18.01 | Навальный ұсталды, астанадағы қылмыстық іс, демеушілер хоккейден әлем чемпионаты Беларусьте өтуіне қарсы

Үш компания хоккейден Беларусьте өтетін әлем чемпионатына демеуші болудан бас тартты

LIQUI MOLY, Skoda, NIVEA MEN биыл Беларусьте өтетін хоккейден әлем чемпионатына демеуші болудан бас тартты. Бұл туралы Tut.by сайты хабарлады.

Беларусьтегі жағдай, үкіметтің саясаты, демонстранттармен қарым-қатынас, адам құқығының бұзылуы LIQUI MOLY құндылығына қайшы. Сондықтан IIHF комитеті Беларусьте жарыс өткізу туралы шешім қабылдаса, LIQUI MOLY хоккейден әлем чемпионатына демеуші болудан бас тартады”, — компания мәлімдемесінен.

Сонымен бірге, әлем чемпионатының басты ресми демеушісі автомобиль шығаратын Skoda компаниясы да мәлімдеме жасады.

“Біз 28 жыл бойы IIHF әлем чемпионатының серіктесі болғанымызды мақтан тұтамыз. Бірақ біз адам құқықтарын құрметтеп, қолдаймыз. Сондықтан, егер Беларусьте жарыс өтетіні расталса, Skoda 2021 жылы хоккейден әлем чемпионатының демеушілігінен бас тартады”, – делінген ресми мәлімдемеде

Бұған дейін NIVEA MEN компаниясы да Беларусьте әлем чемпионаты өткен жағдайда демеуші болудан бас тартатынын хабарлаған.

Еске сала кетейік, 2021 жылы әлем чемпионаты Минск пен Ригада 21 мамыр мен 6 маусым аралығында өтеді. Алайда, елдегі саяси ахуалға және Денсаулық сақтау министрлігі COVID-19 туралы сенімсіз статистикаға байланысты бірқатар Еуропа елдері жарысты Беларусьте өткізуге қарсы болды.

Ресей әуежайында оппозиционер Алексей Навальный ұсталды

“Новичок” тобының уымен уланған Ресейлік оппозиционер Алексей Навальный Мәскеудің “Шереметьево” әуежайында ұсталды. Бұл туралы interfax.ru сайты хабарлады.

“17 қаңтарда Шереметьево әуежайында Мәскеудегі УФСИН жедел басқармасы іздестіру бөлімінің қызметкерлері шартты жазаға сотталған Алексей Навальныйды ұстады. Ол 2020 жылдың 29 желтоқсанынан бастап сынақ мерзімін бірнеше рет бұзғаны үшін іздеуде болды”.

Баспасөз хабарламасынан

Навальный Берлиннен “Победа” әуекомпаниясының ұшағымен қайтқан. Бұл рейс бойынша “Победа” ұшағы “Шереметьево” емес, “Внуково” әуежайына қону керек болған. Алайда “Внуково” әуежайындағы “техникалық проблемаларға байланысты” “Шереметьево” әуежайына қонды.

Оппозиционер Ресей билігін улануына қатысы бар деп айыптап отыр. Ал Кремль бұл айыпты жоққа шығарды. АҚШ, Германия, Франция, Италия, Австрия, Чехия, Литва, Латвия, Эстония және Канада билігі саясаткер Алексей Навальныйды босатуға шақырды.

Нұр-Сұлтан түрмесінде белсендінің соққыға жығылуына байланысты қылмыстық іс қозғалды

Қаңтар айының басында Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында “белсендіні ұрып-соқты” делінген түрме қызметкерінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Азаттық тілшісіне адвокат Гүлшат Амантаева хабарлады.

“ҚДТ-ға қатысы бар” деп айыпталып, екі айға қамалған астаналық белсенді Асқар Қайырбектің тергеу изоляторында соққыға жығылғаны жайлы ақпарат өткен аптада тараған. 12 қаңтарда белсенді түрме қызметкерінің үстінен шағым түсіріп, кейінірек Нұр-Сұлтан полициясы “қызметтік өкілетін асыра пайдалану” (362-бап) бабы бойынша іс қозғаған.

Бірақ менің ойымша, нақты жағдайда “Қызметтік өкілетін асыра пайдалану” емес, “Азаптау” бабы (146-бап) бойынша іс қозғауы тиіс еді. Себебі, ол жаққа Қайырбек дені сау күйде түскен. Ол отырған мекеме әрбір алған жарақаты үшін жауапты. Жабық мекемеде дене жарақатын алу бұл қалыпты нәрсе емес, – деді адвокат Гүлшат Амантаева.

Оның айтуынша, осыған дейін Асқар Қайырбектің жарақатына байланысты екі сот медициналық сараптама жүргізілген. Оның тек ішінде ғана емес, кеудесінде де ісік (гематома) бар екені анықталған. Түрме басшылығы, арнайы прокурор, қоғамдық ұлттық комиссия өкілдері, Нұр-Сұлтан қалалық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті өкілдері келіп, Қайырбектен жауап алған. Адвокат әзірге құжаттардың ешқайсысы қолына тимегенін айтты.

Белсендінің соққыға жығылуына байланысты қылмыстық іс қозғалғанын Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің жеке қауіпсіздік бөлімінің қызметкері Максим Калашев растады. Бірақ істің мән-жайымен танысу үшін ресми сауал жіберу қажеттігін айтты. “Шағым түскеннен кейін бірден іс қозғалды” деді ол 18 қаңтарда Азаттық тілшісіне.

6 қаңтар күнгі оқиғадан кейін жазған Асқар Қайырбектің хатында мекеме қызметкерінің оңаша шақырып алып “басқа адаммен сөйлесіп тұрсың деген сылтаумен” оны ұрып-соққаны, артынша “түрме қызметкеріне қол көтерді” деп жала жауып, қоқан-лоқы көрсеткені жазылған. Нұр-Сұлтан қалалық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті 12 қаңтарда қызметтік тексеріп жүргізетінін айтқан.

Асқар Қайырбек – Нұр-Сұлтанда адам құқығын қорғау, жер мәселесі, саяси тұтқындарды босатуды талап еткен наразылықтарға белсене қатысқан азамат. Ол азаматтық белсенділігі үшін бірнеше мәрте 5-15 тәулікке қамалған. 2020 жылдың соңында үстінен қылмыстық іс қозғалып, “тыйым салынған ұйымды ұйымдастырды” (оппозициялық саясаткер құрған “Қазақстанның демократиялық таңдауы” қозғалысына Қазақстан соты тыйым салғанмен Еуропарламент бейбіт ұйым деп атаған – ред.) деген айыппен қамалған. Құқық қорғаушылар оның “саясиланған іспен қудаланып” отырғанын айтады.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz