануға тыйым салынады. Еуроодақ кеңесі ресми мәлімдемесінде барлық авиатасымалдаушыларды Беларусь аумағынан ұшпауға шақырған.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz