Колонияда «жазасын» өтеп жатқан Навальныйға қарсы тағы үш қылмыстық іс қозғалды

Ресей тергеу комитеті «Ив Роше» ісі бойынша Ресей колониясында «жазасын» өтеп жатқан саясаткер Алексей Навальныйға қарсы тағы үш қылмыстық іс қозғады. Навальныйдың Instagram-да жариялаған жазбасы туралы DW сайты хабарлады.

Навальныйдың жазуынша, тергеушілер оны “еш дәлелсіз” ФБК-ға (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қор. – Ред.) аударған ақшаны ұрлады деп айыптап отыр. Бұған қоса сот шешімі 3 параққа жазылғанын айтып, тек “ұрлаған” деген жазумен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Екіншіден Навальныйға 239-бап бойынша «жұртты азаматтық міндеттерін орындамауға үндеді» деген айыппен қылмыстық іс қозғалған. Cонымен қатар, 3 параққа жазылған сот шешімінде «Путин сарайы» фильмін рұқсатсыз жариялағаны дәлел ретінде келтірілген.

Навальныйдың айтуынша, үшінші іс «ардагерді қорлау» туралы «жасанды істі» басқарған «судья Акимованы қорлаумен» байланысты. Оппозиционердің сөзінше, нақты қалай қорлағаны жазылмаған.

Контекст

  • Ресейлік оппозиционер Алексей Навальный былтыр 20 тамызда Томск қаласынан Мәскеуге бағыт алған ұшақта жағдайы күрт нашарлап, ұшқыштар Омбы қаласына қонуға шешім қабылдады.
  • Ол Омбы ауруханасында екі күн жатты. Кейін Берлиннің “Шарите” емханасына ауыстырылды. Неміс дәрігерлері әскери зертхана қызметкерлерімен бірлесе отырып, ресейлік оппозиционер “Новичок” тобына жататын удың ізі табылғанын мәлімдеді.
  • 17 қаңтарда Шереметьево әуежайында Мәскеудегі УФСИН жедел басқармасы іздестіру бөлімінің қызметкерлері шартты жазаға сотталған Алексей Навальныйды ұстады. Навальный Берлиннен “Победа” әуекомпаниясының ұшағымен қайтқан.
  • Биыл наурызда Еуроодақ оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың қудаланып, түрмеге қамалуына байланысты Ресейдің төрт лауазымды тұлғасына санкция салды.

Мадияр Бабахан. Тұран университетінің 3-курс студенті.

Factcheck.kz