Еуроодақ Лукашенко режиміне санкция салуға келісті

Еуроодақ жетекшілері Беларуське санкция салуға келісті. Атап айтқанда, Беларусь авиациясына Еуроодақтың (одаққа мүше 27 мемлекеттің) әуе кеңістігін пайдалануға тыйым салынады. Еуроодақ кеңесі ресми мәлімдемесінде барлық авиатасымалдаушыларды Беларусь аумағынан ұшпауға шақырған. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

Еуроодақ кеңесінің мәлімдемесінде Роман Протасевич пен қызы София Сапеганы босату туралы талап жазылған. Мәлімдеме авторлары билік оларға еркін қозғалуына кепілдік берілуі тиіс деп санайды.

Ал Брюссель Азаматтық авиация жөніндегі халықаралық ұйымды (ICAO) оқиғаны дереу зерттеуге шақырды. Еуроодақ жетекшілері жексенбі күні Грекиядан Литваға ұшқан жолаушылар лайнерінің Минскіге мәжбүрлі түрде қондырылуына жауап ретінде Лукашенко режиміне санкция салып отыр.

Контекст

  • 23 мамырда «Беларусь головного мозга» авторы және NEXTA телеграм арнасының бұрынғы бас редакторы Роман Протасевич Минск әуежайында ұсталды. Беларусь билігін өткір сынап жүрген оппозициялық блогер «Афина- Вильнюс» бағытындағы Ryanair ұшағының бортында болған.
  • Ұшақтың Минск әуежайына шұғыл түрде қонуын Беларусь ресми — «бортта жарылғыш заттың болуына байланысты» деген. Алайда қонған соң, жарылғыш зат табылмады.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz